Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тазалық табалдырықтан басталады

Тазалық табалдырықтан басталады
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биылғы сәуір айында басталған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының жыл соңына дейін жалғасатыны белгілі. Бұл бойынша облыста арнайы іс-шаралар жоспары да бекітіліп қойған. Сондықтан да қар жауып, қазан ұрғанша маңайдағы көзге ілінер қоқысты теріп алу, айналаны таза ұстау – баршамызға ортақ іс.

Қазіргі уақытта инфрақұрылым және тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінде, көше-жол желілерінде, тұрғын үй аулалары мен жасыл желектер аймақтарында және ғимарат қасбеттерінде санитарлық тазалау және абаттандыру жұмыстары қызу жүргізіліп жатыр. Алайда елдік деңгейде атқарылып жатқан осы бір игі іске кейбір жергілікті жердегі атқарушы органдар да, ондағы тұрғындар да немқұрайдылықпен қарайтын секілді.Өйткені қоршаған ортаның тазалығына жанашырлықпен, азаматтық көзқараспен емес, көзбояушылықпен қарайтындар ел ішінде кездескен. Бұл туралы облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте айтылды.

Нақты айтқанда, «Таза Қазақстан» акциясының іске асырылу барысы қаралған жиында  облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ғалым Исақов Тараз қаласы мен аудандардың санитарлық тазалық жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізу кезінде анықталған бірқатар кемшілікті жіпке тізген еді.

– Тараз қаласында Опытная, Желтоқсан, Братская, Қазыбек би, Сүлейменов, Әйтиев, Ұлбике ақын, Жүнісалиев көшелері мен «Алатау», «Талас», «Жайлау» ықшамаудандарындағы күл-қоқыс алаңшаларының сыртында, көше бойларында кездейсоқ қоқыстар шашылып жатыр, тал бұталары шығарылмаған.

Сәтпаев көшесіндегі жарық бағанасы құлаған, қалалық №1 перзентхана алдындағы автобус аялдамасы қалпына келтірілмеген. «Ұлы дала» ықшамауданындағы №35/3 үйдің жанында құрылыс қалдықтары бірнеше күннен бері шығарылмаған.

Осындай жағдайлар Талас ауданының Ақкөл, Қызыләуіт ауылдарында, Байзақ ауданының Сарыкемер, Дихан, Жахаш, Түймекент ауылдарында, Жуалы ауданы бойынша Б.Момышұлы, Қосбөлтек ауылдарында, Сарысу ауданының Жаңатас қаласында, Ұйым, Жаңаталап ауылдарында кездесті.

Сонымен қатар Жамбыл ауданының Қаракемер, Ш.Ниязбекұлы, Ащыбұлақ ауылдарында және Т.Рысқұлов ауданы бойынша Өрнек, Мамай, Қайыңды, Тереңөзек ауылдарында да осы жайт қайталанып отыр.

Жалпы Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы өңірде одан әрі сапалы және кең көлемде жүзеге асырылуы үшін жағдай тұрақты бақылауда болады, – деді Ғалым Исабайұлы.

Жиында облыс әкімі олқылық орын алған елді мекендер бойынша тиісті тұлғалардан жауап алды.– Тараз қаласында бірқатар кемшілік бар. Қоқыс алаңшаларын уақытылы тазалау, белгіленбеген аумақты кездейсоқ қоқыстардан арылту, аялдаманы ретке келтіру, жарықшамдарды ауыстыру жұмыстары әлі де өзекті.Егер қоқыс тазалау ісінде үлгерім болмай жатса, қоқыс алаңшаларының жүктемесін, мүмкін, қайта қарастыру керек шығар.Бақытжан Әмірбекұлы, жалпы аталған мәселелерді қалпына келтіру бойынша шаһарда қандай жұмыстар атқарылып жатыр, алдағы жоспар қандай? – деді облыс әкімі.

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің айтуынша, бүгінде кемшілік қалпына келтірілуде. «Таза Қазақстан» акциясын өткізу бойынша бекітілген тиісті іс-шаралар толық өткізілген. Әр аптаға әртүрлі атау беріліп, акция барысында 150 іс-шара ұйымдастырылса, оған 17 мыңнан астам адам қатысыпты. 10 мыңнан аса ағаш көшеті отырғызылып, айналаны абаттандыру, тазалау жұмыстары жүргізілген.

– Тазалық жұмыстарын жүргізу әлі де жалғасын табуда. Акцияның өтілуі барысында әр іс-шара бойынша телеарналарда 91 сюжет, ақпараттық агенттіктерде 97, газет беттерінде 69, әлеуметтік желілерде 29 мың 870 жазба жарияланды. Бұл акция жыл соңына дейін жалғасын табады, ол бойынша арнайы іс-шаралар жоспары бекітіліп отыр. Бұл бағытқа 4,6 миллиард теңге қаржы қаралды.
Шаһарда 350 қоқыс алаңшасы бар. Былтыр біз 1 200 жаңа қоқыс контейнерін сатып алып, қала аумағына орналастырғанбыз.

Бірақ тұрғындар тарапынан қоқысты контейнерлерге емес, оның қасына тастап кету әдеті тыйылмай тұр. Түнгі мезгілде қоқыс контейнерлерінің қасына шөп-шалам, бұталған шыбық пен құрылыс материалдарын үйіп тастайтын жағдайлар көптеп кездесуде. Былтыр біз тұрғындар арасында осы мәселе бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізумен айналыссақ, биыл полиция инспекторларымен бірге кінәлілерге шара қолданып жатырмыз. Жыл басынан бері 400-ден астам азаматқа айыппұл салынды. 


Бұдан бөлек қаладағы ірі сауда орталықтары өздерінен шыққан тұрмыстық қатты қалдықтарды тұрғын үйлерге арналған қоқыс контейнерлеріне әкеліп тастайды. Себебі олардың өзінің жеке қоқыс тастайтын орындары жоқ. Қазір осы мәселе бойынша арнайы топ құрылып, жұмыс жоспары бекітілді. Барлық қала аумағындағы ірі сауда орындарының иелеріне өздеріне тиесілі бір типті қоқыс алаңшаларын салу туралы талап қойып отырмыз. Бұл жұмыс енді басталды, мәселені осылай ретке келтіреміз деп отырмыз. 

Негізі қоқыс алаңшаларына келетін болсақ, жағдай өте нашар. Жан-жағы қоршалмаған. Қоршауы барлары сынып-қираған. Бұл бағытта біз Тараз қаласында орналасқан «Ғимарат-Темірбетон» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне арнайы бір типті жобада қоршау жасап беру туралы ұсыныс жасадық. Қазіргі таңда 20 қоқыс алаңшасын қоршамақшымыз. Егер бұл әрекет өзінің тиімділігін дәлелдесе, келер жылы Тараз қаласындағы барлық қоқыс алаңшаларын қалпына келтіруді көздеп отырмыз.

Сонымен қатар қоқыс алаңшаларының санын да көбейту жоспарда бар. Себебі соңғы жылдары қалада қоқыс алаңшаларын қысқарту бойынша тәжірибе жүргізілген. Мәселен, қазіргі таңда шаһардағы ықшамаудандарда 10-12 тұрғын үйге арналған бір қоқыс алаңшасы бар. Біріншіден, бұл санитарлық нормаларға сәйкес келмейді. Тұрғындар тарапынан осы мәселеге қатысты шағымдар да жиі түсіп жатыр. Одан бөлек мұндай қоқыс алаңшалары сұранысты толық қамтамасыз ете алмай жатыр. Сондықтан келер жылы қала аумағында қосымша 100 қоқыс алаңшасын салу жоспарланды, – деді Бақытжан Орынбеков.


Бұдан кейін облыс әкімі аудан әкімдерімен тілдесті. Кемшілік жіберген тиісті аудан әкімдері бір-бірімен келісіп алғандай, 22-24 маусым аралығында жүргізілген зерделеу жұмысынан кейін жағдай лезде ретке келтірілгенін баяндады. Өз кезегінде Ербол Шырақпайұлы тазалыққа дер кезінде баса мән бермей, комиссия тексеріп кеткеннен кейін жағдай реттелетін болса, мұндай зерделеу жұмысын алдағы уақытта екі аптада бір мәрте жүргізіп тұруды Ғалым Исақовқа тапсырды.

Сонымен қатар Сарысу ауданының Жаңатас қаласы мен Талас ауданындағы Қызыләуіт, Ақкөл ауылдық округі әкімдерінің бір міндеті – коммуналдық меншіктегі нысандарды күтіп-ұстау екенін жауаптылардың есіне салды. Күн тәртібінде қаралған мәселе бойынша қала және аудан әкімдеріне бірқатар тапсырма жүктеді. Сондай-ақ жиында шекара маңындағы ауылдық елді мекендерді дамыту мәселесі қаралып, бұл бойынша облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Салтанат Абдралиева баяндама жасады. 

Нұрым Сырғабаев 
 

 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар