Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдарға тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту жүктелген. Осы мақсатта сауда саласында азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлардың бағасы мен сапасын бақылауда ұстау басты назарда. Сондай-ақ мүдделі мекемелер кәсіпорын, сауда орындары, сатушы секілді басқа да тиісті тараптар бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің талапқа сай болуын еліміздің «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңы аясында тексеріп отыруға құқылы.Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Сексен Қасымбековтің айтуынша, осы жылдың 5 айында аталған департаментке 463 өтініш келіп түскен. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында 385 өтініш жасалып, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 123 өтінішке артқанын көрсеткен. Былтыр 5 айда тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініш саны 262-ні құраған екен.Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы өтініштердің өсімі 47 пайызды құрапты. Сауда қызметі саласында 78 жазбаша өтініш түскен.
– Департаментке келіп түскен жазбаша өтініштердің жалпы саны – 269. Мамандардың азаматтарды қабылдауы – 50 адам, басшының азаматтарды жеке қабылдауы – 2 тұтынушы, сенім телефонына 134 өтініш, «Telegram» бот бойынша 8 өтініш түсті. Тұтынушылардың шағымдарының негізгі саласы – бөлшек сауда. Бұл бойынша 178 шағым бар. Ол шағымның жалпы санының 46,2 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бөлшек саудаға қатысты шағымдар 3,2 пайызға қысқарды.Бөлшек саудаға байланысты шағымдарда сатушының сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартуы басым. Одан кейін күнтізбелік 14 күн ішінде тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тарту секілді жайттар ел ішінде көптеп кездесуде.Электрондық сауда саласындағы шағымдар саны 2023 жылдың 5 айында 38-ді құраса, 2024 жылдың 5 айында 67-ге жетті. Өсім 76,3 пайызды көрсетіп отыр. Шағымдардың бұл түрі тұрмыстық қызмет көрсету және тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық бойынша өтініштер санынан озып, екінші орынға шықты. Департамент қараған өтініштердің ішінен 261 өтініш қанағаттандырылды, бұл 65 пайызды құрайды. Тұтынушыларға 13,7 миллион теңге қайтарылды, 140 тұтынушы өздерін қызықтырған мәселелер бойынша түсініктеме алды.
Сонымен қатар 45 өтініш құзыреті бойынша басқа мемлекеттік органдарға жіберілді, 17 өтініштің нәтижесі жұмыстардың әлі де жүргізілуімен байланысты болып отыр.2024 жылдың 5 айында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушылардың өтініштері бойынша бизнес субъектілеріне жоспардан тыс 58 тексеру жүргізді. Оның ішінде сауда саласындағысы – 46, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағысы – 12. Бұл тексерулер ішкі сауда субъектісінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің мөлшерін асыруы, тұтынушының шағымына жауап бермеуімен байланысты болған жайттарға қатысты жүргізілді. Тексеру нәтижесінде 44 бұзушылық анықталды. Нәтижесінде 31 ұйғарым енгізіліп, бұзушыларға ескерту түрінде 40 әкімшілік жаза және жалпы сомасы 452 270 теңгеге айыппұл түрінде 4 жаза қолданылды. Сонымен қатар 3 субъектіге 33 228 теңге сомаға тексеру жүргізбей айыппұл салынды, – дейді Сексен Тұрсынтайұлы.
Департамент өңірлік БАҚ беттерінде, радио, телеарна, «Facebook», «Instagram», әлеуметтік желілерінде материалдар жариялау арқылы халық арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізеді екен. Мақсат – тұтынушылардың өз құқығын білуі және әуре-сарсаңға түспеуін қамтамасыз ету.2024 жылдың 5 айында әлеуметтік желілерде 820 материал, өңірлік БАҚ-та 39 мақала жарияланыпты. Департамент қызметкерлері облыстық телеарналарда 2, облыстық радиода 2 рет сұхбат беріпті. Тараз қаласының қоғамдық бірлестіктерімен қосылып 4 «Ашық есік» күні, 10 қоғамдық қабылдау өткізілген. Қоғамдық бірлестіктермен бірлесіп өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында 5 брифинг ұйымдастырылған.Осындай халықтың арасында ағарту жұмыстары қаншалықты жүргізіліп жатса да тұтынушылардың сапасыз тауар сатып алуы немесе тым қымбат бағаға ұрынуы азаймай тұр. Өз құқығының тапталуы бойынша облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментінің қызметіне жүгініп, мәселесі шешілген тұрғынның бірі – Александра Жабинина.
– Күйеуім екеуміз жаңа үйді жабдықтап, «Kaspi.kz» дүкенінен тауар алмақшы болдық. Осы мақсатта «Kaspi жұма» акциясын пайдаланып, үйге көрік беретін дүниелер сатып алдық. Осындай тауардың бірі – теледидар. Біз теледидардың қаржысын екі жылға айма-ай бөліп төлеу тетігі арқылы сатып алдық. Теледидар үйде бір апта тұрды. Тауар оралған, өйткені ол кезде бұл үйге әлі кірмеген едік. Біз теледидарды ашқан кезде теледидарға қатты зақым келгенін көріп, дүкенге қайтып келдік. Сатушы біздің шағымымыздан екі рет бас тартты. Содан кейін мен «еGov» қосымшасы арқылы облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өтініш қалдырдым. Онда еңбек ететін Татьяна Федосова маған хабарласып, не істеуім керектігін, қандай құжаттарды жинауым қажеттігін, құжатты қайда жіберетінім жөнінде кеңес берді. Татьяна Николаевна менімен үнемі байланыста болды. Мұндай жағдайға бірінші рет тап болғандықтан Татьяна Николаевна барлық уақытта көмегін аямады. Берген шағымдарымызға дүкен иесі жауап бермей, тек бізбен қатынаcты үзіп, уақытты созумен болды. Кез келген мәселені шешу мерзімі белгіленгенімен олардан қайран болмады. Осы мерзімдердің барлығы аяқталғаннан кейін мен өтінішті қайта жаздым, содан кейін аталған департаменттің мамандары тексеру ұйымдастырды. Мамандар тексеру ұйымдастырған кезде дүкен бір күнде бізбен байланысып, тауарға деп алған ақшаны толық көлемде қайтарды. Әрине, мұның әуре-сарсаңы өте көп болды. Ең маңыздысы, мұндайда көптеген дәлел жинау керек екен. Татьяна Николаевнаға тағы да алғысымды білдіргім келеді. Ол өз ісінің нағыз маманы. Осындай маман болмаса, әрине, біз бүлінген теледидарға ақша төлейтін едік, – деді ол.
Кейіпкеріміз тауарды сатып алғанда, үйге келіп ашқанда міндетті түрде бейнежазба пайдалану керектігін айтады. Заңда бұл еш жерде көрсетілмесе де дүкен иелері бейнежазба талап ететін көрінеді. Ол адамның өз құқығын қорғау үшін және тауар бүлінген болса, ақшаны кері қайтарып алу үшін қажет.
Сондай-ақ дүкеннің тауар тасушысы (курьер) өнімді үйге жеткізгенде оны ашып көрсетуге міндетті. Сондай-ақ барлық қораптарды, чектерді және басқа да тиісті заттарды мұқият сақтау аса маңызды. Бастысы тауарды сатып алғанда, жеткізушіден қабылдағанда сатып алушы мұқият болуы керек. Ал қандай да бір келеңсіздікке тап болғанда тұтынушы өз құқығын қорғауға ұмтылуы тиіс.
Нұрым Сырғабаев