Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жауынгердің жорық жолдары

Жауынгердің жорық жолдары
Ашық дереккөз
Тарихи кітаптарды парақтасақ, кейде аспан асты, жер үстіндегі дүрбелеңнен, аласапыран соғыс жылдарынан ары аса алмай жатамыз. Тарихшылар да көбіне-көп оқиғаның өзегін соғысқа дейін және соғыстан кейінгі жылдармен сабақтастырады. Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагерлері жайында сөз бастасақ, аштық жылдарындағы нәубеттен айналып өте алмаймыз.

АШТЫҚ ЖЫЛДАРЫНДАҒЫ НӘУБЕТ

Майданнан елге дін аман оралған ардагерлеріміздің қатары сиреп барады. Ендігі кезде «Жанын шүберекке түйіп, оқ пен оттың ортасында жаумен алысқан батырларды көзі тірісінде ұлықтай алдық па?» деген орынды сұрақ мазалайды. Мысалы, сұрапыл соғыстың кермек дәмін татып, Берлин маңында жараланған Махмұт Бесімбаевтың ағайын-туыстарынан атаның шытырман оқиғасы туралы фильм түсіреміз деп келгендердің қайта есік қақпағанын естігенбіз. Бірнеше жыл бұрын Махмұт Бесімбаевтың үйіне біз де барып, естелік әңгімелерін қағазға түсіріп алғанымыз бар. Аштықтың қасіретін көріп, майданнан аман оралған қарияның өмірден озғаны туралы суыт хабар бірер жыл бұрын жетті. Соғыс ардагерінің майдан шебіндегі шым-шытырық естеліктерін оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
М.Бесімбаев Талас ауданы, Бостандық ауылында 1924 жылы қаңтарда дүниеге келген. Балалық шағы аштықпен тұспа-тұс келіп, ата-анасынан айырылған бала Махмұттың тауы шағылып, амалсыз Тараз қаласындағы нағашыларының үйіне барады.Түн. Ауыл. Әр маңда қараусыз қалған киіз үйлер қылтияды. Қас қарайғанда жақынынан айырылған ауылдастардың жан дауысы шығады. Ата-аналар көз қуанышы баласының амандығын ойлап, арып-ашыған. Талғажау етер қатқан нан болса, кәне? Аштықтың зарын кеше дүниеге келген ойын баласы түсінсін бе? Бірақ олар да тойып ас ішпеген соң көше кезіп, тіміскіленеді. Сол уақ бала Махмұт та қаладағы жиеніне ілесе көше кезіп, тіскебасар іздейтін.

Әңгімесін ардагер ата: «Баламыз ғой. Тараздағы Төрткөл көшесінде тұрамыз. Жиеніме еріп, көшеге тамақ іздеуге шығамын. Қарнымыз тойып ас ішкен күнді ұмытқанбыз. Содан, бір күні бізді еңсегей бойлы бейтаныс кісі ұстап алып, орталыққа алып барды. Милиционер болса керек. Бір үйге апарып қамады. Не істерімізді білмедік. Шарасыз қалдық. Жиенімнің маған қарағанда еті тірілеу еді. Төрткөлді бұрыннан білсе керек. Қамаудан қашып құтылды. Мен қаша алмадым. Бірнеше күн өтті. Әлгілер мені аштан қатпасын десе керек, азын-аулақ ас-ауқатын берді. Әйтеуір жалғыз емеспін. Жанымда мен құралыптас балалар бар. Кейін білдім, әңгімелеп отырған аумақ қазіргі қаланың қақ ортасы екен. Сөйтіп, көп ұзамай өзім қатарлы бір топ баланы пойызға мінгізді. Қайда, кімге бара жатқанымыздан хабарымыз жоқ. Неше күн жол жүргеніміз есте қалмапты. Білетінім сол, бұрын атауын естімеген Ақбұлақ деген ауылға алып барды. Балалар үйі. Өсе келе білдік, Ақбұлақ Ресеймен шектеседі екен. «Дүние бір айналдырса, шыр айналдырады» деген. Көнбеске амал бар ма? Балалар үйінде тәрбиеленіп, сонда оқыдым», – деп бастаған еді.Махмұт Бесімбаев бала күнінен сурет салуға қызыққан. Жас шебердің тырнақалды туындыларына қатарлас достарымен қоса, тәрбиешілер де оң бағасын берген. Дарынды екенін түйсінген. Ақыры тәрбиешілердің нұсқауымен Махмұт Бесімбаев Украина орталығы Киевтегі училищеге оқуға түседі. Бұл 1940 жылдың күзі еді. Сурет салуға бала жастан әуес болған ол көп ұзамай бейнелеу өнерінің қыр-сырын кәсіби түрде меңгере бастайды. Бірақ шебер суретші болуды армандаған жас дарын асқақ арманын уақытша шегере тұруға мәжбүр болады.

МАЙДАНДАҒЫ ЖАНТАЛАС

1941 жыл еді. Ел-жұрт алаңсыз. Жастар жағы әдеттегідей оқудан кейін жиі бас қосып, әр күнін көңілді өткізуге тырысады. Кинодан топтасып қайтқан бозбала, бойжеткеннің арасында Махмұт та жүр. Кенет көшеде ерсілі-қарсылы жүрген тұрғындардың көбейіп, алаңсыз халықтың әлденеге үрейленіп, ұлардай шуласқанын көрген жастар бір бәлекеттің таяғанын іштей сезген. Халықты үрейлендірген хабар соғыстың басталғаны туралы үндеу екен. Алғашында аңтарылып қалған жастар лезде училищеге барады. Көп ұзамай училищенің жертөлесіне топтасқан студенттерге бейтаныс офицер келіп, Отан алдындағы міндетін өтеуге дайын ерікті жастарды жияды. Бала күнінен әскерилердің киім үлгісіне қызығып өскен жастар, шындығында, майданда жаумен алысатынын сезсе ше?
Қария майдан даласындағы азапты күндерді еске алғанда: «Жедел жеткен хабардың ізінше қыздар мейірбике болуды құптаса, біз өз еркімізбен әскери міндетімізді өтейміз дестік. Содан бірер күнде-ақ қалаға жақын, шамамен 30 шақырымдай қашықтағы әскери дайындықтан өтетін аймаққа бардық. Бұрын-соңды көрмеген қару-жарақты қолға алып, дұрыс ұстауды үйрене бастадық. Мен бала күнімнен ширақ әрі епті едім. Сол қасиетім көмектесті. Аптаға жуық оқу-жаттығудан өттік. Көп ұзамай бізге тапсырма келді. Отқа оранған майданның кейінгі шебінде жүретінімізді білдік. Блиндаж, окоп қаздық. Сонда шамамен бір жыл екі айда Киевтен Сталинградқа жаяу жеттік. Кейінгі шептегі біз құралпы сарбаздарға жағдай жасалмады. Тіпті жарытып ас ішудің өзі арманға айналған. Жан бағуды ойлап, жемеген бәлеміз қалмады», – деп біраз кідіріп, сөзін қайта жалғады.Махмұт Бесімбаевтардың құрамы Сталинградқа жеткенде әскер кеміп, небәрі 17 жауынгер қалған. Қалаға кірген сарбаз аз болғандықтан Сталинградтағы Кеңес әскерінің қосыны осы топты сұрақтың астына алып, қамауда ұстапты. Төрт күннен кейін босатқан. Махмұт Бесімбаев майданда мотоатқыштардың полкінде болған. Полк командирі Николай Ковалевпен де сонда танысады. Екеуі екі жылға жуық уақытта достасып үлгереді.

БЕСІМБАЕВТЫҢ ТҰҢҒЫШЫ

1942 жылдың күзі. Осы мезгілді Махмұт Бесімбаев өмірінің соңына дейін естен шығармап еді. Майдан. Шегінерге жол жоқ. Командирдің айтқаны заң. Сарбаздар тамақтанып, әлденіп алған соң басшылардан Сталинградқа жақын маңдағы трактор зауытын қорғау туралы тапсырма түседі. Жауды тұтқиылдан күтіп, тосыннан үстінен басып қалу міндеті жүктелгендіктен жауынгерлер жан-жаққа бытырап, қолайлы орын сайлай бастайды. Осы кезде Махмұт та қарап қалмай, сол маңдағы биік ғимаратты бетке алады. Бірінші қабатына жасырынып, қыбыр етпейді. Арада жарты сағат өтер-өтпесте Махмұт қозғала бастайды. Сол сәт үйдің жоғарғы қабатынан нәрестенің шырылдаған дауысын естіп, тосырқап қалады. Тұра жүгіріп үйдің екінші қабатына көтерілсе, қанға шомған сәби жатыр екен. Шақалақты дереу қолына алып, анықтап қараса, бала сап-сау. Жарақаты жоқ. Төңіректі барлап, таяқ тастам жерде сәбидің сұлық түсіп жатқан анасын байқайды. Жақындаса, байғұс ана тіл тартпай кетіпті. Екі жетім кезікті. Бірі – аштықтан аман қалған ер, екіншісі – соғыстың не екенін де білмейтін шақалақ. Көк көз баланы Махмұт құшағына алып, жуындырып, тосын жайды командирге баяндайды. Командир жас жауынгерді бөгемей, сәбиді санбатқа апаруды бұйырады. Содан көк көз баланың тегін Бесімбаев, атын Махмұт деп жас сарбаздың өзі қояды.Қан майдан. Қай тұстан снаряд түсіп, жаншып қалатынын білмейсің.

 

Бірақ қанды көйлек жауынгерлердің жеңіске деген сенімі өлімнен күштірек еді. Оқ қарша борап, жарылғыштар көктен төпелеп түсіп жатқанда, әрине, бойды үрей билейді. Қас қарайғанда тіпті қиын. Махмұт Бесімбаев осындай аласапыранда күтпеген жерден жарақат алады. Қазан қаласында 7 ай емделіп, қайта майданға аттанады. Бұрын өзі шегініп жүріп соғысқан Ленинград түбіне барады.1943 жылы шенділер келіп, Махмұт Бесімбаев құралпы 20-30 жасты жинап, ұшақпен алып кетеді. Кейінірек білсе, іріктелген жауынгерлер Псков қаласына жетіпті. Онда сарбаздар парашюттен секіруге машықтанады екен. Жас жауынгерлер 2 ай дайындалып, парашюттен секіруді үйреніп алады.Бұл жайында Махмұт Бесімбаев: «Дайындықтан өттік-ау дегенде бізді қайта ұшаққа отырғызды. Қайда бара жатқанымызды тағы білмейміз. 1943 жылдың қысы. Ұшақтан тағы секірдік. Ереже бойынша іштей онға дейін санап, парашюттің тартқышын тарттым, бірақ ашылмады. Қас пен көздің арасында екі-үш рет тартып едім, тағы болмады. Көзімді жұмып, жеткен жерім осы екен дедім. Соңғы рет тасырлаған дауыс естілді. Одан кейінгісі есімде жоқ. Кейін сұрастыра келе, ағаш үстіне құлағанымды білдім. Апта бойы ес-түссіз жатыппын. 7-8 жерімнен жараланыппын», – деді.

 


Жас жауынгер сол жарақатынан кейін госпитальға да бармай, сарбаздардың қосынына қосылады. Сөйтіп, олар Ленинградқа азық-түлік жеткізуге шығады. Арадан екі ай өткенде Сталинградқа дивизия жетіп, қаланы азат етуге кіріседі. 1944 жылы шабуылды үдетеді. Жау қолындағы 100-ден астам шағын ауыл босап, көп ұзамай Киев, Харьков, Минск қалалары азат етілген. Жаудың бетін қайтарған жауынгерлердің қатарында Махмұт Бесімбаев та болған. Бұдан кейінгі жағдай белгілі, әскер бірте-бірте қалаларды босатып, Румыния асып, Германияға ойысады. Бірақ Берлинге шамамен 72 шақырым қалғанда Одер өзені маңында Махмұт Бесімбаев тағы жарақат алады. Варшавадағы госпитальға түседі. Онда енді тілге келіп, сауыға бастағанда «Кеңес әскері Берлинді алды. Соғыс бітті» деген хабар жетеді.

– «Көп ұзамай сауығып, Польшадан Новосибирскіге бардық. Сонда бізді Жапонияға апармақшы болды. Бірақ мен барған жоқпын. Кейін Томскіде тұтқынға түскендерді қарауылдадық. Қысқасы, 1953 жылға дейін сонда жүрдік. Уақыт өте келе, елге де оралдық. Тұп-тура 21 жыл орыстың арасында жүрген соң қазақ тілін ұмытып қалыппын. Баяғы Төрткөл көшесіне тіке тарттым. Әжеміздің қыздарымен қауыштым. Бәрінің қазақшасы жақсы. Сөздерін түсіндім, әрине. Алайда тіс жарып жауап қайтара алмадым. Күндердің бір күнінде сол кездегі Ленин атындағы саябақтың іргесінде суретшілердің шеберханасы барын естіп, сонда бардым. Әлгі шеберханадан командиріміз Николай Ковалев шығып келеді. Иә, өзі. Ол мені қасына алып жүріп, бейнелеу өнеріне баулыды. Кейін біз де тәп-тәуір сурет сала бастадық. Бір сөзбен айтқанда, Ковалев ұстазым болып, әрі әкемдей қамқорлық көрсетті, – деп толғанады майдангер.

Расында, Махмұт Бесімбаевтың өмірі шағын әңгімеге бергісіз. Бұл оқиғаның шарықтау шегі – 1943 жылы жолдары үзілген командир Н.Ковалев пен Бесімбаевтың Жамбылда қауышатын шағы. М.Бесімбаев Н.Ковалевтың кейінгі ғұмырында қасында болған. Кейіпкеріміз соғыстан келген жылы жары Толған Сәтбаевамен шаңырақ көтереді. Бес ұл, бір қыз сүйеді. Майдангер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Соғыстан кейін еңбектен алыстамай, шаруашылыққа да араласқан.

Сәндібек Асанәлі,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар