Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қазақстанға АЭС керек пе?

Қазақстанға АЭС керек пе?
Ашық дереккөз
Соңғы жылдары қоғамның қызу талқысына түскен тақырыптың бірі – елімізде Атом электр стансасын салу мәселесі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында бұл мәселеге арнайы тоқталып, елімізде АЭС салу мәселесі референдум арқылы шешілетінін мәлімдеді.

Президент аталған Жолдауында: «Атом энергетикасын дамыту аса маңызды экономикалық және саяси мәселеге айналды. Атом электр стансасын салу қажет пе, жоқ па деген сауалға қатысты түрлі пікір бар екенін білесіздер.Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом стансасын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарапшылар шағын ядролық стансалар салу керек деген пікір айтады.

Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық стансаның қауіпсіздігіне күмәнмен қарайды.Семей полигоны халқымызға қаншама қасірет әкелгенін ескерсек, олардың күдігін түсінуге болады. Сондықтан бұл мәселе бойынша қоғамдық тыңдауларды, егжей-тегжейлі, кең ауқымды талқылауларды жалғастыруымыз керек.Біз маңызды стратегиялық мәселелерге қатысты түпкі шешімді референдум арқылы қабылдауымыз қажет. Бұл – 2019 жылы сайлау алдында менің халыққа берген уәдем.Атом электр стансасын салу немесе салмау мәселесі – еліміздің болашағына қатысты аса маңызды мәселе. Сондықтан оны жалпыұлттық референдум арқылы шешкен жөн деп санаймын. Нақты мерзімін кейін анықтаймыз», – деді.

ЖОБАНЫҢ ТАҒДЫРЫН
 ХАЛЫҚ ШЕШЕДІ

Атом электр стансасы – электр энергиясын өндіру көзі. Елдің энергетикалық қауіпсіздігі – мемлекет экономикасының тұрақты дамуының және тұрғындардың сапалы өмірінің кепілі. Қазақстанда атом электр стансасын салу мәселесін энергетиктер бірнеше жылдан бері талқылап келеді. Президент тапсырмасына сәйкес бірнеше өңірде атом энергетикасын дамыту мен атом электр стансасын салу жайында қоғамдық кездесулер ұйымдастырылып жүр. Мақсаты – АЭС туралы жан-жақты ақпарат беру, тұрғындардың пікірін есту, олардың көкейкесті сауалдарына жауап қайтару.Аталған мәселе бойынша жария талқылау Тараз қаласында да өтті.

Облыс орталығында ұйымдастырылған қоғамдық тыңдауды өткізуге облыстық ардагерлер кеңесі бастамашы болды. Жария талқылауға өңір тұрғындары, жергілікті қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің мүшелері, ҚР Энергетика министрлігінің, «Қазақстандық атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Ядролық физика институты» республикалық мемлекеттік кәсіпорны өкілдері қатысты. Сондай-ақ маңызды талқылауға облыстық және қалалық мәслихаттар, үкіметтік емес ұйымдар, шағын және орта, ірі бизнес, БАҚ өкілдері, жергілікті белсенділер, энергетиктер, жоғары оқу орындарының студенттері, оқытушылар мен ғалымдар, саяси партиялар мен этномәдени бірлестіктер филиалдарының басшылары да шақырылды.

Басқосуда сала мамандары облыс тұрғындары алдында «Елімізде атом электр стансасы салына ма? Оның ел экономикасына, қоршаған ортаға тигізер әсері қандай?» деген мәселелер төңірегінде баяндама жасап, қоғамда тақырыпқа қатысты туындаған сұрақтарға жауап берді.Кездесу барысында Энергетика министрлігі, «Қазақстан атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, Ядролық физика институтының мамандары еліміз үшін атом электр стансаларының қажеттілігі, АЭС салудың артықшылықтары, заманауи атом электр стансаларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр стансаларының қоршаған ортаға және адам денсаулығына әсер ету деңгейі туралы ақпараттармен бөлісті.

Сондай-ақ мамандар жаһандық атом энергетикасының жағдайымен және заманауи қауіпсіз ядролық технологиялар арқылы Қазақстанның энергия тапшылығын азайту жоспарлары туралы айта кетті.Энергетика министрлігі мамандарының сөзінше, жыл сайын елімізде электр энергиясына деген қажеттілік 3 пайызға өсіп жатыр. Сол себепті басқа көршілес мемлекеттерге тәуелді болып қалмас үшін өз елімізде АЭС салынуы керек. Энергетика министрлігі атом энергетикасы және өнеркәсіп департаменті директорының орынбасары Гүлмира Мурсалова жыл санап елде электр қуатына деген қажеттілік артып келе жатқанын алға тартты. – 10 жылдан кейін бізге электр қуатын қосымша арттыру керек болады. Қазақстан Үкіметінің көміртегісіз энергетикаға көшу бағыты, сондай-ақ елімізде шикізат пен өндірістік базасының болуы республикада атом энергетикасы саласын дамыту үшін барынша тиімді жағдай жасайды, – деп атап өтті өз сөзінде Г.Мурсалова.


Атом электр стансалары «жасыл» энергия көзі болып саналады. Мамандардың айтуынша, қуаты 1000 МВт атом электр стансасының жұмысы жыл сайын парниктік газдар шығарындыларын 4 миллион тоннаға азайтады. Сонымен қатар атом энергетикасы ғылым мен білімнің дамуына септігін тигізеді және сабақтас салаларда жұмыс орындарын қамтамасыз етеді. «Қазақстандық атом электр стансалары» компаниясының бас инженері Асуан Сиябековтің айтуынша, халық арасында АЭС жайында түрлі пікір қалыптасқан.

– Көпшілік атом электр стансасын экологияға және адам денсаулығына қауіпті деп ойлайды. Атом электр стансасының жылу электр стансасынан айырмашылығы біреу ғана. Жылуда көмір қазандығы болса, атомда ядролық реактор тұрады. Атом электр  стансасы суды көп пайдаланады, зиянды қалдықтары көп деген уәждердің барлығы шындыққа жанаспайды. АЭС-ке қарағанда жылу электр стансасынан бөлінетін зиянды қалдық әлдеқайда көп. Сондықтан атом энергетикасы «жасыл» энергия көздеріне жатады, – деді А.Сиябеков. 


Ал елімізде «АЭС салынған күнде де кадрлармен қамтамасыз ету жайы қалай болады?» деген сауалға Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сахиев жауап берді. Ғалымның айтуынша, атом саласы еліміз үшін таңсық дүние емес. Бүгінгі таңда Қазақстанның атом өнеркәсібінде 20 мыңнан астам адам жұмыс істейді, оның ішінде 15 мыңы негізгі өндірістік персонал. Сондай-ақ ондаған жыл бойы табысты жұмыс істеп келе жатқан Ұлттық ядролық орталық пен Ядролық физика институтында көптеген маман еңбек етеді. Атом электр стансаларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында әлемдік деңгейдегі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың нәтижелері Жапония, Франция және басқа да ядролық ғалымдарымыз ынтымақтасатын елдердің бірқатар инновациялық атом электр стансалары жобаларында ескерілген.

– Қазақстанда АЭС салу жөніндегі талқылаулар мен әртүрлі пікірталастар аясында еліміздің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудағы орасан зор тәжірибесін атап өту маңызды. Мәселен, Ядролық физика институты негізінде 57 жыл бойы, яғни кеңестік дәуірден бері қазақстандық су-сулы реакторы табысты жұмыс істеп келеді. Бұл – Қазақстан Республикасындағы жалғыз стационарлық, көп мақсатты, яғни іргелі, қолданбалы зерттеулер, медициналық және өнеркәсіптік радиоизотопты өнімдерді өндіру бойынша зерттеу реакторы. Ол Қазақстанда АЭС салу үшін қарастырылып жатқан реакторлардың түпнұсқасы, – деп атап өтті С.Сахиев.


Ал қазақстандық танымал экобелсенді Қайша Атаханова жобаның халыққа зияны тимеуі керектігін ашып айтты.– АЭС-тің экономикалық, энергетикалық жағдайларға оң әсерін беретініне дауымыз жоқ. Алайда экологиялық факторларды көзден таса қалдырмасаңыздар.Атом электр стансасы 60 жыл бойы үздіксіз жұмыс істейтін үлкен объект. Оны салардан бұрын болашаққа толықтай зер салып, саяси факторларды да ойлауымыз қажет. Түптің түбіне келгенде бұл біздің балаларымыздың, немерелеріміздің болашағы. Сондықтан бұған Қазақстанның кез келген азаматы атүсті қарамауы тиіс, – деді Қайша Якубқызы.

АЭС салу мәселесі бойынша жұртшылықтың ұстанымын анықтау мақсатында өткізілген кездесу аясында тұрғындар жан-жақты пікір айтып қана қоймай, атом энергетикасы туралы толығырақ түсінік алуға, мамандарға сұрақтар қоюға тырысты. Жиында халық пікірі екіге жарылды. Бір тарап атом электр стансасын салуды құптаса, екінші тарап қарсылық көрсетті. Қай-қайсысының болмасын өз шындығы бар.Қарсылық танытқан облыс тұрғындары Семей полигонындағы ядролық сынақтардан кейінгі радиация әсерін мысалға келтірді. Сонымен қатар Чернобыль мен Фукусимадағы апаттардың қарапайым халыққа тигізген зардаптары да сөз болды.

Дегенмен мамандар қазіргі заманғы реакторлардың қауіпсіздік деңгейі әлдеқайда жоғары екенін айтып сендірді.Ал техника ғылымдарының кандидаты, эколог Рауф Сәбитов Балқаш көлінің таяздану қаупі бар екенін айтып, егер көлдің суы азаятын болса, реакторды салқындату кезінде қиындықтар тууы мүмкін деп дабыл қақты. 

– Стансаның градирняларын, яғни су салқындатқыш құрылғысын Балқаш суымен суытуға арналған есептеулер Ертістің ағымдағы ағынының жылдамдығына негізделген. Бірақ бұл жерде ысырып қоюға болмайтын бір мәселе бар. Ертістің қайнар көздері Қытайда екені белгілі. Ал ол елде ауылшаруашылық өнімін өсіруге баса назар аударылып жатқандықтан жергілікті билік суды егістік жерлерді суаруға пайдалануды жоспарлап отыр.

Су жеткілікті болмаған соң Балқаштың таяз болып қалатыны айтпаса да түсінікті. Сонда атом электр стансасының жағдайы не болмақ?
Біздің білуімізше, бұл тақырыпта Қытай елімен келіссөздер жүргізілмейді. Ендеше Ертіс пен Балқаш суының азаю қаупін жоққа шығара алмаймыз, – деді Рауф Сәбитов.
Осылайша жария талқылауда әртүрлі пікірлер айтылды. Не болса да бұл мәселенің халыққа зияны тимейтін жағы басты орынға қойылуы керек. Жұртшылықтың қатысуымен жария талқылаудың өтуі де сондықтан.

ИДЕЯ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

Жұртшылық нақты бір шешімге келе алмай жатқанымен Қазақстанда АЭС салу тақырыбы бүгін ғана көтеріліп тұрған жоқ. Оның тарихы мен бастауы тереңде жатыр.КСРО-да алғашқы АЭС 1948 жылы салынды. Жалпы бұл әлемдегі алғашқы атом электр стансасы болатын. Аталмыш жоба арқылы КСРО атом саласында көшбасшы атану мақсатында түрлі құпия және жария бағдарламаларды іске асыра бастады.Ал еліміздегі алғашқы АЭС құрылысы 1966 жылы Ақтау қаласының маңында басталды. Ол БН-350 реакторлық жобасы ретінде басталып, 1973 жылы 16 шілдеде қолданысқа берілді. Реактор 1999 жылға дейін қызмет етті. АЭС-тің жабылуына АҚШ-тың жылыту жүйелеріне қаржы бөлуі мен реактордың өз қызметін толық атқарып, сарқылуы әсер етті. Алайда Ақтау АЭС-інде «қаруға арналған плутоний өндіру қабілеті болған, сондықтан да жабылуы мүмкін» деген ақпаратты да айтушылар бар.

Қазақстанда АЭС салу идеясы сонау 90-жылдары туындады. Енді ғана егемендік алған Қазақстан үшін ондай жобаға қаржы салу мүмкін емес еді. Алайда соған қарамастан АЭС салуды алға жылжытқысы келгендер саны азаймады. 1997 жылы жаңа АЭС салу қажеттілігі туралы идеяны сол кезде Білім және ғылым министрі қызметін атқарған  Владимир Школьник айтқан болатын. Ол АЭС-тің қажеттілігін бұрынғы АЭС-тің мерзімі өтуімен түсіндірді. АЭС-ті салу орны Батыс өңірі немесе Балқаш маңында болады деген болжамдар айтылды.1997 жылы мамандар Ресейлік конструкторлар жасаған реакторлармен Балқаш АЭС құрылысының техникалық-экономикалық негіздемесін жасап шықты. Бір жылдан кейін Үкімет атом электр  стансасын салу туралы мәлімдеді.
АЭС-тың бірінші қондырғысы 2005 жылы іске қосылады деп жоспарланған болатын. Ал тұтастай АЭС 2015 жылы қолданысқа берілуі тиіс еді. Дегенмен қазақ халқы АЭС салу идеясына қарсы шықты. Ондаған жыл бойы Семей полигонының зардабын шегіп, радиацияның сұмдығын көрген халық бұл бастаманы қолдамады.

Қолдаусыз қалған бастама ұзақ уақытқа айтылмай, «жабулы қазан» жабулы күйінде қалды.Артынша АЭС салу тақырыбы қайта күн тәртібіне оралды. 2006 жылы мамандар Маңғыстау атом энергокомбинатының орнына АЭС салсақ қайтеді деді. Билік техникалық сметасын жасап, Үкімет оны қарастырып жатты. Тіпті Энергетика және минералды ресурстар министрлігі 2009 жылы АЭС салуды бастап, 2020 жылы аяқтаймыз дегендей болды. Алайда Ақтау халқы бұл бастамаға қарсы шығып, акциялар ұйымдастырды. Сондықтан аталған бастама жергілікті халық тарапынан еш қолдау таппады.
Дәл осындай бастамалар 2011, 2013, 2019 жылдары да көтеріліп, жұртшылық тарапынан қолдауға ие бола алмады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2021 жылы АЭС салу идеясы қайта күн тәртібіне шығарылып, қазір қызу талқылануда. 

НЕГІЗГІ АРТЫҚШЫЛЫҚТАРЫ ҚАНДАЙ?

Жалпы заманауи үлгідегі, қауіпсіз атом электр стансасын салудың қажеттілігі электр энергиясы тапшылығын шешу мақсатында туындап отыр. Бұл тұрғыда ғалымдар мүмкіндіктерді жан-жақты зерттеп, зерделеуде.  «Қазақстандық атом электр стансалары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Тимур Жантикиннің айтуынша, атом электр стансалары ірі қалалар мен өнеркәсіптік аудандардың энергетикалық қажеттіліктерін қанағаттандыра алатын үлкен көлемдегі электр энергиясын өндіруге қабілетті. Сонымен қатар станса салынған жағдайда еліміз энергетикалық тәуелсіздікке қол жеткізе алады.


Сондай-ақ экологиялық таза энергия атом электр стансалары климаттың өзгеруінің негізгі себебі болып саналатын көмірқышқыл газы (СО2) сияқты парниктік газдарды атмосфераға шығармайды. Олар іс жүзінде ауа мен судың ластануына ықпал етпейді, бұл қоршаған ортаға әсерді азайтады. Әрі көмір және газ электр стансалары сияқты дәстүрлі энергия көздерімен салыстырсақ, атом электр стансаларында күкірт және азот оксидтері сияқты зиянды заттардың шығарындылары төмен.Сол сияқты атом электр стансалары уран сияқты ядролық отынды тиімді пайдаланады және жанармайдың бір зарядымен көптеген жыл бойы жұмыс істей алады. Бұл отынды жиі ауыстыру қажеттілігін азайтып, экономикалық үнемдеуге әкеледі.Ал Атом энергетикасы және өнеркәсіп департаментінің директоры Ғұмар Серғазинның сөзіне сенсек, АЭС салынса, электр энергиясы тарифінің құны төмендеуі мүмкін.

– Тәжірибе көрсеткендей, АЭС-тен алынатын электр энергиясының тарифі арзандайды. Әрине, гранттық қаржыландыруды алатын болсақ, оны алғашқы жылдары тариф арқылы өтеуге тура келеді. Бірақ Бірыңғай сатып алушы моделі аясында бұл байқалмайды. Сонымен қатар біз жүктеме артқан уақытта электр қуатының тапшылығын көрмейміз. Қазақстан Ресейден келетін электр энергиясына тәуелді болмайды, – деді Ғ.Серғазин.

ҚАУІПСІЗДІККЕ КЕПІЛ БАР

«Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығы» жанындағы «Атом энергиясы институты» филиалы директорының орынбасары Ерболат Қоянбаевтың айтуынша, Энергетикалық реакторлардың даму тарихы өткен ғасырдың 50-жылдары басталды. Эволюциялық даму тарихына қарай реакторлар 4 буынға бөлінеді. Айталық, Чернобыль мен Фокусимадағы апатқа ұрынғандар 2-буындағы реакторлар. Ал Қазақстанда салуға қарастырып отырғандар 3 және 3+ буынды, заманауи, референтті үлгі. Бұлар – АЭС тарихында болған барлық кемшіліктер мен апаттық жағдайларды ескере отырып жобаланған реакторлардың жаңа түрі. Осы 3 және 3+ буынды реакторлар пассивті және активті қауіпсіздік жүйелеріне ие.

– Бұл реактор болат пен бетоннан жасалған қорғау қабықшасының (контайменттің) ішінде орналасқан. Контаймент 8 балды жер сілкінісіне, су тасқынына, тіпті сағатына 720 шақырым жылдамдықпен ұшып келе жатқан 400 тонналық ұшақпен қақтығысса да шыдайды. Кез келген апаттық жағдай туындағанда барлық апат салдары осы қорғау қабықшасымен шектеледі. Оған қоса, 3+ буындағы реактор пассивті және апаттық салқындату жүйелерімен жабдықталған.

Бұл жүйе апат болған кезде реакторды автономды түрде ұзақ уақыт салқындатып, тіпті ядролық реакцияны толық тоқтатып тастайды, – дейді ол.

Тіпті гепатетикалық ауыр апат кезінде реактордың активті аумағының балқымасын оқшаулау үшін реактор шахтасының түбінде жылуға төзімді материалдармен капталған балқыма тұзағы орналастырылады.

Мұндай тұзақтармен Жапонияның қазір іске қайта қосылып жатқан реакторлары міндетті түрде жабдықталады. Міне, 3+ буынды реакторлар осындай терең эшалондалған қорғанысқа ие.

 

Қалай дегенде де бүгінгі күні әлемнің 31 мемлекетінде 193 АЭС жұмыс істеп тұр. Олар 438 энергоблокты арзан электр қуатын өндіреді. Жалпы дүниежүзінде өндірілетін бүкіл электр қуатының 17 пайызы АЭС-тің үлесінде. Ғалымдар мен сарапшылар келешекте көмірсутегі қорларының таусылатыны жайында жиі айта бастады. Сонда әлемдік экономикада адамзат баласы тұтынатын электр қуаты қалай өндірілмек? Әрине, жел мен күннен алынатын қайталама энергия көздерін дамыту бірте-бірте басымдық алар. Бірақ атом электр  стансасын салу мәселесі күн тәртібінен түспесі анық. Ғалымдардың айтуынша, атом электр стансасын Алматы облысының Балқаш көлі жағасындағы Үлкен ауылында орналастыру жоспарланған. Ол стансаның салыну-салынбауы референдумда белгілі болады.  
 

Ақтоты  Жаңабай
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар