Романда көне дәуірлердегі сақтардың тұрмыс-тіршілігі, келіннің бетін ашу, бәсеке күй, күй тартысы, көктен түскен сый, көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін кітап-ауызша шежіре туралы баяндалады. Оқырмандар көне дәуірден бері халық жадында сақталып, ұлттық құндылықтарымыздың қазынасы болған салт-дәстүрлерімізбен таныса алады.Үш бөлімнен тұратын «Семсердің жүзі» романында баяндалатын оқиғалар үнемі оқырманын жетелеп отырады. Жазушы оқырманын жалықтырып алмауы үшін әр бөлімді жеке-жеке тақырыптарға бөлген. Кітап авторы ауыз әдебиеті үлгілеріндегі ежелгі сақтардың салт-дәстүрі, ырым-тыйымдары, тұрмыс-тіршілігі туралы көп деректер береді. Сонымен бірге ежелгі ата-бабаларымыздың жорыққа мінетін жүйрік аты-түйекиік, қазір жоғалып кеткен қыран құс -шыңырау туралы оқиғалар қызықты баяндалады. Әсіресе шыңырау қыранға арналған «Шыңырау» күйінің шығу тарихы, сақ сарбаздарының әскери анты, сақ сарбаздарының мұз үстінде діттеген жеріне жылдам жетуі үшін ойлап тапқан жылқының алдыңғы аяғының сүйегінен жасалған мұзтабан (коньки), күй айтысы мен бәсеке күй жарысы туралы қызықты деректер келтіріледі.
Біз келін түскенде жасалатын беташар дәстүрін білеміз. Келінге келін болып түскен әулеттің игі жақсыларын, қайын атасы мен енесін, тағы да басқа туыстарды таныстыру және беташатын ақынның өлең-жырмен, қара сөзбен айтылатын ақыл-өсиетін тыңдағанбыз. Ал беташардың түп-төркінін толықтыратын болсақ былай екен. Беташар - дәстүрімізде келіннің «өліп-тірілу» рәсімі деп аталады екен. Келін қалай «өліп-тіріледі?». Сонымен бірге жылқы туралы аңызда баяндалатын қызықты оқиғалар-тіліміз бен салт-дәстүрімізді сақтап қалған ат екеніне көзіміз жетеді. Ұлан ғайыр атырапты мекен ететін кең байтақ жеріміздің арасы 3-4 мың шақырымға жетеді. Ежелгі дәуірде ата-бабаларымыздың бірден бір көлігінің ат болғаны белгілі. Көшпелі қассақтар бір-бірімен атпен қатынасқан. Жеті атаға дейін қыз алмайтын дәстүр болғандықтан ержеткен жігіттер келіншекті алыстағы қазақ тайпаларынан алып келген. Сөйтіп тіліміз бен салт-дәстүріміз сақталып қалған. Міне, осы дәстүрді баяндайтын жылқы туралы аңыз романда қамтылған. Сонымен қатар романға «көзге көрінбейтін, қолға ілінбейтін» кітап-шежіре туралы да аңыз енгізілген.
Эльмира Байназарова