Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ең белсенді волонтер анықталды

Ең белсенді волонтер анықталды
Ашық дереккөз
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жоғары деңгейде іске асыру үшін жуалылық жастар да жұдырықтай жұмыла әрекет етуде. Жуалы ауданы әкімінің аппараты мен жастар ресурстық орталығының бастамасымен «Жасыл ел» еңбек жасағының қатарына қабылданған 100-ге жуық жас пен еріктілер тазалық жұмыстарына атсалысты.

Іс-шара 10 маусым күні Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Мәңгілік ел» саябағы мен «Жастар» аллеясында өтті. Жастар саябақтардың аумағына санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізіп, түрлі қоқыстан тазартты. Басты мақсат – жастардың экологиялық білімін арттыру және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.Жуалы аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Жеңісбек Сейтбековтің айтуынша, тазалық жұмыстарына тұрғындардың да үлес қосқаны маңызды.


– Еріктілермен тазалық жұмыстарын барынша жүргізудеміз. Бірақ жергілікті тұрғындар да игі іске атсалысуы керек. Тазалық жұмыстарымен тек қана әкімшілікте қызмет істейтін азаматтар мен волонтерлер айналысуы керек десек, қателесеміз. Әрбіріміз ауламызды таза ұстап, қоршаған ортаның тазалығына немқұрайды қарамасақ, ізімізді басып келе жатқан жас буынға да үлгі-өнеге көрсетеміз, – дейді Ж.Сейтбеков.


Ұйымдастырушылардың сөзіне сүйенсек, мұндай сенбілік күнделікті өткізіледі. Көптеген ерікті іс-шараға «Таза Қазақстан» акциясы бастау алғаннан бері үлес қосуда. Еріктілер ауданды тазартуға үлес қосып қана қоймай, өздеріне жаңа дос тауып жатқанын айтады.Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» акциясы аясында ұйымдастырылған іс-шара барысында аудандағы ең белсенді волонтер анықталды. Нақты айтқанда, жуалылық ерікті жас Аманқұл Бейбітхан аудандағы «Ең белсенді волонтер» атағына ие болды.Дәл осы күні Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылында орналасқан Б.Момышұлы музейінің аумағында тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. «Болашаққа есірткісіз қадам» тақырыбымен өткен іс-шараны ұйымдастырудағы басты мақсат – жастарды еңбекке баулу, олардың табиғатқа деген жанашырлығын арттыру. Сондай-ақ бойындағы патриоттық сезімін қалыптастыру, зиянды заттардан аулақ болып, жастарды жат қылықтан сақтай отырып ауданның көркеюіне, абаттануына, тазалығына жұмыла үлес қосу.

Ақсай ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Кәрібай Құрмашев осындай акциялардың арқасында жастардың бойында еңбексүйгіштік қасиет дамып, табиғатқа деген сүйіспеншілік артатынын жеткізді.– Күн жылынғалы түрлі тазалық шаралары ұйымдастырылып жатқанына куәміз. Жуалы жұртшылығына ғана емес, барша қазаққа ортақ болған Баукеңдей азаматтың мұражайына тазалық жұмыстарын жүргізу көпке үлгі боларлық дүние. Жастарымыз зиянды әдеттерден аулақ болып, Бауыржан Момышұлындай тұлғаларды өздеріне үлгі тұтқаны қуантады. Ерікті жастарымыз акцияға өте белсенді қатысуда. Сондықтан еріктілерге ризашылығымды білдіремін. Алдағы уақытта да жастар ауданымыздың көркеюіне, абаттануына өз үлестерін қосады деген сенімдемін, – дейді К.Құрмашев.
Акцияға барлық мекеме, аудан және ауыл жастары қатысты. Қатысушылар музей аумағын күл-қоқыстан тазартып, көркейту жұмыстарын жүргізді. Тазалық жұмыстарына 200-ден аса адам мен 3 техника жұмылдырылды.

Сөз соңында айта кетсек, Жуалы ауданында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына 7 000-ға жуық адам атсалысып, 17 тыл еңбеккері мен жалғызбасты қарияның ауласына абаттандыру жұмыстарын жүргізді. Аудан аумағына 4 000-ға жуық ағаш көшеті отырғызылып, 7 500 тал-дарақтың діңі әктелді. Жалпы 5 аптаға созылған науқанда 60 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылған болатын.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ,
Жуалы ауданы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар