Жалпы облыс көлемінде қолда бар мал басын жайып бағуға болатын 8 миллион гектардан астам жер бар. Бұл облыс аумағының 58,2 пайызына тиесілі. ҚР «Жайылымдар туралы» Заң талаптарын жүзеге асыру мақсатында облыстың барлық аудандарында жергілікті өкілетті және атқарушы органдардың бірлескен шешімдерімен жайылымдарды пайдалану жоспары мен схемасы бекітілген. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2021 жылы облыс бойынша 453,2 мың ірі қара, оның ішінде 199,8 мың сиыр, 3 миллион 55 мың уақ мал, 151 мың жылқы, 7 мың түйе, барлығы 3,6 миллион төрт түлік тіркелген. Аталған жылы жайылым жетіспеушілігін анықтау мақсатында облыстық прокуратура органдарымен бірлесіп зерделеу жүргізілген. Нәтижесінде елді мекендерге 683 мың гектар жайылым жер жетіспеушілігі анықталған. Осы мәселені жүйелі түрде шешу үшін 5 бағыт қарастырылған. Соның бірі – ортақ жайылым жерлердің пайдалануға беріліп кеткен бөлігін елді мекендерге қайтару. Осы бағытта екі жылда 50,1 гектар жер кері қайтарылып, елді мекендерге бекітіліп берілген. Мал басы көп тұрғындардың түлігін орман қоры жеріне шығару ұйымдастырылған. Орман қорындағы 1,1 миллион гектар жайылымға 245 мың мал басы шығарылған.
Диқандардың өнімі жиналып алынған жерлеріне кедергісіз мал жаюға меморандум жасау жұмыстары жүргізілген. Көлемі 515,5 мың гектар болатын 2 095 шаруа қожалықпен арада меморандум жасалған. Сондай-ақ аталған бес бағыттың бірі – игерілмеген және заң талаптарын бұза отырып, пайдаланған жерлерді мемлекет меншігіне қайтару. Қазақстан Республикасы Президентінің пайдаланбай жатқан және ҚР заңнамасын бұза отырып, берілген ауылшаруашылығы мақсатындағы жерлерді мемлекет меншігіне қайтару туралы тапсырмасына сәйкес өңірде 2021 жылы жалпы жерді қашықтан зондтау ғарыш жүйесі, яғни «JERINSPEKTOR» порталы арқылы 415,8 мың гектар жердің игерілмегені анықталған. Нәтижесінде 129,5 мың гектарға мал басы қайта тіркелген. 31,6 мың гектар жер учаскелерінің иелері қайтыс болып кетуіне байланысты қайта рәсімделген. 254,7 мың гектар жер учаскелерінің иелеріне нұсқама берілген. Нәтижесінде жоспар бекітіліп, оған сәйкес 2022 жылы 201,1 мың гектар, 2023 жылы 201,2 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған.
Осы жылға жоспар 80 мың гектар болып бекітіліп, үш айдың қорытындысымен 22,5 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Қайтарылған жерлерді өңірдің экономикасын дамыту мақсатында және жерлердің бос қалмауын ескеріп, қайта айналымға енгізілуде. Жалпы қайтарылған егістік жерлері конкурс арқылы халыққа сұранысы бойынша табысталуда.Қазақстан Республикасының «Жайылымдар туралы» Заңына сәйкес әрбір ауылдық округ, аудан әкімдіктері жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасын екі жыл мерзімге бекіткен. Аталған схемалардың мерзімі аяқталуына байланысты осы жылы қоғам өкілдерімен мәселе талқыланып, келісіп, қайта әзірленіп, бекітілу жұмыстары жүргізілуде. Аталған заңда жайылымдарды пайдалану тәртібі мен схемасын аудандық өкілді және атқарушы органдардың бірлескен шешімімен 5 жылға пайдалану көзделді. Заңда қоғамдық жайылым көлемін ұлғайту мақсатында ауылдық елді мекен шекарасынан тыс орналасқан жайылымдарды ауыл әкімдерінің құзыретіне беру туралы норма қарастырылған. Бұл норманың басты мақсаты – жеке мал жаю үшін жайылыммен қамтамасыз етуге қатысты ауыл әкімдерінің құзыреттері кеңейтілген. Осы тұста ең басты мәселе – тұрғындар жылдың төрт мезгілінде барлық малды ауылда ұстауы болып отыр. Осыдан барып елді мекендер маңындағы жайылымдардың жетіспеушілігі туындауда. Осының салдарынан жайылым жетіспеушілігі өзекті мәселеге айналып, халықтың наразылығын тудырып, әлеуметтік желілерде бұл жиі көтерілуде.
Соңғы 2 жылда аталған басқарма қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша құқықбұзушылықтар орын алмаған. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтарды жеке қабылдау бойынша басшының және оның орынбасарларының кестесі бекітілген. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу және мемлекеттік қызметтерді сапалы көрсету мақсатында ғимараттың ішінде көрнекті ақпараттар орналастырылған. Алайда аудан әкімдіктерінің жер қатынастары бөлімдерінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі жұмыстың барысы туралы кейбір мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, оны қатаң сақтау және болдырмау бағытында бірқатар кемшілік орын алған. Жүргізілген зерделеу барысында, яғни 2022 жылы облыс бойынша мемлекет меншігіне жоспар бойынша қайтарылған 200 мың гектар жердің ішінде заңсыз берілген жер көлемі 14897,621 гектарды құрағаны анықталды. Оның ішінде Жуалы ауданы бойынша – 2763,6385 гектар, Сарысу ауданы бойынша – 6061,62, Қордай ауданы бойынша 6072,3625 гектар жер телімдері заңсыз берілген. Сонымен қатар өткен жылы да 200 мың гектар жерді қайтару жоспары орындалып, бірақ бірқатар ауданда барлығы 620,94 гектар жердің заңсыз берілгені анықталып отыр. Мысалы, Жуалы ауданы бойынша 180 гектар, Меркі ауданы бойынша 440,94 гектар жер заңсыз үлестірілген. Ал осы жылғы жоспарға сәйкес жалпы көлемі 80 000 мың гектар жер қайтарылу керек болса, өткен 5 айдың қорытындысы бойынша, жалпы көлемі 24 мыңнан астам гектар жер мемлекет меншігіне өткен. Оның ішінде 2 456 гектар жер заңсыз берілген. Нақты айтқанда, заңсыз үлестірілген жер Т.Рысқұлов ауданында 120 гектарды, Мойынқұм ауданында 2 336 гектарды құрап отыр.
Облыстық прокуратура тарапынан 2023-2024 жылдары өңірде жерге байланысты игерусіз жатқан ауылшаруашылығы мақсатындағы бос жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп, 201 мың гектар жер қайтарылған. Нәтижесінде жайылым тапшылығы 686 мың гектардан 164 мың гектарға дейін төмендеген.
Өткен жылы 128,9 мың гектар пайдаланылмайтын жерлер анықталып, жерлерді мемлекеттік қорға қайтару туралы әкімдікке 42 ұсыныс енгізілді. 36 лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылса, 1 аудан әкімінің орынбасары мен 3 бөлім басшысына лауазымына сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі шара қолданылған. 2022-2023 жылдары Жер заңнамасының сақталуын тексеру барысында тіркелген қылмыстық құқықбұзушылық фактілері бойынша орын алған жайттар да жоқ емес. Мысалы, жалған құжаттар әзірлеп, жер учаскесін беру фактісі бойынша Байзақ ауданы әкімінің 2022 жылғы №140 қаулысымен «Уразбеков» шаруа қожалығының басшысы Қ.Уразбековтың денсаулығының болмауына байланысты А.Уразбековаға 41 жылға 15 гектар суармалы егістік жер учаскесі берілген. Қайта рәсімдеуде берілген 15 гектар жер учаскесі көршілес емес, 2 бөлек жер учаскелерінен құралған және 11,55 гектар жер басқа тұлғаның пайдалануында болып, мерзімі өткен. Ал екіншісі 3,45 гектар мемлекеттің меншігіндегі бос жатқан жер екені анықталған. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалының мәліметінше, аталған жер учаскесі Қ.Уразбековтың атында мүлдем болмаған және Байзақ ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мәліметіне сәйкес «Уразбеков» шаруа қожалығы тіркелмеген. Яғни мемлекет меншігіндегі жерлерге Кодекстің 43-1- бабының талаптарын бұза отырып, конкурссыз тікелей жалған құжат дайындау арқылы құқық берілген.
Осы тектес фактілер А.Джазылбековке «Бурыл» өндірістік кооперативінің аумағынан берілген 28, 87 гектар суарылмайтын егістік жер учаскесіне, М.Тасбауоваға «Түймекент» ӨК-нің аумағынан берілген жалпы 110,39 гектар жер учаскелеріне, Ж.Қырықбайға ұсынылған «Амангелді» ӨК-нің аумағынан 287 гектар жайылым жер учаскелеріне қатысты орын алған. Аталған фактілер аудан прокуратурасы арқылы тіркеліп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті осы қылмыстық істі былтыр сотқа жолдады. Осы жылғы сәуірдің аяғында Н.Ерғалиев Байзақ аудандық сотының үкімімен ҚК-нің 369-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 1 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Сондай-ақ Байзақ ауданы әкімдігіне жер учаскелерін мемлекеттік жер қорына қайтару туралы заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыным енгізіліп, А.Джазылбековтың 28,8 гектар, Ж.Қырықбайдың 19 гектар және 287 гектар жер учаскелері мемлекеттік жер қоры есебіне алынды.
Тараз қаласы әкімдігінің жер қатынастары бөлімі мемлекет мұқтаждығы үшін алынатын жерді заңсыз басқа жер учаскесіне ауыстыру фактісі бойынша бірқатар бұзушылыққа жол берген. Өткен жылы Тараз қалалық №2 сотының үкімімен аталған бөлімнің бұрынғы басшысы және осы бөлімінің бұрынғы сектор меңгерушісі ҚК-нің 361-бабы 4-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар облыс прокуратурасы Байзақ ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің қызметіне тексеру жүргізіп, Байзақ ауданы әкімінің орынбасары, Байзақ ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы, ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы, сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту түріндегі жауапкершілікке тартылды.
Талас ауданы Аққұм ауылының тұрғындарының жайылым жері тарылған. Себебі ауыл маңындағы орманшаруашылығы аумағы ауылдың іргесіне дейін жеткен. Ал елді мекен айналасы жекенің иелігіне өтіп кеткен. Азын-аулақ малмен күн көріп отырған жұрт жайылым таппай, төрт түлігін қорада қамап ұстауға мәжбүр екенін, қорадағы малын алысқа ұзатып жая алмайтындарын мәселе етіп көтерді. Өйткені төңіректе бос жатқан жайылым жер жоқ. Құмды ауылдың теріскейі орманшаруашылығының иелігінде болса, маңайдағы жер телімдерін ірі шаруа қожалықтары жалға алып алған. Қоршауда қалған жұрт төрт түліктің жайына алаңдап отыр. Бүгінгі таңда бұл мәселе әлі күнге дейін шешімін таппай келеді. Сарысу ауданы бойынша ауылшаруашылық жерлерінен 10 лот бойынша шаруа қожалығын жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану құқығымен конкурс өткізілген. Конкурсқа қатысу үшін 9 ұсыныс тіркелген.
Сондай-ақ аудан көлемінде ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімдерін жалға беру жөніндегі конкурстық комиссия қорытындысының №2 хаттамасымен жер телімдерін ауылшаруашылығы мақсатында пайдалану үшін 10 жылға беру туралы шешім шығарылған. Конкурстық ұсынысты «Электрондық үкімет» веб-порталы арқылы беру жағдайларын қоспағанда, беттері нөмірленіп, тігілген түрде, жабық конвертте ұсынылады. Сонымен қатар Кодекстің 43-1-бабының 12-тармағында осы баптың 9-тармағының талаптарына сәйкес келмейтін, шаруа немесе фермер қожалығын, ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру жөніндегі конкурсқа қатысуға өтінім қабылдамай тастауға жатады. Аудандық прокуратура ұсынысында конкурсқа қабылданған құжаттардың арасында шаруашылықішілік жерге орналастыру жобасын жасау және игеру, ауылшаруашылығы инфрақұрылымын дамыту іс-шараларын орындау жөніндегі міндеттемелердің болмағандығы көрсетілген. Қызметтік тергеп-тексеру барысында бірқатар конкурстық ұсынымның нөмірленіп, мөр қойылмағандығы анықталған. Айта кетерлігі, Сарысу ауданы прокуратурасы жүргізген талдаудан кейін қажетті құжаттардың барлығы өткен күнмен жасалып, тігіліп, нөмірленіп, мөр қойылған. Комиссия төрағасы және мүшелері 10 лот бойынша қатысушылардың құжаттарының толықтығы мен заңдылығына көз жеткізбестен аудан көлемінде ауылшаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер телімдерін жалға беру жөнінде шешім қабылдаған. Осылайша жоғарыда көрсетілген лауазымды тұлғалар облыстық Әдеп жөніндегі кеңестің шешіміне сәйкес, Сарысу ауданы әкімінің өкімімен «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жазаға тартылған.
Дәл осы тектес заңбұзушылықтар Қордай ауданының жер комиссиясы тарапынан да орын алған. Нәтижесінде жер комиссиясының төрағасы болған аудан әкімінің бұрынғы орынбасарына, сондай-ақ комиссия мүшелеріне мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін аталған Заңның 44-бабы 6-тармағының талабына сәйкес «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» түріндегі тәртіптік жаза қолданылған. Бұл жағдайда мемлекеттік қызмет көрсету кезінде мемлекеттік органдар қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары мен регламенттерінің талаптарын сақтамау көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына және оның қолжетімділігіне жағымсыз әсерін тигізуде. Сонымен қатар облыс көлемінде прокуратура тарапынан тексеріс кезінде басқа да кемшіліктер анықталған.
Мысалы, жерлерді пайдалану мерзімдері біткен жер учаскелерін заңсыз созу бойынша 2020 жылғы №320 қаулы негізінде Ж.Турдалиеваның «Шералы» шаруа қожалығының уақытша пайдалануындағы барлығы 80 гектар жайылымы пайдалану мерзімі 10 жыл өтеулі (жалдау) жер пайдалану құқығымен ұзартылған. Алайда Ж.Турдалиеваның «Шералы» шаруа қожалығына пайдалануға берілген 80 гектар жайылымның мерзімі 2014 жылы аяқталғаны анықталды. Өйткені бұл бойынша аудан әкімінің 2004 жылғы №238 қаулысымен 10 жыл уақытша мерзімді өтеулі жер пайдалану құқығы берілген. Яғни сол мерзімнен бері ол жер учаскесі мемлекет иелігінде болып саналады. Сөйтіп, Кодекстің 48-бабының талаптары бұзылған.Жер бойынша жарияланған мораторий кезінде жер учаскелерін жекеменшікке беру бойынша заңсыздықтар анықталды. Атап айтқанда, Қордай ауданы әкімдігінің 2016 жылғы №415 қаулысымен У.Варшакидзеге жол бойындағы қызмет кешенінің құрылысын қайта жабдықтау және кеңейту үшін негізгі жекеменшігіндегі жерінен іргелес аумақтан Х.Варшакидзенің шаруа қожалығы жерінен барлық көлемі 1,4 гектар айдалмалы жер учаскесі жекеменшік құқығына берілген. Сол сияқты мораторий кезінде ауылшаруашылығы мақсатындағы 96 гектар болатын 23 жер учаскесі жекеменшікке берілген. Аталған фактілер бойынша аудан прокуратурасы 2021 жылы аудан әкімінің атына заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсыным енгізген. Бүгінде ол жерлер бойынша мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Осыған ұқсас жағдай, Шу ауданы әкімдігінің 2011 жылғы №237 және 2012 жылғы №405 қаулыларымен «Smart Agro Karkara» ЖШС-на 49 жылға барлығы 21 056,65 гектарды құрайтын ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығына берілген. Алайда аталған ауылшаруашылығы мақсатындағы жер учаскелері сауда-саттықсыз «Smart Agro Karkara» ЖШС-на рәсімделген, яғни жер заңнамасының талаптарына қайшы. Сонымен қатар жер учаскесі 7 жылдан астам уақыт өз мақсатында пайдаланылмаған.Ауданаралық прокуратура енгізген қадағалау актісі нәтижесінде аудандық жер қатынастары бөлімі арқылы сотқа талап-арыз беріліп, нәтижесінде 2020 жылы соттың шешімімен мемлекетке игерілмеген кадастрлық құны 114 556 065 теңгені құрайтын жалпы көлемі 21 056 гектар жер қайтарылған. Оның ішінде 450 гектары егістік болса, 20 606 гектары жайылым. Жерді мемлекеттік меншікке қайтару бойынша ұзақ әрекетсіздік фактілері орын алған. Жүргізілген тексеріс бойынша әкімдер арқылы пайдалануға берілген жайылымдық жер учаскілерінде ауылшаруашылық жануарларының жоқтығы және жерлерді өз мақсатында пайдаланбай жатқанына қарамастан, жергілікті атқарушы органдар, жауапты тұлғалар оны мемлекет меншігіне қайтаруға ниеттенбеген жайттар да анықталған. Атап айтқанда, Талас ауданы әкімінің 2003 жылғы №198 шешімімен К.Камысбаевқа жайылымдық мақсатта 234,94 гектар жер учаскесі берілген. Талас аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің мәліметінше, аталған азамат 2016 жылы қайтыс болған. Алайда бүгінгі күні жер учаскесін мемлекет меншігіне қайтару бойынша шаралар қабылданбаған.
Сонымен қатар өткен жылы облыстық кәсіпкерлер палатасы тарапынан Тараз қаласы мен аудандарда жер қатынастары саласында кеңейтілген талдау жүргізуге бастамашылық жасап, түрлі мемлекеттік мекемелермен бірлесе жұмыстар жүргізілген. Мысалы, жүргізілген скрининг нәтижелері бойынша суармалы егістіктер, тәлімі егістіктер, жайылымдар және коммерциялық мақсаттарға арналған жерлерді ала алмаған 219 бизнес субъектісі анықталған. Ал жүргізілген скринингтің екінші кезеңі дәл осы саланың ашық еместігін және сыбайлас жемқорлық тәуекелінің бар екенін немесе жергілікті атқарушы орган тарапынан өткізілетін конкурстар мен аукционға шығарылатын жерлердің тізбесі жасалмағанын көрсетті.
Сондай-ақ конкурстар мен аукциондарды ұйымдастырушылар жер учаскесіне арналған құжаттаманы дайындау рәсімін тиісті түрде жүргізбейді. Жекеменшіктегі жерлерді қояды және дұрыс емес жер кадастрлық жоспарды көрсетеді. Өткізілген аукциондардың хаттамаларын зерделеу барысында облыстың барлық атқарушы органдарында жеңімпаз бен екінші сатып алушыны қоспағанда, аукциондардың барлық қатысушылары туралы деректер ресми түрде еш жерде тіркелмейді, яғни аукционға қатысушылардың нақты саны көпшілікке белгісіз болып қалады. Бұл сауда-саттықты өткізудің ашықтығын қамтамасыз етуде формальді тәсілге ықпал етуі мүмкін.
Соңғы 3 жылда жер саласына байланысты сыбайлас жемқорлық әрекетке және құқықбұзушылыққа жол бергені үшін 14 түрлі деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер жауапкершілікке тартылған. Жоғарыда аталған зерделеудің қорытындысы көрсеткендей, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасы мен жергілікті әкімдіктерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытталған жұмыстарды одан әрі жетілдіруді, басшыларының жауапкершілігін арттыруымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын да қабылдауды қажет етеді.Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2023 жылдың 1 қыркүйегіндегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауынан туындайтын міндеттердің облыс көлемінде жүзеге асырылуы және қамтамасыз ету мен пайдаланусыз жатқан жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бағытындағы жұмыстар жандандырылуы керек деп есептейміз.
Анықтамада көрсетілген жайттарды ескере келе, жұмыс тобы облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасына бірқатар ұсыным жолдады. Мысалы, аталған басқарма Президент Жолдауынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыруды қамтамасыз етуі керек. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы Стратегиясының жүзеге асыру бағытындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету және құқықбұзушылықтарды болдырмау және алдын алу мақсатында тиісті шаралар қабылданғаны жөн. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментімен және облыстық прокуратурамен бірлесіп, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар өткізу бойынша өзара әріптестік байланыс орнату қажет. Мекеме қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу аясында тиісті насихат шараларын жүргізу, оның ішінде жемқорлық тәуекелдері мен қаупінің алдын алу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуы керек.
Қасымхан Төлендиев,
«Жаңару»
сыбайлас жемқорлыққа қарсы
жалпыұлттық қозғалыс» республикалық қоғамдық
бірлестігі облыстық
филиалының төрағасы