Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Инфляциялық үдерістерді тежеу - маңызды

Инфляциялық үдерістерді тежеу - маңызды
Ашық дереккөз
Қандай да бір тауардың, өнімнің өзіндік құны болатыны белгілі. Мәселен, бір өндіріс ошағы белгілі бір өнімді нарыққа шығарды делік. Осы өнім дайындалып біткенге дейінгі кеткен шығындарға жұмсалған қаржы тауардың өзіндік құны болып есептеледі. Одан кейін ол тауарға кеткен шикізат, электр энергиясы, газ секілді коммуналдық қызмет пен салық, жұмысшы жалақысы секілді шығындарды жабу үшін тауардың ақшалай өлшемі, яғни баға қойылады. Сөйтіп, өнім нарыққа жол тартады. Егер әлгі өнім біздің нарыққа сырттан келетін болса, оған жол шығыны, делдалдың, саудагердің үстемеақысы қосылып, тауардың бағасы өзіндік құнынан бірнеше есеге шарықтай түседі.

Жалпы қандай да бір мемлекетте еңбек өнімділігі алға баспаса, өндіріс өрге тартпаса, кез келген көрсетілетін қызметтердің ақысы өссе, шығарылатын өнімге қатысты жұмсалатын шығын көлемі артса, шикізат сырттан келсе, жұмысшылардың жалақысы мардымсыз болса, жергілікті нарық шетел валютасына тәуелді болса, ұлттық валюта құнсызданса, мемлекет әлемдік бәсекелестік ортаға кіріге алмаса, жалпы осындай сан түрлі факторлар тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасының өсуіне тікелей ықпал етеді. Мұндайда мүдделі мемлекет нарықтағы бағаны ұстап тұрудың, халыққа тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен бағасының қолжетімді болуының амалын жасап бағады.Көп жылдан бері біздің де мемлекет осындай түрлі кедергілермен күресіп-ақ келеді. Жұртшылықтың тұрмыс жағдайын көтеру үшін халықтың белгілі бір санаты бойынша жәрдемақылар тағайындалып, күнделікті тұтынуды қажет ететін тауарлардың бағасын мемлекеттік бюджет есебінен тұрақтандыруға күш салуда. Сол үшін де бүгінде тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бағасын тұрақтандыру өзекті мәселе ретінде күн тәртібінен түспей тұр.

Оның ішінде Әулиеата өңірінде де инфляциялық үдерістерді тежеу мақсатында негізгі азық-түлік тауарлары мен азық-түлік емес тауарлары және ақылы қызметтерге қатысты бағаны тұрақтандыру бағытында бірнеше жылдан бері жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Әсіресе облыстың түрлі сауда орындарында, коммуналдық базарларда азық-түлік бағасы бақылауға алынып, сәт сайын ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің жәрмеңкелері өткізіліп, әлеуметтік дүкендерде, кейбір ірі сауда орындарының арнайы сөрелерінде азық-түлік халыққа нарықтағы бағадан 15-20 пайызға дейін төмендетіліп ұсынылуда.Облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аймақ бойынша жылдық инфляция 2,8 пайызды құраған. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының инфляциясы жыл басынан бері 2,9 пайыз болған. Сонымен қатар жарма тауарлары бойынша форвардтық және тұрақтандыру қорына сатып алу келісімшарты негізінде қорлар қалыптасқан. 

– Қазіргі таңда облыстың азық-түлік қорында 3 260 тонна қант, 593 тонна ұн, 1 038 тонна күріш, 102 тонна қарақұмық жармасы, 755 мың литр өсімдік майы, 5891,5 мың тауық жұмыртқасы бар.Азық-түлік бағасын тұрақтандырудың тағы бір негізгі тетігі – өңірлік тұрақтандыру қорынан интервенция жүргізу. Бүгінгі күнде тұрақтандыру қорынан 7 тауар түрі бойынша 77,1 тонна және 604,9 мың тауарға интервенция жүргізілді. Атап айтқанда, 5 тонна қарақұмық жармасы мен 55 тонна күріш 41 сауда дүкеніне, 700 келі қырыққабат пен 1,8 тонна картоп 3 сауда нүктесіне, 604,9 мың тауық жұмыртқасы 55 сауда дүкеніне, 10,3 тонна ұн 40 сауда орнына, 4,3 тонна сәбіз 18 сауда нүктесіне интервенция жұмыстарын жүргізу арқылы жіберілді.Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырудың тағы бір жолы – артық делдалдық буынды жою. Бүгінге дейін артық делдалдық буынды жою комиссиясының 39 отырысы өтіп, 61 құқықбұзушылық фактісі анықталды. Фактілердің басым бөлігі жарма және көкөніс тауарлары бойынша анықталды. Бұл бойынша да тиісті жұмыстар атқарылуда, – дейді Аспандияр Мұраталыұлы.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру жұмысы аудандарда да жүйелі жүргізілуде. Мәселен, Жуалы ауданында «Сары-Ағаш», «Жуалы жер жаннаты», «Дары природы» базары және «Саду» мал базары секілді 4 бірдей базар жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ мұнда «Айдана», «Универсам», «Тәтті себет», «Інжу-Маржан», «Аяла» сауда үйі секілді ірі сауда орындары мен азық-түлік сататын 112 дүкен бар. Жуалы ауданы әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің бас маманы Ербол Нұрбековтің сөзіне сүйенсек, 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарының 11 түрі ауданда өндіріледі. Яғни қалған 8 түрлі әлеуметтік маңызы бар тауар бойынша аудан сыртқы нарыққа тәуелді.– Атап айтқанда, бөлке нан, сиыр еті, тауық еті, майлылығы 2,5 пайыз пастерленген сүт пен пастерленген айран, майлылығы 5,9 пайыз сүзбе, сары май, өсімдік майы, қырыққабат, сәбіз, картоп аудан аумағында өндіріледі. Ал күріш, бірінші сортты бидай ұны, қарақұмық жармасы, рожки, тауық жұмыртқасы, қант, ас тұзы, пияз басқа облыстардан жеткізілуде.

ҚР Ұлттық экономика министрінің «Ішкі сауда қағидаларын бекіту туралы» 2015 жылғы бұйрығына сәйкес осы жылға 90 дүкенмен сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандум жасалып, нәтижесі тиісті басқармаға жолданды. Ауылдық округ әкімдерімен бірге аудандағы барлық 112 азық-түлік дүкенімен меморандум толық жасалып, 19 азық-түлік тауарының бағасын өсірмеу және бағаны негізсіз өсірген жағдайда тиісті тараптың әкімшілік жауапкершіліке тартылатыны жөнінде хабарлама таратылды. Соңғы аптада аудан бойынша 50 дүкенге мониторинг жұмыстары жүргізілді.Осы жылы аудан әкімдігі мен тауар өндірушілер арасында өндірілген өнімге сауда үстемесін 10 пайыздан асырмау туралы 8 меморандум жасалды. Былтыр 17 сауда дүкеніне отандық тауар өндірушіден тікелей делдалсыз әлеуметтік маңызы бар тауарлардың ішінде 8 тауар түрі бойынша 64,5 тонна көлемінде тауар жеткізілді. Оның ішінде 50 тонна сүт өнімдері, 1 тонна өсімдік майы, 500 келі тауық еті, 13 тонна картоп бар, – дейді Ербол Ералыұлы.

Негізінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру шараларының бастапқы мәселесі – сауда дүкендеріне мониторинг, хаттамалық ескерту және айыппұл салу. Өткен жылы әкімшілік іс жүргізу құзыреттілігі облыстық сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне берілгені есте.2024 жылға Жуалы ауданы тиісті дүкендер бойынша сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандум жасаған. Осы жылға аудан әкімдігі мен тауар өндірушілер арасында өндірілген өнімге сауда үстемесін 10 пайыздан асырмау туралы 8 меморандумға қол қойылған. Өткен жылы 27 дүкенмен сауда үстемесін 15 пайыздан асырмау туралы меморандум, тауар өндірушілермен 6 меморандум жасалыпты.Аудан әкімдігінің 2024 жылдың 19 наурызындағы «Жуалы ауданында негізгі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларына қоғамдық зерделеу жүргізетін жұмысшы топ құру туралы» қаулысы негізінде құрылған жұмысшы топ мүшелерінің өтініші бойынша 8 заңбұзушылық туралы анықталған актілері жасалып, сауда департаментіне жолданған екен. Осы жылы 8 өтініш жолданып, 3 азық-түлік дүкеніне ескерту түріндегі әкімшілік шара қолданылса, 3 өтініш негіздеме болмауына байланысты кері қайтарылыпты. 2 өтініш бойынша заң нормаларын бұзушылық дәлелденбеген.Өткен жылы ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 204-4-бабына сәйкес сауда үстемесін қайта бұзғаны үшін 1 сауда нүктесіне 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салыныпты.

– Ауданда «Бақыбеков Д», «Құрмаш», «Нұрдана», «Наурзкулова А.Б», «Руфина», «Айбасов Е» сынды 6 наубайхана орналасқан. Облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы тарапынан жеңілдетілген ұнның 1 келісін 130 теңгеден «Бақыбеков Д», «Наурзкулова А.Б», «Руфина» жеке кәсіпкерліктеріне және «Құрмаш», «Нұрдана» шаруа қожалықтарына бір айлық сұраныс бойынша 55 тонна ұн жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Бір айлық қажеттілік бойынша наубайханалар сұранысына келсек, «Бақыбеков Д» мен «Құрмаш»-қа 15 тоннадан, «Руфина»-ға 5 тонна, қалғандарына 10 тоннадан ұн қажет.Қошқарата ауылдық округінде орналасқан жеке кәсіпкер «Айбасов Е» күндік пісірілетін бөлке нан көлемінің аз болуына байланысты ай сайын алынатын ұн көлемін қажеттілікке жарата алмауына байланысты ол жеңілдетілген бағадағы ұнды алудан бас тартты. Бүгінгі күнге барлық 6 наубайханада қалдық қоры 55 тонна, бұл қалдық 1 айға жетеді.Ауданда ұн сатумен айналысатын 6 сауда орны бар. Бүгінгі күнге бірінші сортты бидай ұнынан барлық қор 80 тоннаны құрайды. Қазіргі уақытта барлық сауда орнында бірінші сортты ұнның 7 түрі сатылымда тұр. Атап айтсақ, «Пионер», «Беркад», «Ақсарай», «Жақсы», «Жейхун», «Дарад», «Тян-Шань» сауда белгісімен сатылатын ұндар бар. 1 қап ұннан орта есеппен 110 бөлке нан пісірілсе, 1 тонна ұннан 2 200 бөлке нан шығарылады. Жеке кәсіпкер «Сейдалиев У» тарапынан Тараз қаласынан келетін «ХД» сауда белгісі бар зауыт наны 1500-2000 дана аралығында дүкендерге таратылады, – дейді Е.Нұрбеков.

Осы жылдың ақпан айында аудан кәсіпкерлеріне «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында өз өнімдерін тікелей өткеру мақсатында Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімімен бірлесіп, «Ауыл Береке» базарының аумағынан сауда-саттыққа арналған жер телімін алу бойынша келісім жасалыпты. Бүгінгі күнге «Алқаптан сөреге дейін» жобасы аясында ниет білдіруші «Бурный ірімшік зауыты» мен «Мол Даму» агроөнеркәсіптік кешені, «Ақ ммо – 2025» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Султанова Г» жеке кәсіпкерлігіне 200 шаршы метрден тиісті жер қарастырылып жатқан көрінеді.

Айта кету керек, Тараз қаласы әкімдігі кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі қазіргі уақытта аталған ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге қатысты жерге орналастыру актісі жасау жұмыстарын жүргізіп жатса керек. Бұл жұмыстарды 2024 жылдың шілде айына дейін аяқтау жоспарланыпты.Осы ретте жуалылық  ауылшаруашылық тауарларын өндірушілердің өз өнімімен аудан нарығын қамтамасыз етіп қана қоймай, облыс орталығында да тауарын саудалауға ниеттенгені қуантады. 

Нұрым Сырғабаев


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар