Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ағайынды сарбаздар

Ағайынды сарбаздар
Ашық дереккөз
Отан алдындағы борыш деген қасиетті ұғым бар. Осы сөздің терең мағынасына бойлаған адам көл қорыған қызғыш құстай ел қорғаған батырларымызды, ерен болмыс аталарымызды еске алар еді. Мына байтақ жер де, бақытты ел де – сол алыптардың аманаты. Бүгінгі сарбаздар да сайын даланы қырағылықпен күзетуде. Әскери салада антына адал ағайындылар да аз емес. Солардың бірі – Әбдісамат, Алмат және Дулат Манап.

Үшеуі де Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде қызмет етеді. Әбдісамат атқыштар ротасының бөлімше командирі болса, Алмат пен Дулат аталмыш әскери бөлімнің кинология бөлімшесінде өз міндеттерін мінсіз орындауда. Олай болса, газетіміздің бүгінгі санында осы ағайынды әскери қызметшілер туралы сөз ететін боламыз.

Отбасының тұңғышы Әбдісамат Манап 1997 жылдың қазан айында Талас ауданының Сәду Шәкіров ауылында дүниеге келген. Ол 2004 жылы Жамбыл ауданындағы Шайқорық ауылындағы орта мектептің табалдырығын аттап, оны 2015 жылы тәмамдайды.

Орта мектепті аяқтағаннан кейін сол жылы Тараз инновациялық гуманитарлық университетіне «Тарихшы» мамандығы бойынша  оқуға түсіп, жоғары білім алып шығады. Бірақ ер-азаматтың Отан алдындағы борышы алдыңғы қатарда болуы керек екенін сезініп өскен Әбдісамат 2019 жылы әскерге аттанады.

Ол ҚР Қарулы Күштер қатарына әскерге шақырту алып, Ақтөбе қаласындағы Қорғаныс министрлігіне қарасты 30238 әскери бөлімінде гранатаатқыш ретінде біржылдық әскери міндетін өтеп келеді. – Өкінішке қарай, мамандығым бойынша еңбек етпедім.

Себебі әкемнің көзі тірі кезінде «Балаларым Отан қорғау жолында қызмет етсе екен» деген тілегі бар болатын. Сол арманы көкейімде тұрған болуы керек, әскерден кейін бір жылдан соң Ұлттық ұлан қатарына келдім. Оның үстіне өмірде әскер нағыз ер-азаматтың мектебі  деген ой түйдім.

Сөйтіп, 2021 жылдың наурыз айынан бастап 5513 әскери бөлімінің атқыштар батальоны 2 атқыштар ротасының бақылаушы-маманы бойынша қызметке қабылдандым. Ал  2022 жылдың наурыз айынан бері бөлімше командирімін.Құқықтық тәртіп әскері қатарына келгеніме аз уақыт болса да үйренгенім көп. Әскердегі темірдей тәртіп пен тазалық, қызметтегі қырағылық пен ыждағаттылық ер адам үшін таптырмас қасиеттер деп санаймын. Сондықтан Ұлттық ұланда қызмет етіп жүргенімді мақтан етемін. Оның үстіне өзімнің екі бауырыма да әскерге келуге кеңес беріп, ақылымды айтқан болатынмын. Олар да әскери өмірді таңдап, енді міне, қазіргі уақытта ағайынды Манап жанұясы Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде Отан қорғауға өз үлестерін қосуда, – деді Әбдісамат Алдиярұлы.


Әбдісамат адал жары Назерке Өмірзаққызымен Аят және Айрис атты сәбилерді тәрбиелеп, бауырларымен және анасымен бірге бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп жатыр.
Осы тұста 5513 әскери бөлімі атқыштар батальоны командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, капитан Нұрсұлтан Рахымбай кейіпкеріміз туралы жылы лебізін білдірді.

 –  Қатардағы Әбдісамат Манап – өте сабырлы және тәрбиелі әскери қызметшілердің бірі. Ол әрдайым өзіне берілген істі тыңғылықты орындап, рота сарбаздарын жауынгерлік дайындық сабақтарын меңгеруге, олардың әскери өмірге бейімделіп, төселуіне жағдай жасап, өзінің үлесін қосып келеді. Қызметте жинақылық пен тиянақтылық байқатады және отбасында да сол қасиеттерге ие екенін білемін.  Өте бауырмал, қамқор, кішіге ізеттілік пен құрмет таныта алады, – дейді Н.Рахымбай. 


Ефрейтор Алмат Манапұлы 2001 жылы 21 сәуірде Алматы облысының Іле ауданында туған. Әкесі жұмыс бабы бойынша отбасымен сол қалада болғандықтан Алматқа аталған өңірдің дәм-тұзы бұйырыпты. Ол да Шайқорық ауылындағы орта мектепті 2018 жылы аяқтап, 2019 жылдың қазан айында Өскемен қаласындағы ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты 27493 әскери бөліміне Отан алдындағы борышын атқаруға аттанады. Сол жылдың қараша айында ант қабылдағаннан кейін көздеуші-маман лауазымында әскери борышын атқарады. 2020 жылы әскери қызметін аяқтап, отбасына оралады.

Дейтұрғанмен бір жылдан соң әскери қызметін жалғастырмақ ниетпен Ұлттық ұланның 5513 әскери бөліміне атқыштар батальонының мамандандырылған кинология қызметінің аға маманы (нұсқаушы) лауазымына тағайындалады. Ефрейтор Алмат Манаптың әскерде жүргеніне айтарлықтай көп уақыт өтпесе де өзінің айтар ойы бар.

 – Мен 5513 әскери бөлімінің кинология саласында қызмет етемін. Өздеріңіз білетіндей, бұл өте жауапты әрі қызықты лауазым. Өзім бала күнімнен ит асырауға  жақын болып өскендіктен болар, маған бұл қызмет түрі қатты ұнайды.

Әрине, қызметтік иттердің тілін тауып, оларды әртүрлі жаттығулар мен арнайы шұғыл операцияларға дайындауға, тыйым салынған аймақтарды тексеруге, көлік құралдарын тінту барысында қырағылық танытуға үйретеміз. Оңай қызмет емес, дегенмен өз ісін сүйген адам ешқандай кедергіге қарамайды деп есептеймін, – дейді Манап отбасының ортаншы баласы.
Ал 2003 жылы туған Дулат Манап Алдиярұлы  Жамбыл ауданының Бесжылдық ауылында дүниеге келген.

Дулат кішкентайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, мектеп сахнасында ән айтқанды ұнататын бала болып өскен. Ол да барлық бала секілді туған ауылында орта мектепті аяқтап, 2020 жылы М. Дулати атындағы Тараз өңірлік университетіне «Архитектура» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ оқу орнын белгілі бір себептермен аяқтай алмайды.

Ол алдыңғы қатардағы бауырларына қарап, 2021 жылы сәуір айында Ақтау қаласындағы 25744 әскери бөліміне әскерге аттанады. Сол әскери бөлімде көздеуші-маман қызметін абыроймен атқарып, аман-есен елге оралады. Ағалары Әбдісамат пен Алматтың ізін қуып, Дулат та Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде қызмет атқаруға шешім қабылдайды.

Сөйтіп, 2022 жылдың қараша айынан бері аталмыш әскери бөлімнің атқыштар батальоны мамандандырылған кинология қызметінің аға маманы лауазымын атқарып жүр. Қатардағы Дулат Манап та өзін әскерде тек жақсы қырынан танытып жүрген әскери қызметші екен.Ағайынды сарбаздардың қызметке адалдығын 5513 әскери бөлімінің кинология қызметінің бастығы, майор Жантөре Меңдіоразов жоғары бағалайды.

– Ағайынды Дулат және Алмат Манаптың біздің әскери бөлімде қызмет атқарғандарына көп уақыт бола қойған жоқ. Бірақ екеуі де өздерін жақсы қырынан танытып жүрген әскери қызметшілер. Олар жауынгерлік қызмет пен әскери тәртіпті жақсы меңгерген, әскери бөлім басшылығы мен тікелей бастықтарының бұйрықтарын уақытылы және жедел орындап, ескертулерді дұрыс қабылдай біледі. «Түсі игіден түңілме» деген мақал осы ағайындыларға арнап айтылғандай, қазақтың нағыз мейірбан, кішіпейіл, бауырмал, еңбекқор жігіттері. Әскери қызметте де аналарын үнемі айтып, сыйлап жүреді. Мұның өзі де тәрбие көргендіктерін аңғартып тұрады, – деді кинология қызметі бастығы.


Сонымен, үш ағайынды Әбдісамат, Алмат және Дулат Алдиярұлдары Ұлттық ұланның 5513 әскери бөлімінде өздерінің қызметтерін абыроймен өтеуде. Олардың әкесі Алдияр Манапұлы 1971 жылы өмірге келген екен. Алайда 2007 жылы дүниеден озыпты. 1974 жылы туған аналары Айжан Смейрханқызы 32 жасында бес баланы құшақтап қала берген.

Тағдырдың ісіне шара бар ма? Осы тұста айта ету керек, Алдияр ағамыз да азаматтық борышын Орал қаласында өтеген. «Орнында бар оңалар» дегендей, бүгінде балалары саналы, ақылды болып өсіп, қазіргі уақытта әкелерінің арманын жүзеге асыруда. 

Ұлттық ұлан сапында қызмет атқарып жүрген әскери қызметшілердің анасы Айжан апаймен де тілдесіп, біраз сөйлескен едік. – Балалардың әкесі отыз жеті жасында өмірден кетті. Үлкен баламыз  Әбдісамат ол кезде он жаста ғана болатын.

Қазақтың салты бойынша, тұңғыш бала ата-әжесінің бауырында өседі ғой, біз де сол дәстүрден озбай, үлкендерге берген болатынбыз. Бірақ әкесі қайтқаннан кейін ол кісілер бауырларына қамқор болсын деп өзіме қайтарды. Ата-енемнің тілеген тілектері, дұғалары қабыл болып, балам өзінен кейінгі інілеріне қамқорлық танытып, жөн сілтеп жүр. Отбасымыздың тұңғышы болғандықтан болар, өте жауапты және салмақты.

Әбдісаматтан кейін осы төрт ұлдың ішіндегі жалғыз қызым Сымбат тұрмыста, отбасылы. Алмат болса, өзіме жақын балам. Сыртқы түр-тұлғасы өзіме ұқсас, ол үй шаруасында да әрдайым жанымда жүреді. Жалпы мен балаларымды үй шаруасының барлық түрімен айналысуға үйреттім. Керісінше, жалғыз қызым осы бауырларына еркелеп, ойын баласы болып өскен.

Ал Дулат тік мінезді, өзінің ойын ашып айтатын қайсар бала. Одан кейін ең кенже ұлым Алмаз әкесі өмірден озғанда небәрі бір жарым жаста болатын. Ол қазіргі уақытта Тараз қаласындағы «Парасат» колледжінде «Денешынықтыру мұғалімі» мамандығы бойынша оқып жатыр.

Бес балапаным әкелерінен ерте қалса да жоқшылықты көрсетпей өсірейін деп, жолдасымның, өзімнің туған-туыстарымның арқасында осы күнге жеткіздім. Өзім бірнеше жыл Жамбыл ауданының Шайқорық ауылындағы мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етіп келемін. Өзімнің емес, өзгенің баласын оқыттым. Бірақ «Жолдасым Алдиярдың аманаттап кеткен балаларын қанаттыға қақтырмай өсірсем екен» деген ой күні-түні мазалайды.

Әкесі «Балаларым полиция қызметкері немесе әскери форма киетін Отан қорғаушы болса екен» деген тәтті армандар жетегінде кетті. Дегенмен балалары бүгінгі таңда әкелерінің тілегін орындады деп санаймын. Біреуі емес, үшеуі Ұлттық ұлан қатарында ел аманатын арқалап жүр. Қандай қызметтің болса да өз қиыншылығы бар деп балаларыма үнемі ақылымды айтып отырамын, – деп, абзал ана өз толғанысын жеткізді.Өмірдің сынағына мойымай, бір отбасынан үш сарбаз ұл тәрбиелеп шығарған анаға біз де ризашылық білдірдік. 

Ақтоты Жаңабай

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар