Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бірлік ауылында электр бағандары тозған

Бірлік ауылында электр бағандары тозған
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде Шу ауданы, Бірлік ауылдық округінің әкімі Нұрбек Қарауловтың қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Нұрбек Опабекұлының айтуынша, ауылдық округте бір ғана елді мекен бар. 718 түтіннен құралған елді мекенде 3 518 адам тұрады. Ауыл тұрғындарының 2 209-ы қазақ болса, қалғаны орыс, күрді, украин, неміс, беларусь, татар, шешен, поляк, әзербайжан, өзбек, ұйғыр, қырғыз, түрік, армян этносының өкілі.

Ауылдық округтің жалпы жер көлемі 847 гектар болса, оның ішінде 485 гектары жайылым. Мұнда жер телімі аз болғандықтан ауылшаруашылығы саласы дамымаған, әйтсе де тұрғындар азын-аулақ мал ұстаумен айналысады. Округте 605 мүйізді ірі қара, 1 797 уақ мал, 44 жылқы тіркелген. Ауыл тұрғындарының кейбірі өз нәсібін мақсары майын өңдейтін «Kaz Ir Agro» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің цехы, мұнай өнімдерін өңдейтін «Бірлік энерго» ЖШС-ның зауыты, «ПМС-Бірлік» ЖШС темір жол жөндеу мекемесі, «РЗДИ-85» ЖШС-ның асфальт өңдеу зауыты, «Инфинити» ЖШС, руда тасымалдаушы «ТРАНКО» ЖШС, «Акишин» көкөніс қоймасы арқылы айырып отыр. Бұдан бөлек 8 дүкен, 3 шаштараз, 1 асхана халыққа қызмет көрсетеді.

– Ауылдық округті дамыту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылып, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Өткен жылы Амангелді, Жастар, Әулие ата, барлығы 4,45 шақырым көше жолының жабыны орташа жөнделіп, асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Оған 132 миллион 259 мың теңге қаржы жұмсалды. Орталық саябаққа орындықтар қойылып, жарықтандырылды. Кіші саябақтың іші абаттандырылып, орындықтар мен субұрқақ орнатылды. Игерілген қаржы 16 миллион 341 мың теңгені құрады.

Осы жылы бюджет есебінен көшелерді жөндеуге 184 миллион 905 мың 900 теңге бөлінді. Тұрғындардың 82,3 пайызы таза ауызсумен қамтылған, ал газ тұтыну бойынша көрсеткіш 78,2 пайызды құрайды. Ауылдық округ электр желілерімен 100 пайыз қамтылғанымен қазіргі таңда бағандар мен сымдардың тозығы жеткен. Ол жөнінде құзырлы органдарға хаттар жазылып, тиісті жұмыстар жүргізілуде, – дейді Нұрбек Опабекұлы.


Ауылдық округтегі өзекті мәселенің бірі – тұрмыстық қатты қалдықтар тастайтын полигонның жұмысын жүйелендіру. Бұл бойынша қазір тиісті жұмыстар атқарылып жатқан көрінеді. Ұзындығы 2,2 шақырым Бірлік ауылының айналма жолын орташа жөндеу үшін құны 30519,0 мың теңгені құрайтын жобалық-сметалық құжаттама дайындалыпты. Бүгінде қаржы көздерін қарастыру ісі жүргізілуде.

Н. БОЛАТҰЛЫ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар