Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Автокөлік өртке оранбас үшін...

Автокөлік өртке оранбас үшін...
Ашық дереккөз
Әлемде қауіпсіз көлік бар ма? Жоқ деуге болады. Себебі әрбір тасымалдаушы транспорттың өз қаупі бар. Дегенмен алыс жолды жақын етіп, едәуір уақытты үнемдейтін көліктерден бірден бас тарту мүмкін емес. Сондықтан шама келсе сақтық шарасын қарастырған абзал.

Жуырда Жамбыл ауданының төтенше жағдайлар бөлімі «Қауіпсіз көлік» тақырыбында үгіт-насихат жұмыстарын өткізді. Қазіргі кезде  автокөліктегі қауіпсіздік мәселесі өте өзекті болып тұр. Жанған резеңкенің, бензиннің иісі, капоттың астынан шыққан түтін жүргізушіге тек сыну туралы ғана емес, өрт болу мүмкіндігін де еске салатындығы сөзсіз. Сонымен бірге қарсы бағытта келе жатқан көліктердің жүргізушілерінің белгі берулері байқалмаған қауіп туралы хабарлау болуы мүмкін. Төгілген бензиннің бақытсыздыққа әкелген оқиғалары аз емес. Кейде жанармайдың лап етуі үшін гайка кілтін түсіріп алу да жеткілікті. 

– Көліктегі синтетикалық материалдар тез тұтанады. Яғни анықталған температураға дейін шыдап, содан соң ғана жанады. Оны сөндіру өте қиын. Салонда өрт басталғанға дейін де адам көліктің ішінде бір жарым минуттан аспайтын уақыт отыруға болады. Бұл орташа мәліметтер. Сондықтан оттың бірінші белгілерінде көлікті тоқтатып, жандырғыш кілтін суырып алып, қол тежеуішіне қою керек. Егер түтін капот астынан шықса, онда оны абайлап ашу қажет, өйткені оттегінің келуінен оттың лап етуі мүмкін. Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ережесінде электр жүйесі бұзылған көлікті гараждың ішіне қоюға тыйым салынады. Аккумулятор батареясын қайтадан зарядтау да қауіпті, өйткені осы уақытта бос сутегі бөлінеді. Ол ауамен қосылған кезде ұшқыннан жарылуы мүмкін. Сондықтан қайтадан зарядтау кезінде ашық отты қолдануға болмайды, ал аккумуляторды клемдерге берік бекіту керек.

Өрт қауіпсіздігі ережесі бойынша, әрбір автокөлікте өрт сөндіру құралдары болуы керек. Алайда ол жайында иелері көліктерін техникалық қараудан өткізетін кезде ғана есіне алады. Сондықтан көліктегі өрттің орын алуына көп жағдайда автокөлік иелерінің тікелей өздері кінәлі. Электр жабдықтарының бұзылуы, жанар-жағармай жүйесінің ақауы, салонда шылым шегу, сайып келгенде, көлік иесінің машинадағы өрт қауіпсіздігіне салғырт қарауы көліктегі өрттің басты себебіне айналып отыр. Машинадағы электр жабдықтары, жанар-жағармай мен синтетикалық материалдар тез тұтанып, жылдам жанатыны белгілі. Соның нәтижесінде көлік 3-4 минуттың ішінде от-жалынға айналып үлгереді. Сондықтан да  өрт қауіпсіздік ережелеріне баса назар аударғаныңыз жөн. Бұл сіздің жеке көлігіңіздегі өрттің алдын алуға септігін тигізері анық.

Қыс кезінде көптеген жүргізуші суықтан оталмай қалған көліктің қозғалтқышына ашық отты жағып, факел, ашық спиральді калорифер, дәнекерлеу шамымен (паяльная лампа) жылытатыны белгілі. Бұл мүлде дұрыс емес, аккумуляторды тікелей көлік құралдарына зарядтауға болмайды, – дейді №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің бастығы Елжан Ережепов.
Көлікке жарық түсіру мақсатында ашық отты пайдалануға да тыйым салынады. Көліктің қозғалтқышына ғана емес, сонымен қатар электрлік жабдықтарына да назар аударып, техникалық қарауды жиі жүргізу қажет. Автокөлікте міндетті түрде өрт сөндіру құралын алып жүру керек.

Автокөліктің жылдамдығын арттырып, өртті сөндіремін деп ойламаңыз. Көлікті өшіріп, қолданбалы тежегішке қойып, жолаушыларды дереу көліктен шығарып, өрт сөндіру қызметіне «101» нөмірі арқылы хабарлағаныңыз жөн. Егер өрт жанармай құятын бак жақта болса, онда жағдай өте қиынға әкеп соғады. Ондай жағдайда қасыңыздағы адамдармен бірге машинадан қауіпсіз жерге тығылғаныңыз дұрыс. Себебі өртеніп жатқан көлік кез келген секундта жарылуы мүмкін. Қақпақты ашқан кезде от ұшқындарынан сақ болыңыз. Капотты ашар кезде қолыңыз күймес үшін шүберекті пайдаланыңыз. Өрт сөндіру құралын жалынның ошағына бағыттап шашыңыз. Егер өрт сөндіру құралыңыз болмаса, басқа қолда бар құм, су, қар, брезент немесе жанғыш емес материалдарды пайдаланғаныңыз жөн.

Ақжүніс Нақыпжанқызы, 
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік университетінің 
3-курс студенті

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар