МІНДЕТІН МІНСІЗ АТҚАРУДА
Учаскелік полиция инспекторы – құқықбұзушылықтың алдын алудағы басты кейіпкер. Ол құқықтық тәртіпті, көші-қон мәселесін, аумақты, қоршаған ортаны қорғауды жүзеге асырады, сотты болған тұлғаларды бақылауға алады. Өзінің функционалдық міндеттеріне байланысты учаскелік полиция қызметкері халықпен тікелей байланыста жұмыс істейді. Бұл «Жұртқа жақын полицей» қағидатының мақсатын жүзеге асыруда маңызды рөл атқарады.Полиция капитаны Нұрсұлтан Әжібеков – Тараз қаласындағы «Жайлау» ықшамауданының учаскелік полиция инспекторы. Ол учаскелік полиция қызметкері бірнеше міндеттерді қатар орындайтын әмбебап маман екенін айтады. Полиция қызметкері азаматтардың өмірін, денсаулығын, құқықтары мен бостандықтарын қорғайды. Белгілі бір адамдарға профилактикалық есеп жүргізеді. Сонымен қатар жалға алынған тұрғын жайды бақылап, пәтерлерді аралайды, өз құзыреті шегінде жұртшылыққа құқықтық және басқа да көмек көрсетеді.
Кейіпкеріміздің жұмыс күні таңертең саптық жиында өзге полицейлермен бірге қатарға тұрудан басталады. Сол кезде қалалық полиция басқармасының басшылығы тәртіп сақшыларына қажетті ақпараттар беріп, жасалған қылмыстардың қысқаша мазмұнын түсіндіреді. Сол күні орындалатын негізгі міндеттерге қатысты тапсырмалар береді. Содан кейін барлық учаскелік полиция инспекторлары өздерінің бекітілген учаскелеріне өз міндетін атқаруға кетеді.
– «Жайлау» ықшамауданында учаскелік инспектор болып жұмыс істеймін. Тұрғындар маған күнделікті әртүрлі мәселелермен жүгінеді. Олар аулада қатты айқайлап, шу шығаратын немесе ауланы ластайтын жасөспірімдер немесе аулада отырған бейтаныс күдікті адам көрсе, бізге хабарласады. Біз елдің мазасын алған немесе басқа да құқық бұзған адамдарды тәртіпке шақырамыз, әйтеуір, күніміз бос өтпейді. Осының өзі құқықбұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жүргізу үшін жеткілікті. Біз үшін ең маңыздысы – халықпен байланыс орнату, әкімшілік учаске тұрғындарының жеке пікірін тыңдау, көзқарасымен санасу, – деді Нұрсұлтан Әжібеков.
Әртүрлі қиыншылықтарға қарамастан, ол өз жұмысын жақсы көреді және міндетін асқан ықыласпен атқарады. Нұрсұлтан осы учаскелік пунктке 2023 жылдың қыркүйегінде ауысып келіпті. Бұған дейін ол ҚР Ішкі істер министрлігінің дипломатиялық өкілдіктерді күзету жөніндегі полиция полкінде қызмет атқарған. Қазақстандағы Ауғанстан, Ресей, Түркия, Украина, Израиль, Әзірбайжан елшіліктерінің қауіпсіздігіне жауапты болған.
– Өз міндетін атқару барысында барлық учаскелік полиция инспекторлары қандай да бір мәселеге қатысты шұғыл әрекет етіп, халықпен күндіз-түні тығыз байланыста жұмыс істейді. Біздің әрқайсысымыз пәтер иелері кооперативі төрағаларымен және аумақтағы тұрғындармен «WhatsApp» чаттар мен мессенджерлер арқылы хабар алмасамыз. Барлық сұрақтар бірден бізге келеді. Біздің жұмысымыз арқылы тұрғындар облыстық полиция департаментінің қызметін бағалайтынын түсінеміз. Сондықтан халықтың мәселесін жедел шешуге тырысамыз, бұл – үлкен жауапкершілік, – дейді Н.Әжібеков.
Нұрсұлтан Әжібеков өзіне тиесілі аумақтың барлық тұрғындарын учаскелік полиция инспекторларымен белсенді түрде бірлесіп жұмыс істеуге шақырады. Себебі полиция қызметкерлері тек тұрғындар көмегімен бекітілген аумақтың тәртібін ретке келтіре алады.
ҚЫЛМЫСТЫҚ ІЗДЕСТІРУ ҚЫЗМЕТІНІҢ ҚЫР-СЫРЫ
Ішкі істер органдарының аса маңызды құрылымдарының бірі – криминалдық полиция қызметі. Қылмыстың ашылуына, қылмыскерлерді құрықтауда жедел әрекет ететін осы криминалдық полиция бөліністерінің қызметкерлері. Қылмыстық іздестіру жұмысы сонау 1918 жылдан бері бастау алып, осы күнге дейін ішкі істер органының ең бір жауапты саласы болып саналады.
– Жедел уәкілдер азаматтардың тыныштығын күзете отырып, күн сайын қылмысқа қарсы күрес жүргізеді, қылмыскерлерді құрықтауда өз өмірін тәуекелге тігеді. Ауыр еңбек арқылы қақаған аяз бен аптап ыстықта, ауа райының жауын-шашын немесе боранды күнінде де полиция қызметкерінің із кесіп, қылмыскерді табуды тоқтатпауына тура келеді. Осындай міндеттерді орындау кезінде суық қарумен қаруланған қылмыскерлермен бетпе-бет келу, жедел іс-шаралар барысында түрлі дене жарақаттарын алуы жедел полиция қызметкерлері үшін қалыпты жағдай. Қауіп-қатермен бетпе бет келу – күнделікті құбылыс. Ал із кесуші мамандығы – қылмыстық іздестіру ісі үшін өмір салты ретінде қабылданатын полицияның жетекші рөлі деп айтуға болады.
Жалпы із кесушілер жұмысының өз ерекшелігі бар. Олар әдетте кезекшіліктегі бір тәулікте жедел-тергеу тобының құрамында оқиғаны мұқият зерделейді. Үй шатырлары, жертөлелер мен қоқыстарды тексеріп, қандай да бір ілік табу үшін ондаған куәгерден жауап алып, түрлі хаттамалар мен анықтамалар толтырады. Бұған қоса олар жәбірленушімен, куәгермен және қылмыскермен сұхбаттасу барысында психолог болуы да шарт. Қалай десек те қылмыстық іздестіру қызметі өте жауапты іс әрі қылмыс әлемімен ұдайы бетпе-бет келетін қауіпті мамандық, – деп атап өтті полиция департаменті бастығының жедел жұмыс жөніндегі орынбасары, полиция полковнигі Нұржан Рахметуллаев.32 жыл бұрынғы полиция қызметі мен қазіргі жағдайды салыстырсақ, бүгінде жедел іздестіру қызметі саласы жоғары деңгейдегі заманауи технологиялармен жабдықталған. Қазіргі ғылыми-техникалық прогресс дәуірінде қылмыстардың да жаңа түрлері орын алуда. Әйтсе де алдыңғы қатардағы технологиялар мен ақпараттық-талдау жүйесінің бірде-бірі жедел уәкілдің интелектісіз толығымен іске қосылмайды. Бұл ретте тәжірибесі мол сала мамандарының берер тәлімі маңызды рөлге ие.
– Елімізді ұйымдасқан қылмыс жайлаған 1990 жылдары облыс аумағында бопсалаушы және қарақшылармен аянбай күрескен Мейірхан Жаманбаев пен Николай Барановтың еңбектерін айтуға болады. 2006 жылы маусым айында «Тұран Әлем Банкі» қаржы ұйымының үш инкассаторын өлтірумен ұштасқан қарақшылық шабуылды ашу жұмысын жүргізген Н.Баранов еді. Осы аса ауыр қылмысты ұйымдастырып, жүзеге асырған қылмыстық топты құрықтау жолы мен тәсілдері кейінгі жастарға сабақ, үлгі болып келеді.Ал өз қызметтік жолын учаскелік инспектордан бастап, Тараз қалалық ішкі істер басқармасының бастығы секілді жоғары лауазымдарға қол жеткізген Жаңабек Қалдарбековтың сол жылдардағы қылмыспен күрестегі жүріп өткен еңбек жолы біз үшін бір төбе. Оның басқарған ұжымы жасалған қылмыстың бүркемеленбей жедел ашылуына, әрі ізін суытпай кінәліні табуға қол жеткізбей қоймайтын. Қылмыскерлермен күрес жолында қызмет бабында қаза болған әріптестерімізге арнап үнемі еске алу рәсімін өткізіп, есімдерін құрмет тұтамыз. Олардың ерлік жолы ұрпақтан-ұрпаққа өнеге болып қала бермек. Бұл салада жүзеге асуы тиіс жұмыс өте көп, біз жұдырықтай жұмыла отырып, бірлесе қызмет атқара береміз деген сенімдемін, – дейді Н. Рахметуллаев.
«ЖІГЕР» ЖОБАСЫ
ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Облыстық полиция департаментінің бастығы Арманбек Баймурзиннің тапсырмасы бойынша Таразда «Жігер» жобасы таныстырылғаны баршаға мәлім. Аталған іс-шараның модераторы полиция департаменті бастығының орынбасары Алмаз Саламатов болған еді. Сол кезде А.Саламатов «Жігер» жобасын «Intellect7G эксперттер және кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен облыстық полиция департаменті бірлесіп әзірлегенін сөз еткен еді.Аталған жоба отбасылық-тұрмыстық жанжалдардың шығуын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың орын алуын тежейтін және тұрмыстық негізде жасалатын қылмыстардың алдын алуға бағытталған. Бұл жоба отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапқа тартылған адамдармен байланысты жүргізілетін жұмыс екенін де білдіреді.
Жобаның негізгі бағыттары туралы «Intellect7G эксперттер және кеңесшілер қоғамы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілі Маржан Елікұлова, облыстық полиция департаментінің жергілікті полиция қызметі басқармасының әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының аға инспекторы Диляфруз Кенжеханова айтып берді.
Сондай-ақ облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Зәуре Тұрғынованың да қоғамда орын алатын тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы айтар ойы айқын.Сол бір іс-шарада қатысушылар жоба тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жолын жедел кесуге және жәбірленушілер үшін қауіпсіз жағдайлар жасауға, оларға қажетті медициналық, психологиялық, құқықтық және әлеуметтік көмектің өзге де түрлерін көрсетуге ықпал ететініне сенім білдірген болатын. Осы сенім үдесінен шығу үшін қазіргі уәкілетті органдар өзара іс-қимыл мәселелері бойынша жұмыс атқарып жатқанын айта кетуіміз керек.Баршаға белгілі, биылғы сәуір айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексіне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына қол қойды. Осы өзгертулер мен түзетулер әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғауды күшейтуге, олардың қауіпсіздігін бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікті қатаңдатуға, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға ықпал етеді. Осы түзетулердің негізінде полиция департаментімен тығыз ынтымақтастықта «Жігер» жобасы әзірленді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсету үшін барлық құқықтық мүмкіндіктер пайдаланылатын болады. Қоғам өкілдері бүгінде жобаны жүзеге асыруда қолдау көрсеткен облыстық полиция департаменті басшылығына алғыс білдіруде.
ЖОЛ ЕРЕЖЕЛЕРІ ОҚЫТЫЛМАҚ
Жол қозғалысы ережесін мектеп оқушылары да жетік білсе, еш артық етпейді. Сондықтан да жамбылдық оқушылар келесі оқу жылынан бастап жол қозғалысы ережелері сабағын оқитын болды. Облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікеновтің айтуынша, осыған қатысты жақында облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның отырысы өтіпті.Кеңеске қатысушылардың жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне, «Бестерек» жобасының қорытындыларына, жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметіне қатысты сұрақтарды қарастыруының мәні осында жатса керек. Қ.Мәжікенов кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтың, қараусыз және панасыз қалудың алдын алу, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласындағы мүдделі органдардың қызметін үйлестіру маңызды екенін айтады.Облыс әкімдігі білім басқармасының басшысы Рауан Садырқұловтың сөзіне сүйенсек, облыс әкімдігі жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия келесі оқу жылы басталғанға дейін барлық педагог-психологтар үшін арнайы курстар ұйымдастыруды ұсыныпты.
Сондай-ақ білім беру мекемелеріндегі медицина қызметкерлерінің қызметіне мониторинг жүргізілмек. Оқу бағдарламасына 1-4-сынып оқушыларына арналған «Тіршілік қауіпсіздігі негіздері», 5-8-сынып оқушыларына арналған «Жол қозғалысы ережелері» бағдарламасы енгізіледі екен. Бүгінде балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда полиция департаменті мамандарымен бірге лагерьлердің күзет қызметінің жұмысын жандандыру туралы шешім қабылданыпты.Мүдделі тараптар бірлесіп 9-сыныптан кейін колледждерге түскен және NEET санатына жататын түлектердің тізімін жасауды қолға алған. Оларды әлеуметтендіру және жұмысқа орналастыру жөнінде шаралар қабылданбақ. Сондай-ақ балалардың жолда жарақаттануының алдын алу шаралары да зерделенетін көрінеді. Барлық мүдделі тараптардың қатысуымен жергілікті жедел алдын алу іс-шараларын жүргізу күн тәртібіне қойылған.
АВТОБУСТАР ТЕКСЕРІЛУДЕ
Полиция қызметкерлерінің қатысуымен «Автобус» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізудің маңызы зор. Рейдтік іс-шараның мақсаты – жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықбұзушылықтардың алдын алу және жолаушылар мен жүктерді тасымалдаумен айналысатын жүргізушілерді тәртіпке шақыру.Таңертеңнен бастап тәртіп сақшылары автобустардың жолға шығар алдындағы дайындығын тексеріп, жүргізушілердің ұйқысы қанық па, олар спиртті ішімдік ішпеген бе, дансаулығы сол күні жұмыс істеуге жарамды ма деген секілді сұрақтар төңірегінде медициналық тексеру іс-шараларын жүргізуде. Құқық белгілейтін құжаттардың болуы, көліктердің техникалық жағдайы адам қауіпсіздігінің барлық аспектілерін қамтиды. Желілік тексерулер кезінде бірінші күні полицейлер жол қозғалысын қадағалау барысында қоғамдық көлік жүргізушілері жасаған 131 жол ережесінің бұзушылыған анықтапты.
– Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзғаны үшін 3, заңсыз қайта жабдықтағаны үшін 10, техникалық байқаудан өтпегені үшін 19, маневр жасау ережелерін бұзған 24, ҚР Міндетті сақтандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін 13, қозғалыс жылдамдығын асырғаны үшін тағы 13 жүргізуші жауапкершілікке тартылды, – деді облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрмет Мәжікенов.
Сонымен қатар «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» тасжолының 350-шақырымында полиция қызметкерлері Алматыдан Түркістан облысына жалған тіркеу белгісімен бағыт алған «Yutong» маркалы автобусты басқарған 49 жастағы жүргізушінің заңсыз қылығын әшкереледі. Жолаушылар автобусы айыптұраққа қойылып, 36 жолаушы басқа қоғамдық көлікпен барар жеріне жеткізіліпті. Сот шешімімен құқық бұзушы 2 тәулікке қамауға алынып, 1 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірінші күні айыптұраққа барлығы 12 қоғамдық көлік қойылған екен.
Расында да әрбір тәртіп сақшысының жұмысы қауіп-қатерден бөлек, қарбаласқа да толы. Тұрғындардың амандығы мен қауіпсіздігі үшін күрескен бейбіт күннің батырларының міндеті ауыр, жүктемесі көп. Қырағы полиция қызметкерлеріне халық алғысына бөлене беріңіздер дегіміз келеді.
Эльмира Байназарова
Бақпасаң, бала кетеді...
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстанның екі үлкен қаласында бет-әлпетті тану жүйесі іске қосылды.
- авторAR-AY
- 20 қараша, 2024