Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аусыл – қауіпті ауру

Аусыл – қауіпті ауру
Ашық дереккөз
Аусыл – малдың аузының эпизоотикалық қабынуы (яшур, эпизоотический стоматит). Аусылмен қой, ешкі, сиыр, доңыз секілді үй жануарлары және жабайы жануарлар ауырады. Олардың аузынан тамған сілекей арқылы кесел адамдарға жұғады. Ауру малдан адамға оны күтіп-ұстауда, емдеуде тұрмыстық жолмен таралады.

Ауру көп жағдайда алдымен мал терісін зақымдаудан басталады. Оның қауіптілігі, аурудың малдан малға ғана емес, сонымен бірге адамдарға да тез жұғатындығында. Мал ұстайтын шаруа аурудың алғашқы белгілеріне мұқият назар аударған дұрыс.Жануарлардың иммундық қорғанысы үшін аусыл вирусының бірнеше түрі мен нұсқаларына қарсы вакциналар бар. Арнайы профилактика, яғни екпе ісін жүргізу бірқатар маңызды іс-шарадан тұрады.

Біріншіден, иммундау белгілі бір шаруашылықта бөлінген аусыл вирусының тиісті түрі мен нұсқасы бар вакцинамен жүргізілуі керек. Екіншіден, вакцинациялау жануарларда вирус тасымалдауды тоқтатпайды. Аусылдың алдын алу және бақылау шараларына келсек, ол осы ауруға шалдыққан малдың өзге бір шаруашылыққа немесе елді мекенге енуіне жол бермеуге негізделген. Қазіргі кезеңде аусылдың таралуының негізгі себептері қолайсыз елдерден вирустың келуімен, яғни жануарлармен, малшаруашылығы өнімдері мен жемшөптің заңсыз әкелінуімен байланысты.

Адамдардың туризм, қажылық, табиғи апаттар, әскери қақтығыстар және тағы да басқа жағдайдағы іс-әрекеті, жабайы жануарлар мен құстардың көші-қоны аурудың таралуына басты себеп болып есептеледі. Қандай да бір шаруашылықта ауру пайда болған кезде ол карантинге жабылуы тиіс. Аусылдың бастапқы ошақтары пайда болған кезде кейіннен ошақ аумағында кәдеге жаратумен ауру жануарлар жойылуы қажет. Шаруашылықтың аурудан аман қалған клиникалық сау жануарлары ет комбинатына жіберіледі. Мұндай жануарлардың ет комбинатында сою мүмкіндігі болмаған кезде барлық мал басы тікелей ошақтың аумағында жойылуы және кәдеге жаратылуы тиіс.

Аурудың жаппай таралуы жағдайында клиникалық сау жануарларға аусылға қарсы екпе егіледі. Карантин жануарлардың сауығып кетуінің, өлімінің немесе мәжбүрлі союының соңғы жағдайынан және қорытынды зарарсыздандыру жүргізілгеннен соң 21 күннен кейін алынады. Ауырған жануарлар сойылып, өртеледі.Аурудың негізгі белгілеріне мыналар жатады: дене қызуы көтеріліп, ақсап, алдыңғы аяғы жүруден қалады. Бұл белгілер әсіресе ірі қараға қатысты. Малдан сілекейдің бөлінуі артады. Кей жағдайларда мал аузын аша алмай қалады. Егер малдан осындай белгілерді байқаған адам уақыт оздырмай мал дәрігеріне хабарласуы қажет.

Тілінде, жақ бұлшықеттерінде, еріндерінде бөртпелер пайда болады. Ауыр жағдайларда мұндай жаралар тұяқ арасына және желіндеріне шығады. Ауру асқынған жағдайда олардың мүйізі де зақымдалуы мүмкін. Сүтті сиырларда күлдіреуіктер желінге дейін зақымдап, сүт каналдарын жауып тастайды. Сүттің дәмі қышқылданып, ол маститке айналып кетеді.Осы ретте шаруаларды «Аурудың қалай алдын алуға болады?» деген сұрақ толғандыратыны сөзсіз. Өзге де вирустық аурулар секілді, аусылдың да алдын алу шараларын қарастырған жөн. Бірінші кезекте, міндетті түрде кез келген мал ұстайтын адам малын уақытылы вакциналап тұруы керек.

Ғалымдардың айтуынша, аусылмен ауырған мал жазылған соң да оның ағзасында вирус сақталып қалады. Сондықтан осы ауруға шалдыққан малды өртегеннен басқа амал жоқ екенін ғалымдар дәлелдеген. Сонымен бірге аусыл вирусы жоғары температурада, мысалы, сүт қайнаған кезде 2 минутта жойылып кететіні ғылыми түрде дәлелденген. Сондықтан кез келген сүт өнімдерін қайнату арқылы қолданған дұрыс. 

Облыс әкімдігі ветеринария басқармасының
эпизоотияға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру бөлімі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Тағайындау
Алдыңғы мақала
Тағайындау

Ұқсас жаңалықтар