«Соңғы жылдары елімізде құмар ойынға тәуелділік белең алып барады. Кейбір отбасылар үшін бұл үлкен қасіретке айналды. Лудоманияға қарсы күресте тәрбие ісі мен түсіндіру жұмыстарына ерекше мән берілуге тиіс», – деді Президент.
Сала мамандарының айтуынша, бұл қатерлі құбылыстың кең етек жаюына жол бермеудің бір жолы – барынша алдын алу, құмар ойынға тәуелді азаматтардың қалыпты ортаға оралуына жағдай жасау.
Осы орайда жуырда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйытқы болуымен Аэроғарыш комитетінде мемлекеттік қызметкерлерге құмар ойындарының зияны туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында «Патологиялық гемблинг (лудомания)» тақырыбында семинар өтті.
Министрліктің қызметкерлері, ведомствоға бағынысты ұйымдардың өкілдері қатысқан семинарда Орталық Азия өңірінің Когнитивті мінез-құлық қауымдастығының президенті, психолог Жаннат Нұркина сөз сөйлеп, лудомания дертінің туындауының себеп-салдары, оның алдын алу жолдары туралы айтып берді.
– Лудомания – бұл адам өмірін бұзатын ауыр, психикалық ауру. Адамдар құмар ойынға шырмалғаннан кейін көп нәрсені, жұмысты, отбасындағы, қоғамдағы орнын жоғалтып, өзгере бастайды, ашушаң болады. Егер аталған «белгілер» байқалса, уақыт жоғалтпай, дер кезінде сарапшы мамандардың көмегіне жүгіну қажет, – дейді Жаннат Кенжебайқызы.
Оның пікірінше, кейде жақынының лудоманияға душар болғанын біле тұра, оның жан қиналысына бейжай қарайтын жандар да кездеседі. – Мысалы, бір жолы маған бір жеткіншектің анасы хабарласып, баласының құмар ойынға тәуелді болып, қоғаммен байланысын жоғалта бастағанын, мінезі тұйықталып кеткенін айтты. Мен оған дереу маманның қабылдауына жазылуға кеңес бердім. Бірақ ол менің кеңесіме бейжай қарап, бұл уақытша мінез-құлық болуы мүмкін деген ойын айтты. Біраз уақыт өткеннен кейін ол жеткіншектің суицидке барғанын естідім. Осындай ауыр жағдайлар орын алмас үшін дер кезінде дабыл қаққан жөн, – деді психолог.
Өкінішке қарай, қазіргі таңда адамды құмар ойынға тартатын жарнамалар кез келген онлайн платформада қолжетімді болып тұр. Сондықтан оған әсіресе жастардың әуес болып бара жатқаны мамандардың алаңдаушылығын туғызуда.
– Адамдар мұндай дертке түрлі себеппен шалдығуы мүмкін. Бірақ оның алдын алуға және салдарымен күресуге болады. Ол үшін медицина ұйымдарының, психологтардың көмегіне уақыт жоғалтпай жүгінген жөн, – деді Жаннат Нұркина.
Жиын соңында ол қатысушыларды толғандырған сауалдарға жауап берді.
Талғат Нұрханов