Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жол сапасын жақсарту басты назарда

Жол сапасын жақсарту басты назарда
Ашық дереккөз
Облысымыздың жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерінің ұзындығы 10 084 шақырымды құрайды. Оның ішінде автомобиль жолдары 4 358 шақырым болса, қалғаны елді мекен көшелері. 1 194 шақырым жолдың республикалық маңызы болса, 1 756 шақырымы облыстық, 1 408 шақырымы аудандық мәндегі жолдар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімдігі жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов айтты.

Спикердің сөзіне сүйенсек, биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге жалпы 23,3 миллиард теңге қаралыпты. Бөлінген қаражат есебінен 16,5 шақырым көше жолы және Мойынқұм ауданындағы «Радай» көпірінің құрылысы жүргізіледі. Сонымен қатар 631,9 шақырым жолды орта жөндеумен қамту жоспарланған.

– Барлығы 332 жол жөндеу жобасы іске асырылып, 651,4 шақырым жолға құрылыс, қайта жаңғырту, орта жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Оның ішінде «ҚР көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы» аясында облыстық және аудандық мәні бар жолдар бойынша 6,3 миллиард теңгеге 157,8 шақырымдық 33 жоба жүзеге асырылады.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында дәл осы көлемдегі қаражатқа 197,9 шақырымды құрайтын 166 жобаны іске асыру жоспарланған. «Өңірлерді дамыту» бағдарламасымен 2,6 миллиард теңгеге 18,3 шақырымды құрайтын 5 нысан қамтылады. Оның 1,8 шақырымына жаңғырту, 16,5 шақырымына құрылыс жұмыстары жүргізілмек. «Моноқалаларды дамыту» бағдарламасымен 17 миллион теңге көлемінде 3 жоба іске асырылады.

Аудандық және қалалық бюджеттерден 5,8 миллиард теңгеге 125 жоба қолға алынды, – деген Мұрат Құттыбайұлы жолдарды күтіп ұстау жұмыстары аясында жергілікті маңызы бар автожолдарда атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.Бүгінде жол жөндеу бойынша 332, оның ішінде 2023 жылдан өтпелі 24 жобаның 54-інде асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Одан бөлек 123 жобада жұмыстар басталып, жүргізілуде. Сонымен бірге 97 жобада шарт жасалып, жұмыстар енді басталса, 55 жоба бойынша конкурс өтуде. Сондай-ақ 3 жоба бойынша конкурс енді жарияланады.

Спикердің айтуынша, автожолдардың сақталуы мен ұзақ мерзім қызмет етуінің негізгі жолы – пайдалану ережелері мен талаптарының бұзылмауын қамтамасыз ету. Дегенмен ауыр жүк көліктерінің бақылаусыз қозғалуынан автожолдардың мерзімінен бұрын бұзылу фактілері тыйылмай тұр.

Осы орайда облыс бойынша көліктік бақылау инспекциясымен бірлескен іс-шараларға сәйкес облыс жолдарында кезекшіліктер ұйымдастырылып, тексерулер жүргізу жалғасуда.Бүгінде жылжымалы көліктік бақылау посттарында 308 автокөлік құралы тексерілген. Жылжымалы көліктік бақылау посттарында 585 әкімшілік хаттама толтырылып, 19,2 миллион теңге айыппұл салынып, жергілікті бюджетке оның 18,2 миллион теңгесі өндіріліпті.

А. Бекенқызы 
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар