Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жазғы қауіп-қатерден қалай сақтанамыз?

Жазғы қауіп-қатерден қалай сақтанамыз?
Ашық дереккөз
Жаздың алғашқы айларына да аяқ бастық. Шомылу маусымы басталды. Қазір тұрғындар демалысын қала сыртында, шомылу аймақтарында өткізгенді жөн көретіні анық. Алайда көбі қауіп-қатердің бар екеніне немқұрайды қарайды. Яғни ештеңеге қарамастан демалысын мінсіз етіп, қаланың күйбең тіршілігінен аулақта өткізгісі келеді. Осы орайда шетке демалысқа шыққанда нені ескеру керек? Бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

Осы сұрақтар  бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті азаматтық қорғаныс басқармасының офицері, аға лейтенант Валихан Валиевпен пікірлескен едік. – Шомылу маусымы басталмастан бұрын арнайы жоспар бекітілді. Қазіргі таңда жоспар бойынша тиісті іс-шаралар жүргізілуде. Суға түсумен ғана шектеліп қоймай, жаз айларының қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстар әлі де жалғасын табады. Қауіпті су акваторияларында тыйым салу және шомылуға қауіпті деген арнайы тақтайшалар орнатылды. Яғни бұл аймақтың қауіпті екендігін осы тақтайшалар арқылы көрсетеміз. Сондай-ақ шомылуға рұқсат етілген жағажай иелерінің сұранысымен түбін тексеру жұмыстары жүргізілді. Жағажайлардың шомылуға дайындығын да бір барлап қайтамыз, – дейді офицер.


Айта кетерлік жайт, тыйым салынған орындарда шомылған азаматтарға, арнайы мамандар қойған тақтайшаларды алып тастаған, қауіпті су акваторияларында секірген, демалыс аймағында балаларды қараусыз қалдырған және өз еркімен суға шомылған, кәмелетке толмаған балалардың ата-анасына, сонымен қатар мас күйінде демалуға келген тұрғындарға айыппұл салынады. Нақтырақ айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 7 айлық есептік көрсеткіш межесінде айыппұл салынады. Бұл ескерту ережелері ҚР Ішкі істер министрлігінің 2015 жылғы 19 қаңтардағы 34-бұйрығына сәйкес көрсетілген.

Облыс аудандарында төтенше жағдайлар бөлімі жұмыс істейді. Бөлім қызметкерлері аталған іс-шараларға сәйкес алдын ала профилактикалық жұмыс жүргізеді. Ауылды жерлерде мектептерге барып, оқушылармен жүздесіп, арнайы сынып сағаттарын, интерактивті сабақтар өткізеді. Ал тұрғындармен  үй-үйді аралап кездесу ұйымдастырады. Бұл да азаматтық қорғаныс басқармасының алдыңғы қатардағы жұмысы деп түсінеміз. 

«Тәртіпке бас иген құл болмайды» деп Бауыржан атамыз айтқандай, тұрғындардың мамандар сөзіне құлақ асуы, тек рұқсат етілген орындарда уақыт өткізуі – амандығының басты кепілі болары сөзсіз. Қызметкерлер рұқсат етілген бассейндерде қауіпсіздік үшін жас балалардың бірін-бірі тұншықтырып ойнауын, әртүрлі трюктерді қайталауы немесе қиын жағдайда екенін айтып, жалған дабыл беруін де дұрыс санамайды.

Жазғы демалысын қызықты етіп өткіземін деген тұрғындарды жіті назарда ұстайтын мамандардың жұмысы ерекше. Адам өміріне жауаптылар күн-түн демей, жаймашуақ жаздың үш айында да тынымсыз еңбек етеді. Жадымызда қазіргі заманның батырлары болып қалған қызметкерлердің жұмысына табыс тілейміз!

Назира Ғалымжанқызы, 
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің 
1-курс студенті 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар