Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

"Қара" атауы қашан пайда болды?

"Қара" атауы қашан пайда болды?
Ашық дереккөз
"Қара" сөзінің мағыналық тарихы көптеген ғалымның зерттеуінде айтылып та,жазылып та келе жатқан дүние.Тіпті бұл атаудың шығуы жөнінен біршама пікірталастың да бар екені жасырын емес. Бұған тек отандық тарихшылар ғана емес, әлемдік түрколог ғалымдар да көңіл бөліп, өздерінің ғылыми зерттеулерінің негізі етіп алғаны тағы бар.

Орта ғасырдағы түркілік мемлекеттердің барлығы бірінен соң бірі өзінің атауларын өзгерте отырып, жаңа қадамға бет бұрғаны белгілі. Сонау Батыс Түркі қағанатынан бастап Түргеш, Қарлұқ, Қарахан, Қарақытай секілді атаулармен сол бір мекенде қаншама мемлекет пайда болды. Олардың бәрін зерттеп, зерделеп отырсаңыз, түбі бір түркілік тайпалардың жалғасы екенін сезінесіз. 
Бірақ өзге атаумен аталғанына байланысты көптеген ғалым олардың бір-біріне мүлдем қатысы жоқ басқа тайпалардың құрған одағы секілді қарайды.

Ал терең тарихымыздың түбіне үңілер болсақ, бәрінің де бір тектен шығып, әр тайпаның атауымен немесе өздерінің діни наным-сенімдеріне негіздеп барып аталғанын көресің. Сол секілді «қара» атауымен танылған негізгі мемлекет Қарахан империясы да, оны құрған алғашқы патшасы да өздерінің түп-тегін ерекшелеп алғысы келді ме, әйтеуір, «Қара хандар» деген атпен танылды.Енді осы бір «қара» деген атаудың мән-мағынасы мен оны өздерінің атауы етіп алған тұлғалардың қандай негізге сүйенгеніне көз жүгіртіп көрейік.

Негізінен ежелден тілдік қолданыста жүрген «қара» деген ұғым өзінің ешқандай мәнін өзгертпестен  бізге жетті. Бұл сөздің мағынасына мән берген көптеген шетелдік тарихшылар да өздерінің тұшымды ойларын айтып,  ортаға да салды. Бәріне қызық болып тұрғаны осы сөздің мағынасын ашу еді. Себебі «қара» деген атау ешқандай тайпаның, ұлыстың, ұлттың атауы емес, жай ғана қарапайым дара сөз болатын. Осыған орай түркі халықтары арасында қасиетті саналған «қара» атауының мағынасы жөнінде «Мұның не құдіреті бар? Неге осы «қара» деген сөзді мемлекеттік дәрежеге көтерді? Неге хандар өздерінің титулдарына осы сөзді таңдап алды?» деген жауабы жоқ сұрақтар көп ғалымды толғандырды. Әрине, осылай аталса, яғни мұның да тегін болмағаны ғой. Өйткені сөз қадірін білетін түркі ұлттарына әрбір сөздің мәні маңызды еді. 

Алғаш осы бір сөздің мағынасы туралы ортағасырлық ғұлама ғалым Махмуд Қашқари өзінің «Түркі сөздігі» атты еңбегінде айтып кеткен болатын. Ол сол еңбегінде былай дейді: «ҚАРА – қара. Хақанның хандары «қара» деп аталады. «Бура қара хақан» деген сияқты. Бұл жөнінде бір хикая бар. (Махмуд Қашқари «Түркі сөздігі», «Арда+7» баспасы, Алматы – 2017 ж., 3-том, 274-бет. Аударған: Асқар Құрмашұлы Егеубай). Яғни мұнда бір үлкен мағына жатқаны айқын. Хақандардың барлығы дерлік өздерін «қара» деп атаудан басталғанын байқауға болады. Ақсүйек тектілердің осы сөзге құмар болуына қарағанда, мұның ұлылықты білдіретін титул екенін анықтау қиын емес. Осы мақаланың авторы өзінің «Түркі өркениетінің ұлы тұлғалары» («ҰЛТ» порталы, 28 сәуір, 2022 жыл) атты мақаласында: «Қытайдың «Жоунама» билік баянында: «Тамын (Бумын қаған) өлгеннен соң баласы Қара таққа отырды.

Қараның лауазымы – Ісіг қаған еді. Ол да Теңчүкісті (Жужан ханы) Уо-йенің солтүстігіндегі Мұғрат тауында талқандады» деген дерегіндегі Қара Ыссық Естеми болатын. Жұңғолардың оны баласы деп жазуы көп зерттеушілерді шатастырды. Егер ол баласы болса, онда Естеми қаған қайда қалды? Естеми сонда таққа отырмағаны ма? Ал түркілердің өздері тасқа қашап жазған естелік жырларында: «Жоғарыда көк Тәңірі, төменде қара Жер жаратылғанда, екеуінің арасында адам баласы жаралған. Адам баласы үстіне ата-тегім Бумын қаған, Істемі (Істімі) қаған отырған» деген мақтау жырын қайда қоямыз? Яғни Бумын қаған өмірден өткен соң орнына Естеми отырғаны шындық қой. Және тарихтың шаң басқан біраз беттерінде Қара Ыссық хан Бумын қағанның баласы деген шежірелік деректер тарап кетті.

Сондықтан мұның басын түбектелген түйіннен ашып алып, Қара Ыссық қаған Естемидің нақ өзі екенін, оның екінші есімі Ісігті Ыссыққа аударып жіберіп, қытайдың шалыс кеткен дерегіндегі баласы деген дереккөзге тарих санасының терең түкпірінен үңіліп қарауға кеңес берер едім» деген ой тастай отырып, тұңғыш «қара» деген атақты иеленген Естеми қаған екенін, бірінші «Қара қаған» атанған сол тұлға болғанын дәйектейді.Осыдан бастап түркі қағандарында «қара» титулы қолданысқа кеңінен енгенін байқауға болады. Ең алғаш тарихта «қара» деген титулды қолданған Түркі қағанатының хандары болды. Бұл туралы Сатай Сыздықов өзінің «Қарлық – Қарахан мемлекеті» («Фолиант» баспасы. Астана, 2015 ж., 174- бет) атты еңбегінде: «Қара хан титулын алғаш түркілер хандығында Бумын қағанның үшінші ұлы Тобо хан (572-581) алған еді», дейді. Сонда Естеми қағаннан соң оның баласы Тоба қаған да осы атақты иеленді дейміз.

Яғни «Қара қаған» атағы Естемиден басталып, оның ұрпақтарына тиесілі жеке бір титул болып қалған іспетті. Бірақ бұл орта ғасырдағы түркілік хандардың «Қара» титулын алғашқы пайдалануы десек, онда қазақ шежіресінде кездесетін сонау жыл санауымыздың басында өмір сүрген жеке бір тұлғаның атымен аталған Қарахан атауын қайда қоямыз?! Бұл атау өте ертеден келе жатқан халық арасындағы есім екенін білеміз ғой.  Мысалыға, Қарахан атауы ежелгі жыр саналатын Фирдоусидің «Шахнамасында» Афрасиабтың ұлы ретінде кездессе, түркі халықтарындағы Оғыз қаған жырында оның әкесі дәрежесінде тұр. Ал бұл дастандар б.д.д мыңжылдықтардың еншісінде жырланған жырлар екенін ұғынсақ, онда Естеми қағанға кейінгі ғасырлардағы сол титулды қайта жандандырушы тұлға деп қарауға болады. Жалпы осыларды салыстыра қарап отырып, бұл атақтың өте көнеден келе жатқанын аңғарамыз.

Біздің отандық тарихшы ғалымдарымыз да осы «қара» атауының қандай мағына беретінін және халықтың не үшін оны қолданғанын зерттеп жазды да. 
Солардың бірі ғалым Талас Омарбеков қазақ руларында кездесетін «қара» сөзді тайпалық бірлестіктерді зерттеп жазған «Қара» атанған тайпалар тарихына көзқарас» (Абай атындағы ҚазҰПУ-дың хабаршысы,  «Тарих жəне саяси-əлеуметтік ғылымдар» сериясы, №3 (30), 2011 ж., 3-бет) атты мақаласында: «Əлім тайпасындағы Қаракесек, Қарасақал жəне Төртқара руларының түргештердің қара бөлігіне жататын тайпалармен байланыстылығы күдік туғызбайтын тəрізді.

Осыған байланысты «қара» атауына аз да болса тоқтала кетуге болады. «Қара» атауына байланысты қырғыз зерттеушілері өздерінің «кара бодун» бірлестігіне сипаттама берген сөзінде бұл тайпалық одақтың VІ-ХІІ ғасырлардағы түрік еліндегі халықтың жалпы атауы болғанына назар аудара келе, «Кара» сөзү «қалың», «көп», «улуу» маанисин да туюнткан. Бұл термин руна сымал эстеликтерінде көп кездешет», деген еді. Шындығында, Күлтегіннің бітіктасында Болчуда болған үлкен шайқаста «қағанын сонда өлтірдіміз: елін алдымыз» деп баяндай келе, «Қара түргеш: бүтін (халық): көп ішке енді:» деп жазылған». Мұнда да байқайтынымыз, қара түргештердің санының көп екені айтылып отыр. Дегенмен де бұл жерде «қара» атауы түргештердің санына емес, олардың халықтық атауына қолданылған тəрізді», – деп, өзінің ғылыми ойымен тұжырымдайды. 

Бұл жерде «қара» атауын ешқашан түркілік ұлттардың ешқайсынан бөле-жара қарауға болмайтынын көреміз. Себебі орта ғасырда бүкіл Еуразия даласын билеген түркілік тайпалар мен бір кездегі осы далада мемлекетаралық қатынас тілі де осы түркі тілі болғанын ұмытпауымыз керек. Бұл туралы Махмуд Қашқари өз еңбегінде тамсана айтып кеткен. Яғни бұл дегеніміз – түркі елдерінің мәдениеті де, тілі де, салт-дәстүрі де ортақ болғандығын айқындайтын құбылыс. Қазақ халқының ежелгі әдеби мұрасын зерттеп, жинақтаған «Көне түркі әдебиеті туралы зерттеулер» 
(«Әдебиет әлемі», 2012 жыл, 17-бет. Құрастырушылар: А.Әлібекұлы, Б.Тоекина, Н.Құдайбергенов) атты көптомдық еңбекте: «Тарихтан мәлім, ертедегі түрік, моңғол ру-тайпалары мекендеген жерлерде әр заманда әртүрлі одақ-бірлестіктер, қауым-мемлекеттер болған.

Хорезм патшалығы, Қыпшақ бірлестігі («Дешті Қыпшақ»), Алтын Орда (Ақ Орда, Көк Орда) мемлекеті, түрлі хандықтар өмір сүрген. Кейбір тарихшылар осы одақ-бірлестіктердің, қауым-мемлекеттердің қай-қайсысы болсын бірді-екілі ру-тайпалардан құралған болатын деп түсіндіреді. Үйсін мемлекеті тек үйсін руынан, түрік қағанаттары тек ұйғыр, ойрат руларынан құралған еді деп жориды. Бұл дұрыс емес. Арғы-бергі тарих мәліметтеріне қарағанда, ол одақтар мен мемлекеттердің ешқайсысы бірді-екілі ру-тайпалардан ғана құралмаған. Керісінше, қай-қайсысы болсын әлденеше ру-тайпалардан құралған, көп ру-тайпалы одақ, мемлекет болған. Айта берсек, кейбіреулері бірнеше ұлыстардан құралған. Басқа сөзбен айтқанда, аталған одақтар мен мемлекеттердің құрамында бұрынғы қазақ ру-тайпалары да болды. Бірінде көпшілігі, екіншісінде азшылығы болды. Солардың саясатына, соғыс, шарушылық, мәдени өміріне араласты, өз әлінше қызмет атқарды», – деп өте дұрыс айтқан. 

Әрбір атаулардың ғалым үшін өзіндік зерттелу тарихы ерекше, себебі сол арқылы тайпалардың даму үрдісі мен шығу тегін біршама болса да анықтауға болады. Сол ерте дәуірдегі түркі тайпаларының көбісі осы «қара» атауын өздерінің ұлыстық немесе тайпалық аттарына теліп, таңып алғанын солардың тарихына көз жүгірткен кезімізде байқаймыз. Мысалы, ертедегі Бұлғар, Түргеш, Түрік, Қарахан, Қарақытай, Башқұрт, Қыпшақ қағандықтарындағы руларда осы «қара» терминінің көптеп кездесетінін білеміз. Әбдіқадыр Дәуітбек дейтін ағамыз өзінің «Дулаттар» («Өнер» баспасы, Алматы, 2019 жыл, 162-бет) атты зерттеу кітабында Дулат тайпасының тарихын зерттей отырып, былай дейді: «Бұлғар сөзі атауының өзі – арийлік. Бұл – қара немесе бұлқ (қасқыр) және ар (бас) деген сөзді, яғни қара және қасқырдың басы деген мағынаны береді», – деген. 

Ал Түргеш қағанатын құрған тайпалардың кезінде екіге бөлініп, сары түргеш және қара түргеш деп аталғаны тарихтан белгілі. Осы Түргеш қағанатын зерттеген Әлімғазы Дәулетхан өзінің «Түргеш қағанаты» («ҚАЗақпарат» Алматы, 2005 жыл, 47-бет) атты еңбегінде: «Өздерін «көк пен жерден жаралған, күн мен ай таққа отырғызған... Тәңірінің ерке перзенті» деп білетін ғұндардың ұрпағы – түріктердің «Тәңірдей, Тәңірден болған» көк түріктер атауы әсте кездейсоқтық емес еді. Түрік халықтары үшін көк түс қасиетті, киелі, көк бөрідей тәңірлік мағынаға ие. Түріктің тәңірлік наным-сенімі бойынша, «Көк – әке, жер – қара жер ана, тіршілік көзі, мәңгіліктің, сарқылмас күш-қуаттың баламасы іспетті.

Түрік қағандарының атағына қосыла айтылатын «қара» сөзінің осындай – жердей зіл батпан салмағы бар болатын. Мысалы, алғашқы түрік қағанатының (552-603) 7-қағаны Баға қағанның (Мохэ қаған) «қара шор» лауазымы болса, екінші Шығыс Түрік қағанатының (603-630) 3-қағаны  Қара қаған деп аталды» деп, «қара» деген атауға түркілер тарапынан үлкен мән беріліп, тәңірлік сипат алғанын жазады.Тағы да еңбегінің осы бетінде: «Әлемнің түркологтары мен тарихшылары «түстер» жөнінде, оның этимологиясы мен этникалық тарихына қатысы жөнінде көп жазды, көп таласты. Ақырғы сөз әлі айтылған жоқ», – деп түйіндейді. 

Яғни бұдан байқайтынымыз, «қара» сөзінің сонау есте жоқ ескі замандардан-ақ түркі халықтарының арасында үлкен мәнге ие болғаны еді. Тіптен қағандықтардың өзі осы атаумен құрылып, көптеген түркілік ұлыс өздерін «қара» атағанын мақтан тұтқанын және Тәңірдің бір атауы ретінде бағалағанын анық көруге болады. Түрколог ғалымдардың зерттеулеріндегі Қарақытай деген елдің түбі қытайлық, моңғол тектес десе де, оның  атауында «қара» терминінің жалғанып аталуы жайдан-жай құбылыс емес, бұл да тәңірлік бір биіктік пен қасиеттіліктің ұлы тегі екенін ұғындыратын түркілік тайпалардың бірі деуге әбден болады.Мысалы, ортағасырдағы Қарлұқ мемлекетінің де атауы осы «қараға» байланысты ма деген де ой туады.

Бұл атауды көптеген ғалым Оғыз қаған жырындағы «қарлы тауда қалған тайпа» деген сарынмен салыстыра қарайды. Меніңше, аталған тайпаның да атау негізі қара сөзімен байланысты сияқты. Кейінгі орта ғасырда өмір сүрген Мұхамед Хайдар Дулати өзінің «Тарихи Рашиди» атты еңбегінде («Тұран» баспасы, Алматы, 2003 жыл, 401-бет) Баласағұн қаласы туралы былай дейді: «Беделді кітаптар мен тарихи шығармаларда Баласағұнды Афрасиабтың салған қалаларының бірі деп атайды. Оны өте жоғары мақтаған... Моғолдар Баласағұнды Қаралық деп атаған», – деп нақтылай түседі. Бұл жерде айтпағымыз, Мұғұлдар Баласағұнды Қаралық деп атаса, ол қала Қарлұқтардың басты ордасы болса, яғни қала Қарлұқ тайпасының атауымен аталған болып тұр ғой? Ал енді осы Баласағұнды терең зерттеген Уахит Шалекенов өзінің «Қазақ өркениеті» атты кітабында ( «Қазақ университеті», Алматы, 2009 жыл. 149-бет): «Қашқари еңбегінен Баласағұн қаласының этимологиясын анықтадық.

Қаланың аты екі сөзден құралған. «Бала» деген түрік сөзі баршаға мәлім болса, «сағұн» – хакан, хан, князь. Олай болса, Бала + хакан, бала + князь, бала + хан болып, Баласағұн деген ұғымды құрайды, яғни жас түркеш, әйтпесе Қарлұқ хаканының қаласы деген сөз», – деп өз ойын түйіндейді.Сонда Баласағұн қаласы Қарлұқ қағанының қаласы болса, Қарлұқ атауы, Мұғұлдар айтқандай, Қаралық деп аталса, Қарлұқ сөзі де Қаралық деген сөзбен мәндес деуге болады. Осы сөзді талдайтын болсақ Қарлұқ – Қарлы, Қаралық – Қаралы сөздері шыға келеді. «Қара» сөзі көне түркіде киелілікті, қасиеттілікті білдірсе, онда Қаралы сөзі – қасиеттілер, киелілер мәнін бере алады. Қарлұқ – Қаралық сөзінің қысқарған түрі деп тұжырымдауға негіз бар.Орталық Қазақстандағы Қарқаралы тауының атауы да осы сөздер құрамасымен жасалынған сияқты: Қара – қаралы. Ұлы тау, Қаратау жоталараның атаулары да бір мәнді білдіретін сөздер екені айқын.

Әрине, ойымыз Қарлұқ тайпасын зерттеу емес, тайпа атауындағы «қара» сөзінің бар-жоғын анықтау ғана. Бір кездері Қаратау жотасының да Қарашық, Қаралық аталғаны туралы деректерде кездесіп қалып отырады. Жалпы қара сөзінің ауыспалы мағынасы өте көп. Ұлылықты, киелілікті білдіретін тұстары  бар.  Мысалы, қара қаған, қара қазан, қара шаңырақ, қара домбыра, қара орман, қара күш, қара дауыл, қара қазақ, қара жер  деген сияқты жалғасып кете береді.  Ал жамандықты білдіретін сөздер қатарына қара жамылу, қара түн, қаралау деген сияқты ұғымдар жатады.Этнограф Сейіт Кенжеахметұлы өзінің «Жеті қазына» (Алматы, 1997 жыл, 10-бет) атты еңбегінде қара қазанның символикалық белгісі жайлы былай дейді: «Қазанның басқа ыдыстарға қарағанда қазақ өмірі мен мəдениетінде алатын орны мүлде жоғары. Өйткені ол – күнделікті тіршілік құралы. Қазақ дастарқанына түсетін тағамдардың барлығы да, ең алдымен, осы қазаннан өтеді. Халық жай ғана «қазан» демей, оны «қара қазан» деп қастерлеп айтады. Бұл жерде қара сөзі қасиетті, киелі, берекелі деген ұғымды білдіреді. «Жеті жарғыда» өлім жазасына бұйырылған адам жеті айып төлеп құтылса, оның біріншісі – «қара қазан төлеуі» деп аталады».

Ондай сөз тіркестерінен құралған жер-су, тұлғалар, тайпалар мен мемлекеттер атаулары жеткілікті. Мысалы: Қаратау, Қарашық, Қарқаралы, Қаражон, Қараман, Қарасаз, Қарабақ, Қаратас, Қара Үйсін, Қара Қаңлы, Қара қаған, Қарахан, Қарлұқ, Қарақытай, Қара Түргеш, Қара Ұйғыр, Қара Татар, Төртқара, Қарабек, Қарабай, Қарақорым деп тізе берсек сан жетпейді.Әсіресе орта ғасырларда «қара» сөзінің қасиеті өте күшті болған. Барлық түркі тайпалары осы сөзді өз атауларына қосып атауды үлкен дәреже санаған. Осыларға қарап отырып, «Неге түркі тайпаларының бәрі «қара» деген сөзге құмар болған?» деген ойға қаласың. Басқа түстердің айтылуы мен атауларға жалғануы «қара» сөзіне қарағанда мүлдем аз деуге болады.

Неге сары, қызыл, қоңыр, жасыл, көк емес? Яғни «қара» сөзінің мәні сол түркілік дәуірде Көк Тәңірмен бірдей теңестіріліп отырған. Қасиетті, киелі, тәңірлі, айбынды, айбарлы, асқақ, ұлы, биіктік турасындағы мәнді иеленген. Мұның барлығы да хан-патшалардың титулдарына жалғана отырып, олардың абырой-беделін көтерген. Сонымен қатар «көп», «мол», «қарақұрым» деген сияқты мағына да берген. Бұл мағынаны қытай ғалымдары да қолдаған. Мысалы, қытайдың атақты ғалымы Вэй Ляңтао өзінің «Қарахан әулетінің шығу тегі және оның атауы» («Таным тармақтары» Қ.Салғараұлы. Алматы, «Санат» баспасы, 1998 жыл,  224-бет) атты мақаласында: «Бұл үшін біз, ең алдымен, «қара» деген сөздің мағынасын түсініп алайық. Бұл сөздің түрік-ұйғыр тілдерінде қара, қара түсті деген мәні бар. Ал тағы да бір мағынасы – бұл сөз кейде «үлкен», «ұлы» «ең жоғары» деген мағынада. Ал бұлар қара түсті дегенге мүлдем қарама-қарсы ұғымдар. Сондықтан бір әулеттің атауы болған «қара» деген сөзді «қара түсті» деп алсақ,  дұрыс болмайды», – деп тұжырымдайды. 

Тағы бір қытайдың ұлы ғалымы Гың Шымин де («Таным тармақтары», 206-бет) өзінің «Қарахандар тарихына қысқаша шолу» атты мақаласында: «Қарахандар әулеті деген ат «қара» деген сөзден шыққан. Бұл сөз осы әулеттің «ұлы хан» деген атағынан көрінеді. Мысалы: қара хан, қара қаған, Арслан қара қаған, Табғаш Боғра қара қаған секілділер. Зерттеушілер кейінгі кезде «қара» деген сөзді байырғы түрік тілінде «солтүстік жақ» деген мағынаны білдіретін, кейін «басқыш», «ең жоғары» деген ауыспалы мағынаға ие болған деген пікірді көбірек айтып, соған қорыған тәрізді», – деп, бұл ғалым да «ең жоғары, ұлы» деген мәнді қолдайтынын білдіреді. 

Ал сол дәуірден бері мыңжылдардан аса уақыт өткен соң жаңа сөз қорлары жасала отырып, «қара» деген сөздің керісінше мағынаға ауып кетуіне әкеліп соқты. Қазіргі таңда «қара» сөзі – «жаман», «түнек», «қорқынышты» мәнін беретін ұғымға айналды. Бірақ әлі де біздің жер-су атауларымызда (Қаратау, Ұлытау, қарақұрым, қара шаңырақ) көнелік мағынасын сақтап келе жатқаны ескі мән-мағынасын жоғалтпағанының дәлелі дегіміз келеді. Қалай болғанда да осы «қара» сөзін өз титулдарына қосып алып, сонымен мемлекет дәрежесіне көтерілген Қара хан империясының өркениеті тарих тағылымында қалғаны рас. Егер «қара» сөзі біз ойлағандай жаман сөз болса, олар оны қолданбас еді.

 Қорыта айтқанда, «қара» сөзі қолданылған тіркестердің әлі де сөз қорымызда жақсы жағынан пайдаланылған мағынасын зерттей отырып, оның қасиетін толық ашу жалғасын таба беретін болады. Қаншама сөздердің ескілік мән-мағынасын аша алмай жүргеніміз шындық. Замана ағымының зымырап өтіп жатқан уақыттарына байланысты көптеген сөздің мәні өзгеріп кеткенін де білеміз. Дегенмен біз үшін Қара Қаңлы, Қара Үйсін, Қарақытай, Қара Түргеш, Қарахан мемлекеттерінің атауына айналған «қара» сөзінің жалпы мағынасын осылай талдаудың маңызы болатынына сенімдіміз. Өйткені бұл сөз – түркі ұлттарының ең ұлысын білдірген көк, Тәңір сөзімен пара-пар екеніне дауымыз жоқ. 

Асылжан Дулати,
тарихшы-түркітанушы,
 Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының бөлім басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар