Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Конвергентті журналиске көсемсөз емес, көркем ой қажет

Конвергентті журналиске көсемсөз емес, көркем ой қажет
Ашық дереккөз
Қазақ журналистикасында белгілі бір қалып жоқ. Тек мәтінде түрлендіріп беру тәртібі бар. Ол тілшінің табиғат-анадан берілген туабітті таланты мен көркем жазу стиліне, орамды ойын ортаға сала білу тәжірибесіне тікелей байланысты.

Қазір газет бетін құлаш-құлаш материалмен толтырып, мәселенің мәнісін межесіне жеткізіп, түйінін толық тарқатып отыру – көзіқарақты оқырманды жалықтырады. Әсіресе белгілі бір адамның өмір жолын монотонды мәтінмен монографияға айналдыру – газет тиражының өсімін тұралатып қоятыны рас. Сол үшін қазір құрғақ сөзді – құрыш, батыл сөзді – болат санайтын заман емес. Керісінше аз сөз қашанда – алтын.Соңғы онжылдықтың бедерінде жоғарыда айтылған оқырман талабы жаңа медиа коммуникациядан табылды. Оның ішінде ақпараттық-сараптамалық сайттар мен әлеуметтік желідегі парақшалар бар.

Осы ретте дәстүрлі басылымдар мен жаңа медиа формалардың  конвергенциялануы ақпараттың тез таралуына, мәтіннің ықшамдалуына, оқырманға түрлі инфографикалық форматта ақпарат беруге және мақсатты аудиторияның артуына жол ашты. Осылайша онлайн газеттер мен әлеуметтік желіде ақпарат тарататын интернет-телеарналардың да қатары көбейді. Оған дәлел – Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Бұқаралық ақпарат құралдары туралы соңғы статистикасы. Мәселен, елімізде 2023 жылы 460 БАҚ есепке қойылған болса, оның ішінде 158-і мерзімді баспа басылымы, 4 телеарна, 2 радио өз аудиториясын тапқан.

Ал интернет БАҚ-тың саны – 285 (94 – ақпарат агенттігі, 191 – желілік басылым), яғни салыстырмалы түрде интернет ресурсына оқырман да, сала мамандары да бейіл екендігін көрсетеді.Көптеген дамыған батыс елінде БАҚ-тың классикалық моделінің дағдарысы орнап, баспа нұсқадан онлайн нұсқаға көшу үдерісі кеңінен белең алуда. Бұл туралы танымал журналист, «Астана ақшамы» республикалық қоғамдық-саяси газетінің шеф-редакторы Төлен Тілеубай «Цифрлық жолайрық: Қазақстан газеттерінің бүгіні мен ертеңі» атты зерттеу еңбегінде кеңінен баяндайды. Арнайы оқу құралында дәстүрлі БАҚ-тан конвергентті журналистикаға ойысудағы әлем елдерінің тәжірибесі қамтылған.Мәселен, 2008 жылы АҚШ-тағы бір ғасырлық тарихы бар «Christian Science Monitor» (Крисчен Сайенс Монитор) газеті қағаздағы нұсқасын жауып, апталықтан күн сайын жаңалықтар тарататын интернет журналға айналды.

2010 жылы қараша айында АҚШ-тағы танымалдығы жөнінен үшінші орын алатын «U.S. News & World Report» апталығы толығымен цифрлық форматқа көшетінін хабарлады. Нью-Йоркте шығатын басылым бұған дейін таралымы және жарнамадан түсетін табысы азайған соң, ең әуелі, екі аптада бір, кейінірек айына бір рет шығатын журналға айналды. «U.S. News & World Report» – АҚШ-тағы ең үздік колледждер, жоғары оқу орындары, денсаулық сақтау мекемелерінің рейтингін жасаумен дүниежүзіне танымал болған басылым.Ал біздің жағдайда қандай? Бізде газетке сұраныс артпаса, еш кеміген емес. Біздің өңірлік серіктестікке қарасты үш газеттің де облыстық ақпарат айдынында қалыптасқан тұрақты оқырман аудиториясы бар.Осы ретте газет пен сайт ортақ үндестік тауып, трансформациялану тұрғысында ҚР Мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі ұтымды ұсыныс айтқан еді. 

– Ақпаратты сайттан оқыса, сараптаманы газеттен оқиды. Яғни оқырманның талғамы, заманның талабы қалай болса, солай қарай икемделеді. Газет тек газет күйінде қалатын болса, дамымайды. Егер заман талабына сай интернеттегі порталын жаңартып, оқылым үшін тиісті жаңалықтарды енгізіп отырса, жаңа оқырмандарға ие болады. Демек, екеуі текетіреске түспейді. Интернет те газеттегі ақпаратты жедел жеткізудің бір құралы, амалы. Себебі ондағы контентті жасайтын да журналистер. Бірақ бұл жерде газет сұранысқа ие болу үшін, біріншіден, сенімді дереккөз болуға тиіс. Екіншіден, материалдары сауатты, сапалы болып, сараптамалары сұранысқа ие болуы керек. Сенімді дереккөзге айналған газетке қай уақытта да сұраныс болады. Демек, қазір журналистерге көп жауапкершілік жүктеледі. Сондықтан журналистік зерттеулерді көбірек жүргізуі керек деп ойлаймын. Сонда әлеуметтік желілердің, интернеттің барлық мүмкіншіліктері газетті өміршең етудің жаңа жолына айналады деп есептеймін. Ең бастысы, сенімге селкеу түспеуі қажет. Ақпарат сенімді дереккөзден алынса, ол қашанда құнды. Кез келген БАҚ осы сенімділіктен айырылып қалмауы қажет, –  дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы.


Зерделеп қарасақ, қазіргі оқырманға «Не, қайда, қашан?» форматында ақпарат тарату өтімді. Қысқа әрі нұсқа. Басты талап – жеделдік. Артық сөзсіз, яғни орын алған оқыс оқиға немесе туындаған мәселенің негізгі факторы ғана қажет. Ал жаңалықтың одан әрі шарықтау шегін, болжамды қорытындысын тарқатып жату артық етеді. Оны конвергентті тілші оқырман үлесіне қалдырады. Түрлі адам – түрлі пікір. Ол үшін әрбір желіде қолданушыға арналған «пікір қалдыру» алаңы бар.Әрбір ақпараттық ресурс оқырман сұранысын барынша өтеуге күш салатыны анық.

Біздің «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жоғарыда аталған ақпарат саласындағы әлемдік тәжірибелерге сүйене отырып, заманауи үдерісті игеруге күш салып келеді. Осы ретте жыл басында холдингке қарасты «Цифрлық контент орталығы» құрылды. Мұндағы мақсат – үш басылымның ақпараттық-танымдық бағыттағы сайттары мен әлеуметтік желідегі, яғни «Facebook», «Instagram» парақшалары арқылы оқырмандарға сапалы әрі сенімді ақпарат тарату.

Осы арқылы өңірде сандық жүйедегі негізделген конвергентті журналистиканы дамыту. Сондай-ақ жуырда ғана Аqjolgazet.kz, Аrainfo.kz, Ztgzt.kz сайттары жаңа, заманауи «LAVR» платформасына ауысты.Өзім қазіргі таңда Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 1-курс докторантымын. Ғылыми ізденісім дәл осы конвергентті журналистикамен тікелей байланысты. Сол себепті нағыз теоретик және практик маман ретінде облыста конвергентті, яғни әмбебап жас мамандарды дайындауға күш салғым келеді. 

Нұрсұлтан Рахымбай, 
«Aulieata-media»
 ЖШС-на қарасты 
«Цифрлық контент орталығының» жетекшісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар