Мен есейіп, ес білген сәттен бастап қазіргі уақытқа дейін өмірде бақыт деген нығметті көп іздедім. «Бұл не нәрсе? Өмірде бар ма? Бақытты адам деген кім?» деген сауалдарды өзіме жиі қойып жүрдім. Тіптен бақытты махаббаттан да, байлықтан да, атақтан да, сұлу жардан да іздедім. Бірақ ешқайсысынан бақытты таба алмадым. Қаншама кітапты ақтарып, қаншама білім игердім. Менің бақытым жоқ болып шықты. Бірақ «Бұл мүмкін емес қой? Тегін айтылмаған болар» деп ылғи ойда жүрдім. Бұрынғы өткен ғұламаларды да, берідегі данышпандарды да ақтардым. Амал қанша, олардың ешқайсысы да бақытты болып өмірден өтпепті. Бәрі де қияли оймен жалған дүниеден озыпты. Енді міне, сол бақыт дегеннің не екенін ұғынғандай болдым. Ол – ата-анаңның әрдайым қасыңда жүріп, саған айтып отыратын ақылы мен нақылы екен ғой?! Өйткені баланы байлық, дүние, атақ емес, нағыз әкелік тәрбие адам қылып өсіретініне көзім жетті.
Әкем маған әрдайым: «Ұлым менің! Қазіргі мына қоғамда адамдар өте қатал, өмір болса тым қиын, тағдыр дегенің тастай ауыр. Бірақ соның бәріне ешқашан мойымай, төзе біл. Әрқашан жақсы нәрселерді ойлап, ақиқатқа жүгін, адалдықпен жүр. Бойыңдағы кемшілігіңді ешкімге көрсетпе, еңсеңді төмен түсірме. Көзі ашық, білімді болуға тырыс, дүниенің бар байлығы – білімде. Ештеңеден жасқанба, өзіңді-өзің алға сүйре. Бір «құладым» екен деп жылама, жаныңа жақын жандардан айырылып қалма», – деп айтып отырады. Осындай әке өсиеттерінен соң көп ойға шомып кететінім бар. Иә, анамнан айырылып қалсам да орнын жоқтатпай, маған демеу болып жүрген әкемнің қартайған жүзіне қарасам, көзіме еріксіз жас келеді. Жасы 88-ге келсе де 50-ге таяп қалған мына мендей ұлын әлі жас баладай көретінін байқаймын.
Бұл – әкенің асыл жүрегінің өлгенше ұл-қызым деп соғып өтетін өшпес нұрларының жарығы екенін сеземін. Тіптен әкемнің мен жиырмаға толғанда айтқан ақылын да әлі ұмытқаным жоқ. Сонда былай деген болатын: «Ұлым менің! Міне, бүгін сен үшін де, мен үшін де ең қуанышты күн. Ержетіп, жанымның жұбанышы да, сүйеніші де болатын жасқа жеттің. Әрине, мен үшін қанша жасқа келсең де менің кішкентай балапаным болып қала берерсің. Бірақ өмір заңы дейтін құндылықтарға қарасаң, олай емес, ұлым. Сен енді баяғы тәй-тәй басқан кішкентай ұл емессің, ержеттің, азаматтық борыш дейтін міндетке таяу келіп тұрсың. Иә, мүмкін маған қарап: «Әке, мен міндетімді бірінші орындай отырып, мақсатыма қадам жасайтын боламын» дегің де келер, бірақ оған дейін де әлі талай өмір белестерінен өтуің керек. Ал ол жолда бәрібір саған ақылын айтып, жол көрсетер бір адамның болуы міндетті, балам. Әрине, ол мен боламын».
Иә, балалық шағыңның алаңсыз өтіп, ештеңеден қиналмауыңа жағдай жасап берген әкенің қазіргі қартайған түрін көргенде «Мен әкеме не жақсылық істедім екен?» деген ойым санамды жей беретіні ақиқат еді. Өз тағдырыңа қарап бәрі дұрыс дегеніңмен, өміріңе қарап ештеңені өзгерте алмайтыныңды сезінесің. Бірақ әкемнің бары, оның маған қарап «балам» деген бір сөзі, әлі күнге дейін менің жандүниемді толғандырып, бүкіл болмысымды бұлт астынан шыққан жарық күннің қуатты нұрындай шабыттандырып келеді.
Күні кеше елімізде алғаш рет «Әкелер күні» кең көлемде аталып өтті. Тырнақша ішіндегі шаралардың бірі емес, расында, әркімнің жүрегіне жететін, әкенің қоғамдағы мәртебесі мен орнын айшықтай түсетін, олардың өлшеусіз орасан зор еңбегін асқақтатуды көздейтін байыпты бастамалар лайықты жалғаса берсе игі. Осы ретте әкем туралы ойтолғауымды сол кісінің әдемі өсиетімен аяқтағым келеді: «Айналайын, ұлым менің! Дүние – жалған. Бұл дүниеде бәрі алдамшы. Ештеңені де өзіңмен бірге алып кете алмайсың, бәрі де артыңда қалады. Сондықтан сыйлы бол, сыйлы болуға тырыс. Өзгелерге де құрметің шексіз болсын. Адамгершілік қағидаларын берік орында, адами қасиеттерден айныма. Артыңдағыларға жақсы атың мен жақсы амалыңды қалдыр. Одан басқа бұл жалғанда ешқандай қызық жоқ». Мен үшін қазіргі бақыт – осы қария әкемнің аман-есен жүргені деп білемін. Әрқашан әкелеріміз аман болсын! Әкедей асқар таудың басын бұлт шалмаса екен деймін.
Асылжан Шайділдаев,
Шерхан Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану орталығының
бөлім меңгерушісі