Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бекіткен «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аудан орталығы Мойынқұм ауылының кіреберісінде орналасқан «Керей мен Жәнібек» ескерткішінің маңы мен заманауи үлгіде, сәні жарасқан «Қазақстан Тәуелсіздігіне – 30 жыл» жазуының айналасындағы қоқыстар тап-тұйнақтай тазартылып, шөптер шабылып, ауыл ажары ашыла түсті.
Аудан орталығында жүргізіліп жатқан тазалық жұмыстарына ауыл тұрғындары, спортшылар мен жастар бір кісідей жұмылып, тазалық жұмыстарын қарқынды жүргізді. Тазалықты жанына серік еткен мойынқұмдықтар бұл жолы белсене атсалысты.
– Аталмыш акция аясында үнемі сенбілікке шығып, өз ауылымыздың тазалығын сақтаймыз. Оған белсенді қатысу – тұрғындардың елжандылығын, ауылға деген жанашырлығын көрсетеді. Әр адам өз үйінің, ауласының айналасы таза болғанын қалайды. Сондықтан да сенбілік жұмыстарын жүргізуді өте дұрыс деп есептеймін, ауыл халқы да түгелдей өз аулаларын тазалап, ауылымыз біршама көркейіп қалды. Тазалық денсаулықтың да кепілі екенін ескерсек, өз ауылымыздың тазалығы – балалар мен аудан тұрғындарының денсаулығының мықты болуына бірден-бір себеп, – дейді белсенді жастардың бірі, аудандық жастар ресурстық орталығының қызметкері Нұрсұлтан Биділдә.
Жалпы атқарылған жұмыстардың көлемі 100 шаршы метр ауланы тазалау, ескерткіш маңындағы ағаш және бағаналарды әктеу, сырлау жұмыстарынан тұрды. Акция барысында 25 ағаш, 15 бағана әктеліп, сырланды.
Алуа Үмбетқұлова,
журналист,
Мойынқұм ауданы