Ал мұндай оқиғаны мамандар түрлі себептермен түсіндіреді. Кейбір ерлі-зайыптылар көп уақыт бала сүйе алмаудың салдарынан ажырасып та кетеді. Өзгелері сонда да үміт үзбей дәрігерлерге жүгініп, олардан қуанарлықтай нәтиже болмаса, табандарын тоздырып, тәуіп пен емші-молдаларды жағалайды. Егер олардың да шипасы тимесе, әулие аралап, бастарына түнеп те жатады. Одан қалса өздерінің білетін немесе өзгелердің айтуы бойынша түрлі ырымдарды жасайды. Бірақ солардың барлығы болмаса да, бақтарына қарай, біразының бөпе сүю бақытына бөленгендері де бар. Ал перзентке зар жандарға жақындарының жанашырлықпен қарап, тілектес болып жүретіні белгілі.
Мұны айтып отырған себебім, көп адам біле бермейтін осыған байланысты ырымдардың ерекше бір түрі жөргек жөнінде болмақ. Мен көпбалалы отбасынанмын. Біздің анамыз алтын алқалы батыр ана. Өкінішке қарай, асыл анамыздың өмірден озғанына биылғы 17 наурызда 27 жыл болды. Ол кісі біздің ғана емес, баршаның анасындай болды десем, артық айтқандық емес. Себебі анамыз ешкімнің ала жібін аттамастан ақ жолмен жүріп, адал еңбек етіп қана қоймай, бар білгенін кейінгілерге үйретіп отыратын және қолынан келсе ешкімнен көмегін аямайтын қайырымды да кеңпейіл, парасатты да сымбатты жан еді. Сонымен бірге қашан және қай мезгілде болсын мұсылман әйеліне тән жабық киінетін әрі боянған кезін көрген емеспіз. Бауырмашылдығы сондай, жүзге де, руға да, тіпті ұлтқа да бөлінуді білмейтін. «Бауырым!» деп адамзаттың бәрін сүйетін, құшағына қысатын. Бір сөзбен айтқанда, тек жақсы жағынан ғана үлгі болып, келте ғұмырында артынан жаман сөз ілестірмей алғыс арқалап өтті.
Сондай-ақ анамыз халқымыздың әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері мен ырымдарын да жақсы білетін. Сондықтан көпшілік анамызды қатты құрметтейтін. Және жаңа туған балаларына немесе немерелеріне ат қойғызатын, қырқынан шығартатын, бір жасқа толғанда тұсауын кестіріп, ақ батасын алатын. Кейде түрлі ақыл-кеңес те алып тұратын. Тіпті кейбір қыз-келіншектер үйге келіп: «Құндызай апа, бізге де сіздің жолыңызды берсін!» деп анамыздың батасымен қоса ұнаған киімін немесе басқа бір бұйымын ырымдап алып кететін. Бірақ анамыз өмірде көп қиындық көрді. Отбасының ауыртпашылығы да көбіне анамызға түсті. Соның зардабынан денсаулығы қатты мазалап, жиі сыр беріп жүрсе де «Алла алдындағы басты парыздарымның бірі» деп ғұмырының соңғы он жылында үзбей ораза ұстап, намаз оқып кетті.
«Құрметті адам өлгенде де құрметті» деп Мұқағали айтқандай, ардақты анашым дүние салғанда өз халқымыздан бөлек, өзге де ұлт өкілдерін қосқанда қанша адамның жиналғанын, білдірген жылы лебіздерін және қимастықпен соңғы сапарға қалай шығарып салғандарын сөзбен айтып жеткізу қиын.Енді жөргекке келер болсам, бірде анашыма бір қыз бен жігіт келіп: «Құндызай әпке, сіз өмірде көп нәрсені білесіз ғой. Ниетіңіз ақ, аузыңыз да дуалы. Әрі көп бала тәрбиелеп, бірнеше немере сүйіп отырған алтын құрсақты анасыз. Біздің үйленгенімізге үш жылдан асты. Әлі бала сүйе алмай келеміз. Дәрігерлерге де, тәуіп, молдаларға да бардық. Бірнеше ырымды да қолданып көрдік. Әзірге оңды нәтиже болмай жатыр. Бір кісілер сізден жөн сұрауға кеңес берген соң үмітпен келіп отырмыз. Біз де бала сүйіп, ата-ана атанғымыз келеді. Бізге не дейсіз және не көмегіңіз бар?» – деді.
Сонда менің анам: «Мен емші, тәуіп немесе дәрігер емеспін. Мен бар болғаны балабақшада жұмыс істеймін. Бірақ алдыма келген соң бар білетінімді аянбайын. Мен де анамның өзі ойлап тапқан ырымын жасап көруге кеңес беретін болсам, көпбалалы үйге барып, сәбилеріне қолданған жөргектерінің біреуін сұрап алып, өздеріңнің жатын бөлмелеріңе (спальный) апарып қойыңдар. Бірақ жөргекті үйдің иелері шын ниетпен, ізгі тілекпен бергені дұрыс. Немесе балалар дүкенінен бір жөргек алып, бар тілектеріңмен апарып қойыңдар. Ал жөргекті алудағы ырымның мағынасын түсіндіре кететін болсам, сонда жөргек періштедей кіршіксіз нәрестені орағысы келіп, сол үйге сәбидің келгенін қалап тұрады. Бұл дәлелденген ырым. Өйткені менің анам осы ырымын өздерің сияқты бірнеше ерлі-зайыптыларға сынақ ретінде де байқап көріп еді, жүзеге асып, балалы болғандарына бізбен бірге жұрт та куә болған», – деді.
Сонда әлгі жас жұбайлар шешеме: «Ақыры бұл ырымды өзгелер емес, өзіңіздің анаңыз ойлап тапқан екен, ендеше өзіңіз балаларыңызға немесе немерелеріңізге қолданған жөргектердің бірін ақтілеу батаңызбен бізге беріңізші. Бізге де жұғысты болсын», – деп жата жабысты. Сонда бала десе ет-жүрегі елжіреп кететін бала көңілді анам мейірімді жүзі одан сайын нұрланып, кішкентай бүлдіршіндердің киімдері тұратын жерден сәбидің жұпар иісі аңқыған аппақ жөргекті ақ ниет, оң қолмен алды да әлгі қыз бен жігіттің қастарына келіп: «Сендер осы жерден шыққан соң ешқайда бұрылмастан алдымен Алланың үйіне барыңдар», – деді.
Сәбит пен Сәуле түсінбестен анама, сосын бір-біріне қарап еді, анам оларға: «Мешітке дегенім ғой. Бірақ дәрет алып барыңдар. Барған соң Жаратқанға жалбарынып, дұға етіңдер, бала сұраңдар. Алла – мейірімді, Алла – ұлық. Әуелі жәрдем де, шипа да Алла Тағаладан. Бәлкім, бұл сендерге сынақ шығар? Әлі-ақ сендер де бала сүю қуанышына кенелесіңдер. Бәрі Алланың қолында. Біз жай себепшіміз. Лажы болса, адамдар бір-біріне тек жақсы нәрсеге ғана себепші болса екен», – деген ойын білдірді. Сосын көп ұзатпай екі жасты «Алдымен дәм татыңдар» деп дарқандығымен дастарқан басына шақырды. Бірер уақыттан соң Сәбит пен Сәуле кетуге рұқсат сұрады. Сонда анашым оларға: «Қолдарыңды жайыңдар», – деп жүрекжарды тілегін айтып, батасын берген соң пакетке салынған жөргекті Сәуле келінге ұстатты. Одан кейін «Қуыс үйден құр шықпа деген» деп, Сәбиттің басына қазақи ою-өрнегі бар ақ тақия кигізіп, Сәуленің иығына ақ орамал жапты да: «Тәңірім сендерге ақ сақалды ата мен ақ жаулықты апа болуға жазсын! Айналайындар, лажы болса, әрдайым таза жүріңдер, адал болыңдар», – деп, басында жылы қарсы алған анашым екеуін солай жылы шығарып салды.
Арада бір жарым-екі ай өткен соң осыған ұқсас тағы бір тағдыр бой көрсетті. Сәбит пен Сәуледен алты-жеті жас үлкен Қалдан мен Халима деген ерлі-зайыптылар да үйімізге келді. Қастарында мектеп жасындағы кішкентай балалары бар.
Анам жұмыстан келіп, кешкі астан кейін өзінің тал бойына туа біткен өнерлерінің бірі қолөнермен айналысып жатқан еді. Анамның мұндай таланты мен шеберлігіне Қалдан мен Халима сүйсіне қарап, амандық-саулықтан кейін келгендегі шаруаларын бастан-аяқ баяндап берді. Қысқа қайырып айтар болсам, Қалдан мен Халима қосылып, шаңырақ көтерген соң тоғыз ай, тоғыз күннен кейін Есімхан есімді ұлдары өмірге келіпті. Дәрігерлердің болжауынша, екі жылдан кейін Халима қыз босануы керек екен. Өкінішке қарай, ол нәресте шетінеп кетіпті. Одан кейін арада төрт жыл өтсе де Халиманың жатырына бала бітпепті. Олардың да бармаған жері қалмапты. Егер бұдан кейін перзент сүймесе, балалар үйінен бір қыз асырап алмақ ойлары да бар екен. Сонымен не керек, «Үмітсіз шайтан» демекші, олар да біреулердің жөн сілтеуімен анамды іздеп келіп, жөргек жайлы ырымды анығырақ білгілері келіпті. Ақжарқын анам олармен де шынайы сырласып, жөргекті қайда және қалай қою керектігін толық түсіндіре келе, бұл жолы немересінің жөргегін сыйға тартып, ақ батасын берді. Сосын намаз уақыты болып қалса да өзінің қонақжайлығы бойынша оларға да дастарқаннан дәм татқызып, ақ ниетпен шығарып салды.
Уақыт білінбестен зымырап өте берді. Анам кейде той-томалақтар мен түрлі басқосуларда біреулер бала көтере алмай жүрген әйелдер жайлы әңгіме қозғай қалса немесе кішкентай балалардың шілдехана, бесік той, тұсаукесер, тілашар, сүндет тойларында отырғанда үйімізге келіп, жөргек алып кеткендер есіне түсіп, соларға сырттай да тілектес болып жүріпті. Және еш жерден ем болмай, бала көрмей жүрген жандар жайлы естісе, солармен жолыққанда оларға да жоғарыда айтылған жөргек жайлы ырымды қолданып көруге кеңес те беріпті.Міне, нәтиже, міне, қуаныш! Бір жыл өткенде Сәбит пен Сәуле, ал үш айдан кейін Қалдан мен Халима анама келіп, перзент сүйгендеріне қуанып, алғыстарын айтты. Сол кезде анамның өзінің келіні немесе қызы босанғандай қуанғанын көрсеңіз ғой. Шіркін, қашан да ананың аты ана ғой...
Бұл менің есейіп, ес білгенде көзбен көріп, куә болған жөргек жайлы ырымның игі нәтижесінің бірнешеуі ғана. Мақтағаным емес, бұған дейін де, кейін де анамның қай жағынан болса да талайға шарапаты тигенін және иманды қыз, инабатты келін, адал жар, аяулы ана болғандығын да көзін көргендер әлі де аңыз қылып айтып жүр.Егер менің ақыл-есім толысып, ержеткен шағымда анам тірі болғанда халқымыздың әлі де көп адам біле бермейтін әдет-ғұрып, салт-дәстүр, жақсы ырымдары, отбасы тәрбиесі жайлы деректі де керекті әңгімелері мен нақыл сөздерін, бала күнімізде бізге айтып берген қызықты да тәрбиелік мән-мағынасы зор ескірмейтін ертегілерін, ауырып қалған үлкенді-кішілі балаларға жасаған шипалы ем-домдарын, басқа да пайдалы кеңестерін жазып алып, елдің игілігі мен ризашылығы үшін жариялар едім.
Бәлкім, мұндай дүниелер кейінгі ұрпақтың жарқын болашағы үшін және кейбір адамдардың өмірлерінің жақсы жаққа өзгеруіне ықпалын тигізер ме еді? Әттең...
Енді жөргекке қайта оралар болсам, менің жекжаттарым мен өмір жолында танысқан жора-жолдастарымның арасында да көптен бері сәби сүйе алмай жүргендері бар еді (Аты-жөндері құпия болып қала берсін). Соларға да нағашы апам мен анамнан қалған жөргекке қатысты ырымды және оның ертеректе өзім көрген нәтижесін де айтып едім, үзілгелі тұрған үміттері, сетіней бастаған сенімдері қайта жанданып, нардай наныммен істеп көрді. Нәтижесінде ырымның ырысы артып, жөргектің жұпары аңқып, біреуінің перзентін перзентханадан шығаруға туыстарымен бірге біз де барған едік. Енді бірінің үйіне шақалақты қырқынан шығарғаннан кейін құттықтап барып, тойлағанымыз әлі есімде.
«Қайғыны бөліссе – азаяды, қуанышты бөліссе – көбейеді» демекші, соңғы кездері біздің бала сүюден үмітіміз үзіле бастап, көңіліміз күңгірт тартып жүргенде Бақытжан бауырымыз мұңымызды бөлісіп еді, енді міне, қуанышымызды бөлісіп, құтты қонақтарымыздың бірі болып төрімізде отыр. Ниеті ақ екен. Тілегі де қабыл болды, ырымы да өмірімізге шуақ сыйлады. Бақытжанға мың рақмет! Алла разы болсын!» деп айтқан алғыстары құлағымнан, қуаныштан аққан көз жастары көз алдымнан кетер емес.
«Қарап тұрсақ, қазақта ырым көп. Бірақ жөргек туралы ырымды білмейді екенбіз және бұрын-соңды естімеппіз. Енді бұл ырымды басқа да бала сүйе алмай жүрген жандарға айта жүреміз» деді ата-ана атанып, бастары бақыттан айналған, шаңырақтары шаттықтан тербелген әлгі ерлі-зайыптылар.Менің осы көптен бері көкейімде жүрген жөргек жайлы айтып отырған себебім, сіз бен біздің білетінімізден бөлек, сәби сүю бақытына қолдары жете алмай жүрген жандар көп шығар бәлкім? Аталмыш ырымнан кейін олардың да балалы болмасына кім кепіл? Әрі бұл ырым апам мен анамнан қалған және көп жанға көмегі тигендіктен көпшілікпен бөлісуді жөн көрдім.
Ендеше, ардақты ағайын, Алла Тағалам әрдайым ақ тілек- дұғаларыңызды қабыл етіп, баршаңызға көбірек бала мен немере-шөбере сүйе берулеріңізге нәсіп етсін! Және сол ұл-қыздарыңыз халқымыздың қамын жеп, еліміздің ертеңі үшін елеулі еңбек ететін азаматтар болсын!
Бақытжан Әліқұлов,
ақын-журналист
Әке - тәрбие көзі
Ұқсас жаңалықтар
«Бауырына салу» фильмі Франция фестивалінде арнайы жүлдеге ие болды
- авторAR-AY
- 12 қараша, 2024