Азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесі қызметінің бас болуымен су тасқыны салдарын жою, тасқынға қарсы іс-шараларды ұйымдастыру, апаттық-құтқару жұмыстары жүйелі жүргізілді. Негізінде алапат апатпен күрес жүргізуде осы іске атсалысқан әр адамның жанкешті еңбегі елеуге тұрарлық. Олардың арасында өңіріміздің де оғландары бар. Осыған орай кеше Тараз қаласындағы «Grand Royal» мейрамханасында облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Атырау облысында су тасқыны салдарын жою жұмыстарына атсалысқан кәсіпорын, мекеме қызметкерлерін марапаттау жиыны ұйымдастырылды. Оған облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек қатысты.
– Еліміздің бірқатар өңірінде табиғи апат орын алып, тілсіз жау мал-жанға қауіп төндіргенде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үндеу жариялап, бүкіл ел болып, әр өңірдің азаматтары апатпен күресуге үлес қосты. Оның ішінде Атырау облысындағы елді мекендерді табиғи апаттан қорғау үшін алдын ала дамба, бөгет, су тоспалары салынды.
Осы жұмыстарға біздің облыстан 106 арнайы техника жұмылдырылды. Атырауда апатпен күрескен жерлестеріміздің ішінде бір бөлігі облыстық төтенше жағдайлар департаментінде еңбек етіп жүрген әріптестер мен әскерилер болса, екіншісі қарапайым азаматтар. Яғни бұл іске өңіріміздің жол саласындағы мекемелер және басқа да кәсіпорындар өздерінің техникасын, мамандарын жұмылдырды. Олар ұзындығы 250 шақырымды құрайтын тоспалардың салынуын ұйымдастырды. Облысымыздан көмекке аттанғандар Атырау облысында елу күн жұмыс істеді. Мұндай еңбектің артында алғысы болуы керек. Сол үшін де облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы табиғи апат зиянын тигізген өңірде болып, аянбай еңбек еткен азаматтарға алғыс білдіруді жөн көрді. Аймақ басшысы жұмыс сапарымен аудандарды аралап жүруіне байланысты марапаттау рәсімін өткізу ісін бізге жүктеген еді. Сондықтан осындағы бірқатар азаматты облыс әкімінің атынан марапаттауға рұқсат етіңіздер, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.
Жиында Қ.Мәдібек облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерболат Сейтбековтің және «Жамбыл су» кәсіпорны мен «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің көлік жүргізушілері Байман Қалдыбеков пен Нұржан Сарсекеевтің кеудесіне «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты. Сонымен қатар 12 азамат облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, 46 адам облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Жиын соңы Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармония өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.
Нұрым Сырғабаев