Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жас ұландар сайысқа түсті

Жас ұландар сайысқа түсті
Ашық дереккөз
Жақында Тараз қаласында республикалық "Жас Ұлан" әскери-спорттық ойыны өз мәресіне жетті. Шымырлық шыңдалған шара ҚР Ғылым және жоғары білім министірлігінің республикалық біліктілікті арттыру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен өтті.

Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолдауымен өткен әскери-спорттық ойынның финалы еліміздің «Жастар армиясы» жасақтарының өміріндегі айтулы оқиғаға айналды. Ойын қолбасшылыққа қарасты әскери бөлімдер базасында нағыз әскери өмірге негізделіп ұйымдастырылды. Сондай-ақ Тараз гарнизоны бөлімшелерінің кәсіби әскери қызметшілерінен құралған нұсқаушылар сайыс шарттарын алдын ала тыңғылықты түсіндірді.

Олар төрешілердің әділдігі мен бейтараптығын қамтамасыз етті.Байқау барысында аймаққа еліміздің түкпір-түкпірінен жасұландықтар келіп, өзара мықтыны анықтады. Әскери-патриоттық үйірмелердің оқушылары әскерилендірілген кросты орындау кезінде жаттығуларды, пулеметті құрастыру және бөлшектеу дағдыларын және дене шымырлығын көрсетті.

Сонымен қатар олар алыс шақырымдарды бағындырып, гранаталарды лақтырды.Нысанаға оқ атып, мергендіктерін танытты. Сондай-ақ ұлдар зілтемір көтеріп, ал қыздар түрлі спорттық жаттығулар жасады. Жарыс қорытындысымен Жетісу өңірінің командасы I орынды жеңіп алды.  Топ жетекшісі Қайнар Төлеген бастаған жігіттер ең көп ұпай жинап, алғы шептен көрінді.  – Біз жеңіске жоғары рух пен мотивацияның арқасында қол жеткіздік деп ойлаймын. Әрбір команда мүшесінің мүмкіндігін жақсы білетін сарбазымыз Ұлан Ақжоловтың арқасында топтағы рөлдер анық бөлініп, әрбір кедергілерден мүдірмей, ақырында I орынға ие болдық, – дейді Қ.Төлеген. 


Финалда II орын Қызылорда облысының жасұландықтарына бұйырды. Бұл клубтың бірлігі команда қоржынын күміспен күптеп, қатарластарына үлгі көрсетті. Түркістан облысының алғыр жастары да ерекше дайындығын іспен дәлелдеді. Бұл команда Арыс қаласының мектеп оқушыларынан жасақталған болатын. 

Түркістан облысы құрама командасының мүшесі Рамазан Рахматулла әскери-спорттық ойынның республикалық финалына қатысуды бүкіл облыс, барлық аудандар, ата-аналар, достар, туған-туыстар алдындағы жауапкершілік және мақтаныш деп санайды. Рамазанның айтуынша, өздеріне артылған сенім бойларына жігер сыйлаған. Сол сенімнің арқасында нәтижеге жетіп отыр.

Бұл сында жалпыкомандалық орындардан бөлек, жекелеген номинациялар бойынша да үздіктер анықталды. «Жас ұлан» әскери-спорттық ойынының финалына қатысушылардың барлығына бағалы сыйлықтар, сертификаттар мен марапаттар берілді.Аталмыш министрлікке қарасты республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының директоры Раиса Шердің айтуынша, барлық қатысушы жеңімпаз болуға лайықты. – Барлық қатысушының еңбегі, бірлігі, ұйымшылдығы айрықша атап өтуге тұрарлық. Жасұландықтар – біздің болашағымыз. Нағыз патриоттықтың үлгісі. Біз осындай жастардың ұмтылысын қашанда жоғары бағалаймыз, мақтан тұтамыз, – деді өз сөзінде Р.Шер.


Жарысты қорытындылай келе, Раиса Шер іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған облыс әкімдігі білім басқармасының басшылығына және «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Қуанышбек Үштаевқа алғысын білдірді.

Ал «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуков мектеп оқушыларының әскери тақырыпқа қызығушылығын әскерилер әрдайым қолдап, мақұлдайтынын ерекше атап өтті.

 – Кез келген азаматтың патриоттық қасиеттері жас кезінен қалыптасып, өмір бойы сақталады. Біз өз тарапымыздан «Жастар армиясы» қозғалысына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз, өйткені бүгінгі жасұландықтар – біздің ертеңгі Отан қорғаушыларымыз және олардың көпшілігі әскери істі өз мамандығы ретінде таңдайды деген үміттеміз, – деді О.Кучуков. Сонымен қатар полковник бұл шара алдағы уақытта да жемісті жалғасын тауып, ел жастарына жаңа серпін береріне сенім білдірді.

 Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар