Сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарап, өз жұмыстарын мойымастан атқарып келеді. Жуалы аудандық сотында 2011 жылдан бастап Жазира Оралова мемлекеттік қызметкер, сот отырысының хатшысы болып еңбек етуде. Ол өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарауымен, іскерлік қабілеттілігімен, тиянақтылығымен, жоғары моральдік қасиеттерімен ұжымда абыройлы әрі сыйлы қызметкер. Жұмыстағы еңбегі еленіп, әр жылдары облыстық сот төрағасының, аудан әкімінің Алғыс хатымен, ҚР Сот әкімшісі облыс бойынша департаменті басшысының Құрмет грамотасымен марапатталған.Жазира Қажденбекқызы Қызылорда облысының Қармақшы ауданында дүниеге келген. Осында М.Фрунзе атындағы орта мектепті бітіріп, Қырғыз Республикасының Заң университетінің құқықтану факультетін тамамдаған.
Оның аудандық соттағы негізгі міндеттеріне сот процестеріне қатысатын азаматтардың уақытылы келуін қамтамасыз ету, судьяның барлық тапсырмаларын орындау, сот талқылауында қаралатын істерді дайындау бойынша қажетті жұмысты атқару, яғни сұраныстар, хаттар әзірлеу, сотқа шақырту қағаздарын жазу секілді бағыттар жатады. Сондай-ақ сот отырысының хатшысы сотқа қатысушылар мен куәгерлерді сот мәжілісіне шақырып, істерді қараудың апта сайынғы кестесін дайындайды.Олардың сотта болған уақытын шақыру қағаздарына белгілеп, сот мәжілісінің хаттамасын жүргізеді. Қылмыстық, азаматтық және әкімшілік құқықбұзушылық істер қаралып біткен соң оны рәсімдеп, мұрағатқа өткізеді.
– Судьялардың қызметін қамтамасыз етуде маңызды рөлді сот отырысының хатшысы атқарады.Сот отырысының хатшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманы сақтамағаны үшін, өзінің қызметтік міндеттерін орындамағаны, ішкі еңбек тәртібін, қауіпсіздік техникасы мен өрт сөндіру қауіпсіздігі ережелерін бұзғаны үшін, сондай-ақ өзге де жөнсіз әрекеттер жасағаны үшін Қазақстан заңнамасында белгіленген жауапкершілікте болады.Сот отырысы хатшыларының жұмысы сырт көзге қарапайым әрі оңай көрінуі мүмкін. Бір қарағанда сот отырысының хатшылары тараптардың жауаптарын қағазға түсіріп, хаттама жасап, іс құжаттарын реттеп отыратын жай ғана маман сияқты. Шындығында, сот отырысы хатшысының міндеті мұнымен шектелмейді. Сотта қаралатын кез келген істің өзіндік қиындықтарымен қатар істі өндіріске дайындау сатылары болады.Сот отырысы хатшысының жұмысы күрделі, көпсалалы, сөйте тұра қызықты да. Бұрын құжат айналымы, хаттамаларды толтыру қолмен рәсімделіп, кейіннен жазу машинкасында терілетін болса, бүгінде бұл жұмыста ілгерілеу бар, қазір сот отырысының барысы дыбыс-бейне жазба арқылы жазылып дайындалады, – дейді кейіпкеріміз.
Расында да судьяның уақытты тиімді пайдаланып, өнімді жұмыс жасауы сот отырысы хатшысының біліктілігіне, іскерлігіне тікелей байланысты. Мемлекеттік қызметкер мәртебесін қолдап отыру үшін барлық мемлекеттік қызметкерлер сияқты сот отырысының хатшыларына да қойылатын талаптар әрдайым жоғарылап отырады. Соттың іс жүргізуге қатысты ішкі тәртіптері де ішінара өзгеріп тұрады. Десек те сот отырысының хатшылары өз міндеттеріне асқан жауапкершілікпен қарауы қажет.
Оның бірден көзге көріне қоймайтын бейнеті көп жұмысы хатшыдан тиянақтылықты, өз ісін беріле атқаруды талап етеді.Сот отырысының хатшысы сот отырысы хаттамасының толықтығы мен дұрыстығы үшін дербес жауап береді. Дұрыс емес немесе шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді сот отырысының хаттамасына қасақана енгізген жағдайда, заңда көзделгендей, хатшы жауапты болады.Оның өмірлік ұстанымы – қандай жағдай болса да адамгершіліктен аттамау.
– Адам өмірде мамандық таңдаудан қателеспеуі керек деп есептеймін. Менің құқық, заң саласына келуім бала күнгі арманым еді. Қоғамда әділдік болса деп ойлайтынмын. Өзімді осы салада көргім келді. Сондықтан өз жолымды адаспай тауып, жүрек қалауымен атқаратын мамандық иесі атандым.Қазіргі таңда адамдардың құқықтық сауаты жоғары болса екен деймін.
Себебі қоғамда адамдардың құқықтық сауаты орташа дейгейде. Көп адамдар өз құқықтарын дұрыс білмей жатады. Кейде заңды және өз құқықтарын дұрыс білмегендіктен құқықбұзушылыққа жол береді. Ал құқықбұзушылық жасаса, оның жазасы заң аясында беріледі.Құқықтық сауаттылық әрбір адамға керек. Себебі қазір барлық жерде заң үстемдік етеді. Барлық адам тең құқылы. Ешкімнің ешкімге зәбір көрсетуге, әлімжеттік жасауға құқы жоқ.
Бұл әр адам білуі керек болған құқықтық сауаттылықтың әлқисасы.Интернетте «Әділет» бағдарламасында барлық заңдар мен кодекстер енгізілген, оған қоса бұл заңдар үнемі жаңартылып отырады. Міне, осындай пайдалы әрі құқықтық сауаттылықты арттыратын дүниелерді оқып, көп ізденсе, қоғамда құқықбұзушылықтар мен заңбұзушылықтар азаяр еді.
Құқықтық сауаттылықты арттыруды мектеп қабырғасынан бастаған жөн деп санаймын.
Өйткені мектеп бітірген жас балалар өздерінің заңсыз іс-әрекеттеріне қатысты жаза бар екенін біле бермейді. Сол себепті мектепте жоғары сыныптарда әкімшілік, қылмыстық жазалардың қысқаша түсіндірмесін жүргізген артық болмайды. Реті келсе жас өрендермен кездесіп, тәрбие сағаттарын өткізіп тұрамын. Бұл олардың келешекте қылмыс жасамауына септігін тигізетіні сөзсіз, – дейді Ж.Оралова.
Айгүл Қалымханқызы,
журналист,
Жуалы ауданы