Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тұрғындар табиғатқа қамқорлық танытуда

Тұрғындар табиғатқа қамқорлық танытуда
Ашық дереккөз
Астана қаласында өткен сенбілікте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе», – деген еді. Экологиялық мәдениетті қалыптастыруды, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін оятуды көздейтін елдік деңгейдегі акцияның расында да берері мол.

Жалпы табиғат – тіршілік атаулының мекені, жер бетінің көрік берген сәні. Табиғат деген сөздің мағынасы туған жер, атамекен ұғымдарымен қатар тұрады. Сондықтан да ата-бабамыз табиғат алдында өзін жауапты сезініп, туған жердің аң-құсы мен өзен-көлін, тау-тасын қадірлеп, бұлақ көрсе көзін ашып, ұрпағына табиғатқа қамқор болуды дәріптеген.8 сәуірде республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны белгілі. Акция бес аптаға созылды. Әр апта белгілі бір тақырыпқа арналды. Шу ауданының тұрғындары экологиялық акцияға белсене қатысып, тазалыққа әлі де өз үлестерін қосуда. Акция шеңберінде 100-ден аса адам «Таза су айдыны» іс-шарасына тартылып, шомылу орындарының маңындағы күл-қоқыстарды жинап, арнайы полигонға жіберді. Акцияға «Жасыл ел» еңбек жасағының, жастар орталығының еріктілер қозғалысының мүшелері қатысты. Мұндай жұмыс жаз бойы жалғасады.

Маусымның 10-ы күні Төле би ауылының орталық алаңын тазалау кезінде үздік аула сыпырушылар анықталды. Мәселен, Төле би ауылдық округінде біршама жыл бойы қоғамдық жұмысшы болып еңбек етіп келе жатқан Александр Кривенко еселі еңбегі үшін ауыл әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Өз кезегінде ауылдық округ әкімі Арнұр Рахымқұлов тазалықтың сақталуы еңбек адамдарының төккен тері, еткен бейнетінің арқасы екенін тілге тиек етіп, алғыс білдірді.Экологиялық акция Шу өзені мен орталық саябақ және жастар аллеясында да ұйымдастырылды. Шу өзенінің бойында бірнеше шомылу орны болғандықтан келушілер де көп. Шашылып жатқан қоқыс та аз емес. Жастар мен еріктілер айналаны қоқыстан тазартты.

– Бұған дейін біздер «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары арқылы «Таза жағалау» акциясы аясында Шу өзенінің жағалауын қоқыстан тазартқан болатынбыз. Өзен жағалауынан бүгінге дейін 10 тоннаға жуық күл-қоқыс шығардық. Әне-міне дегенше шомылу науқаны басталды. Сол себепті біз өзен жағалауына тазалық жұмыстарын жаз бойы жүргізбекшіміз. «Таза Қазақстан» – тамаша идея. Күнделікті өмірде адамдар өзін бақытты сезінудің бір шарты – тазалық. Сондықтан мемлекет көлемінде ұйымдастырылған акцияға қатысу Қазақстанның көркеюіне қосқан тамшыдай болсын үлесіміз деп білемін.«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген нақыл сөз енді іске айналуы тиіс, – деді Арнұр Ермекбайұлы.

 

«Таза Қазақстан» акциясына тек жастар емес, тұрғындар мен ауыл ақсақалдары да қатысуда. Төле би ауылының еңбек ардагерлері ұйымының төрағасы Мырзахан Құрманбеков ардагерлердің акцияны қолдайтынын айтады. Ақсақал экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған іс-шара халықтың ыстық ықыласын, белсенділігін арттырғанын сөз етті.Акция ауданның Жаңажол ауылында да «Бірлігіміз жарасқан» деген тақырыпта ұйымдастырылып, түрлі этнос өкілдерінің қатысуымен сенбілік өтті. Игі іс-шараға 70 адам, 2 техника жұмылдырылды. Акция барысында округтегі тұрғындар, түрлі мекеме қызметкерлерінің қатысуымен жол жиектері мен жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ ескірген дүкен маңдайшалары ауыстырылып, округ аумағындағы талдарды әктеу жұмыстары атқарылды.

Сәуір айында басталған тазалықтың екі айлығына және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясына барлығы 100-ден аса адам жұмылдырылып, 2 техника көшелерді тазартты, 
2 тонна тұрмыстық қалдықтар мен қоқыс үйінділері шығарылды. Жеке секторларда 300 аула тазаланып, қатты тұрмыстық қалдықтар арнайы бөлінген орындарға шығарылды. Ауыл аумағында және мекемелердің аулаларына жеміс талдардың көшеттері отырғызылды. Округтегі ескерткіштер аумағында тазалау жұмыстары жүргізілді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында Шу қаласында да жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр. Аудандағы «Жасыл ел» еңбек жасағы Қазақстандағы экологиялық жағдайды жақсарту және жұртшылықтың өмір сүру сапасын арттыру жолында маңызды қадамдар жасауда. Жастардан құралған «Жасыл ел» еңбек жасағы – экологиялық жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру арқылы жастарды маусымдық жұмыспен қамтуға, қалалар мен елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жалпы ұлттық қозғалыс. 

Тазалық пен тәртіп кез келген аймақтың табысты дамуының кепілі ғана емес, тұрғындар мәдениеттілігінің өлшемі. «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, әр елді мекеннің тазалығы, сәулетті де көрікті болуы ауыл тұрғындарының жанашырлығына тікелей байланысты.Негізгі мақсат – халық арасында қоғамдық және экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік, туған жерге және қоршаған ортаға деген жанашырлық пен құндылықтарды дәріптеу. Байзақ ауданында осы ұғым аясында көктем шыға елді мекендерді тазарту және абаттандыру жұмыстарына азаматтарды кеңінен тарту, осы іс-шараларға жастарды, еріктілерді жұмылдыру көзделген. Бүгінгі таңда «Таза Қазақстан» акциясы еліміз бойынша өтіп жатса, акцияға үн қосқан өңірлер арасында Байзақ ауданы да бар. Байзақ ауданының орталығы саналатын Сарыкемер ауылындағы Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақта аудан әкімдігінің бөлімдері, мекеме қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілердің «Руханият» волонтерлік қозғалысы және жастар мен волонтерлердың қатысуымен санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.Аудан тұрғындары, белсенді жастар, еріктілер Кеңес Одағының Батыры Ақәділ Суханбаев атындағы орталық саябақ аумағын, балалар ойын алаңшасын, скверлер мен орындықтарды тазалап, абаттандырды.Жалпы тазалық жұмыстарына 50-ден астам адам қатысып, арнайы техникалар жұмылдырылды. Санитарлық тазалық барысында 2 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 250 шаршы метр аумақ тазаланды. 

– Әрбір тұрғын өзінің ауласының тазалығына, тұрғылықты жеріне жанашырлықпен қараса, ауданымыз да көркейіп, гүлденеді. Қоршаған ортаны қорғау, туған өлкеміздің тазалығын сақтау – баршамыздың азаматтық парызымыз, – дейді Байзақ аудандық жастар ресурстық орталығының директоры Мұхтар Қозбаев.


Іс-шара соңында орталық саябақта көзге түскен белсенділерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Экологиялық акцияға белсене қатысып, өз үлестерін қосқаны үшін «Ең үздік волонтер» аталымы бойынша жастар ресурстық орталығы директорының алғыс хатымен осы мекеменің мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің жастармен жұмыс жөніндегі маманы Ерлан Бартбек, №3 Байзақ колледжінің 3-курс студенті Бағжан Өксікбай, «Жастар практикасы» бағдарламасына қатысушы Аякөз Базарбаева марапатталды.Табиғат байлығын көздің қарашығындай сақтау, қоршаған ортаны қорғау, жасыл желекті аялау әр азамат үшін бұлжымас парыз. Біз сөз еткен аудан тұрғындары, жастар «Тазалық – баршаға ортақ іс» деген ниетпен күн кешуде. Бұл аудандарда тазалық, көріктендіру, көгеріштендіру жұмыстары жыл бойы жалғасады. 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар