Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Оқитын ұрпақ - ұлт болашағы

Оқитын ұрпақ - ұлт болашағы
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналуымыз керектігін айтқан болатын.

«Ақпараттық технологиялардың пайдалы жағын ғана алып, зияны жағынан сақ болуымыз керек. Балалар түгіл, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады», деген еді Қ.Тоқаев. 


Сондай-ақ соңғы жылдарда Президент тапсырмасымен «Оқуға құштар мектеп» жобасы, «Балалар кітапханасы» бағдарламасы қолға алынғаны белгілі. Жақында аталған жобалар аясында балаларға арналған басылымдардың басшылары ұстаздармен кездесті. Тараз қаласындағы облыстық дарынды ұл балаларға арналған лицей-интернатында өткен кездесуде қазіргі жасөспірімдердің әдеби шығармашылық деңгейінің төмен екені айтылды. Оның себебін журналистер жеткіншектердің газет-журнал оқымайтынымен түсіндірді.Жиынға «Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы, «Мөлдір бұлақ» журналының бас редакторы Дәулетбек Байтұрсынұлы, «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы, «Алан балалар» журналының бас редакторы Әсел Тыныбаева, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев, сондай-ақ басқа да балалар басылымдарының редакторлары, мектеп директорлары, кітапханашылар мен мұғалімдер қатысты.

Кездесуді «ZOOM» платформасы арқылы Оқу-ағарту министрлігі тәрбие және қосымша білім беру департаментінің директоры Меруерт Медетбекова алғы сөзімен бастады.
– «Оқуға құштар мектеп» жобасы, ең алдымен, «өмір бойы оқуға» қабілетті ұрпақ қалыптастыруға бағытталған. Алғаш рет Алматы қаласында тұсауы кесілді. Бұл жобаның жүйелі жүзеге асуына тек Оқу-ағарту министрлігі емес, Мәдениет және ақпарат министрлігі де мүдделі. Бүгінде Мәдениет және ақпарат министрлігінің арнайы тіркеуінде тұрған балаларға арналған 29 басылым бар, – деді Меруерт Асқарбекқызы. 

Іс-шарада редакторлар балаларға арналған газет-журналдардың жас ұрпаққа беретін тәрбиесі жайлы сөз етті. Олардың білім алу және даму үдерісінде маңызды рөл атқаратыны, өз ана тілін үйреніп, сөйлеу тілін дамытатыны ұлттық мәдени болмысымызды қалыптастыруда газет-журналдардың атқаратын рөлі зор екені айтылды. Қазіргі уақытта кітапханадағы кітаптардың өзі баланың қызығушылығын арттыра алмайды. Кездесуге келген редакторлардың айтуынша, газет-журналдар кітапханада мүлдем сирек кездеседі, тіпті жоқ десек те болады. Сондықтан олар мұғалімдерге оқушыларды кітапханаға кіргізіп, бір уақыт арнайы газет-журналмен таныстырып, оқытып, жазу қабілетін жақсартуға күш салуды ұсынды.ҚР Оқу-ағарту министрлігі республикалық ғылыми-педагогикалық кітапханасы директорының орынбасары Райхан Файзоллақызы балалардың оқу мәдениетін дамытудағы мұғалімнің рөлін ерекше атап өтті. Ол балаларды кітап, газет-журнал оқуға баулу олардың интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін дамытудың кілті екенін атап өтті.

«Айгөлек» журналының бас редакторы Қымбат Әбілдақызы ана тілінде сауатты жазу, ойды нақты жеткізудің маңыздылығына тоқтала келе, ұлт болашағын тәрбиелеуге қоғам да өз үлесін қосуы қажет екенін айтты.Өз кезегінде сөз алған «Ақ желкен» журналының бас редакторы Есей Жеңісұлы қазіргі жастардың сауаттылығының төмендігі көпшілікті ойландырмайтынына өкініш білдірді.

– Бүгінде оқушылар эссе жазуда бірқатар кемшілік жіберетіні айдан анық. Осының өзі олардың басылымдарды оқымайтынын, кітаптардың мазмұнын да түсінбейтінін көрсетеді. Әлеуметтік желідегі жазбалардан тек оқушылар емес, мұғалімдер де көп қате жіберетінін аңғаруға болады. Бұл тіпті ұстаздардың да басылымды көп оқымайтынын байқатады. Осыдан соң мұғалімдерге қарап бой түзейтін шәкірттерге не дей аламыз? Рас, ешкімді баспасөзге қинап жаздырмайды. Дегенмен жас ұрпаққа білім, тәрбие беретін педагогтар үнемі ізденісте болуы керек. Ал ізденіске газет-журнал, кітап оқу үлкен көмегін тигізеді. Алайда мұғалімдердің бірқатары басылымға жазылудан да бас тартып жатады. Баспасөзге жазылуға мұғалімдердің өзі құлықсыз болса, балалар не болмақ? – деді Е.Жеңісұлы.

«Сыр медиа» ЖШС бас директоры Марат Аралбаев та балалардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру үшін үлкендер үлгі көрсетуі маңызды екенін жеткізді.

– Қазіргі балалар кітап, журнал арқылы білім алсын десек, ата-аналар осы мәселеге ерекше көңіл бөлуі керек. Аға ұрпақ үлгі көрсетіп, балаларды кітап оқуға, газет-журнал оқуға баулуы керек. Рухани құндылыққа бай, сауатты, жан-жақты білімді ұрпақ ұлтқа зор пайдасын тигізері сөзсіз, – деген М.Аралбаев өзі басқаратын серіктестікте балаларға арналған басылымдарға жазылуға мүмкіндік жасалып отырғанын айтты.

Жиын қорытындысында аталған мәселелердің алдын алып, жастарымыздың ана тілінде емін-еркін сөйлеп, тіл мәдениетін сақтап, ойын еркін жеткізетін тұлға болып қалыптасуына бірлесіп еңбектену ұсынылды. 

А. Бекенқызы
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар