Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қоғамдық көліктер қатары толықты

Қоғамдық көліктер қатары толықты
Ашық дереккөз
Тараз қаласының аумағы кеңейіп, тұрғындар саны артқан сайын қоғамдық көліктің жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналатыны белгілі. Бұл ретте жолаушылардың тұрақты, жайлы әрі қауіпсіз қатынауы үшін жағдай жасау аса маңызды. Осыған орай Тараз қаласында жолаушылар тасымалын жандандыру және жетілдіру мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары әзірленген болатын. Құжатқа сәйкес 3 жыл ішінде облыс орталығының автопаркіне қосымша 200 автобус әкелу жоспарланған.

Облыс әкімінің тікелей бақылауында тұрған аталмыш мақсаттың орындалуына жоспарлы түрде кіріскен қала әкімдігі тасымалдаушы компаниялармен байланысты бекіте түсіп, тараптар жұмысқа бірлесе кіріскен еді. Осының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 153 автобус жеткізіліп, тұрғындарға қызмет көрсетуін бастап кетті.Жекелей тоқталар болсақ, кешенді жоспардың алғашқы жылы, яғни былтыр автопарктер 73 жаңа автобус алып келді.

Оның ішінде «Автобус паркі-2020» ЖШС – 40, «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС – 23, «Smart City Servise» ЖШС 10 дана автобус жеткізді.Ал биыл жүйелі жалғасын тапқан жұмыстар аясында «СапарТранс-2012» ЖШС – 10, «Smart City Servise» ЖШС – 14, «Автобусный парк-2020» ЖШС 31 жолаушылар көлігін сатып алды. Сондай-ақ күні кеше «ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС 15 жаңа автобус жеткізді. Аталған қоғамдық көліктерді пайдалануға беруге арналған салтанатты шараға қала әкімі Бақытжан Орынбеков арнайы қатысып,«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автобус жүргізушілеріне көлік кілттерін тапсырды.

– Қаладағы қоғамдық көліктердің паркін жаңарту және санын арттыру жұмыстары қолға алынып, жоспарлы түрде жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі жаңа автобустардың жеткізілуі – осының айқын көрінісі, – деген шаһар басшысы қаладағы автопарктер тұрғындарға сапалы қызмет көрсету қажеттігін тілге тиек етті.

«ӘулиеатаТрансПасс» ЖШС басшысы Рашид Пірмановтың айтуынша, шаһарға жеткізілген «Isuzu» маркалы су жаңа қоғамдық көліктер көршілес Өзбекстан мемлекетінде өндірілген. Олардың ұзындығы 9 метрді, ал жалпы сыйымдылығы 70 адамды құрайды. Автобустар төмен еденді, мүгедектігі бар адамдардың арбамен мініп-түсуіне арналған пандус және 6 бейнебақылау құрылғысымен жабдықталған.

Жеткізілген автобустардың 10 бірлігі №29 бағыттағы ескірген автобустарды алмастырса, қалған бесеуі №12 маршруттағы кесте санын арттырады. Осылайша №12 бағытта қатынайтын 
12 кестені 16 кестеге арттырып, жүру жиілігін 12 минуттан 8 минутқа дейін қысқарту көзделуде.

Алайда биыл облыс орталығына бүгінгі күнге дейін 80 автобус жеткізіліп, жоспарлы меже артығымен орындалуда. Бұдан бөлек жыл соңына дейін қосымша 50 автобус алып келу көзделуде.Әрине, автобус саны көбейсе, қоғамдық көлік бағыттарының да саны артатыны анық. Былтыр 4 жаңа бағыт ашылса, биылдыққа 3 жаңа маршрут өз жұмысын бастады. Жыл соңына дейін тағы 3 жаңа бағытқа автобустар қатынайды деген жоспар бар.

Осы тұста жоспардың жоғары деңгейде орындалуы үшін қала аумағында жолаушылар тасымалымен айналысатын автопарктерге қала әкімдігі тарапынан жасалып отырған қолдаудың оң септігін тигізіп отырғанын ерекше атап өтуіміз керек. Өйткені жергілікті атқарушы орган бұл серіктестіктерге бөлінетін субсидия көлемін 3 есеге дейін арттырған. Бұл өз кезегінде тасымалдаушылардың ертеңіне алаңдамай қызметін жалғастыруына даңғыл жол ашып отыр. Сондықтан жоспар айқын болса, алға қойған меженің артығымен орындалатыны анық.

Тараз қаласы әкімдігінің
 медиа орталығы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар