Тараз қаласында әлеуметтік дүкендер саны қанша, онда күнделікті тұтынуды қажет ететін қандай азық-түлік түрлері саудалануда? Аталған азық-түлік шаһарға қайдан келеді? Барлық әлеуметтік дүкендердің сауда сөрелеріне қойылған тауарлардың бағасы бірдей ме? Осы мәселелерді зерделеп көрген едік.Жақында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірдің бірқатар бизнес өкілімен кездесіп, еркін форматта әңгімелесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдаған болатын. Басқосу барысында бағаны тұрақтандыру, сауда саласын дамытудың перспективалары, базарларды жаңғырту жұмыстары да қаралды. Талқыланған мәселелер іс жүзінде шешілетінінен көпшілік үмітті.
Біздің айтпағымыз, баға тұрақтылығы жайында. Қазір облыс орталығында 22 әлеуметтік дүкен бар. «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарлары әлеуметтік дүкендерде нарыққа қарағанда арзанырақ сатылуда. Сол дүкендердің бірі «Қарасу» ықшамауданында орналасқан. Онда бір бөлке нан 90 теңгеден саудаланса, қарақұмықтың келісі – 240 теңге, қанттың бір келісі – 250, күріштің келісі – 445, картоптың келісі – 200, пияз 65 теңгеден сатылуда. Сөрелерге ауылшаруашылық тауарын өндірушілердің де өнімдері қойылыпты. Сатушының айтуынша, тауарлардың сапасы мен бағасына қатысты мәселе жоқ.– Тауар күнделікті келіп тұрады, барлық әлеуметтік дүкендегідей тауар бекітілген бағада сатылады. Дегенмен кей кездерде қандай да бір тауарға қатысты баға өзгеріп тұрады. Бірақ тұтынушылардан шағым түскен емес, – деді аты-жөнін атамауды өтінген әлгі сатушы.
Осы әлеуметтік дүкенге қарама-қарсы «Шағын маркет» орналасқан екен. Салыстырмалы түрде алсақ, әлеуметтік дүкенге қарағанда жай дүкендерде баға екі еседей қымбат.
Бір айта кетерлігі, әлеуметтік дүкендегі тауарлардың бағасы әртүрлі. Мысалға, Абай көшесінде орналасқан әлеуметтік дүкенде қанттың бір келісі – 270 теңге. Яғни «Қарасу» ықшамауданындағы әлеуметтік дүкенге қарағанда қант 20 теңгеге арзан. Осының сырын біз түсіне алмадық. Осыдан кейін біз ондағы азық-түліктің кейбір түрі тұрақтандыру қорының тауары болмауы мүмкін деген ойға келдік.
Қала тұрғыны Серік Исмаиловтың айтуынша, Абай көшесінің бойындағы әлеуметтік дүкенде азық-түлік, көкөніс және жеміс-жидектердің бағасы нарықтағы бағадан 15-20 пайызға төмен.– Мұнда баға арзан болғанымен картоп пен пияз целлофан қалтаға салынған. Көзге сапасы жақсы көрінеді, бірақ үйге барғанда оның жартысы шіріп кеткенін көргенде ішің удай ашиды. «Арзанның сорпасы татымас» деген осы. Мен көкөністерді сөрелерден сатып алушы өзі таңдағанын қалаймын. Бағалар басқа дүкендердегідей болсын. Неге? Себебі арзан бағаға аласың, бірақ сапасы қоқыспен бірдей, өйткені ол тауарды қоқысқа лақтырудан басқа амал жоқ. Қарақұмықтың да сапасы нашар, арасында қоқым өте көп екен, – деді ол.
Өзін Аида Айманбетова деп таныстырған тағы бір қала тұрғыны: «Маған әлеуметтік дүкендегі тауарлар ұнайды. Бағалары қолжетімді, бәрін сатып алуға болады. Сатушылары жақсы жұмыс істейді. Мұндағы бағаның арзан болуы тауар сапасында екенін аңғаруға болады. Мұның пайдасы тауарға деген қолжетімділікте. Қазіргі таңда кез келген адам қымбат азық-түлікке қол жеткізе алмайды. Оның себебі – жағдайдың жоқтығы, жалақының төмендігінде. Әлеуметтік дүкендер баға жағынан тұрмысы төмен отбасыларға өте қолжетімді болып тұр. Мысалы, қарапайым дүкенде нанның бағасы 110-120 теңге, әлеуметтік дүкеннен 85-90 теңгеге аламын. Нан кешеден қалған болуы мүмкін, бірақ көгеріп кетпесе одан келетін қауіп жоқ. Картоптары, пияздары шіріп кеткен. Қолындағы ақшасына қарай тұрғындар кейде шірікке қарамай сатып алады.
Мұндай дүкендер аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек болып тұрғанын жасырмауымыз керек. Арзан азық-түлік іздегендер сонда барып алады. Қарапайым дүкеннен ала алмайтын тауарларды сапасы нашар болса да осы жерден алуға болады. Дегенмен тиісті мекемелер тауар сапасын қадағаласа артық болмас еді. Кім білсін, сапасыз тауар адамның денсаулығына зиянын тигізуі мүмкін ғой, – деді А.Айманбетова.
P.S:Қорыта айтқанда, тұрғындардың тұрмыс сапасының басты факторларының бірі – азық-түліктің қолжетімділігінде. Сондықтан жергілікті атқарушы орган халықты арзан тауармен қамтамасыз етуде қоғамды, мүдделі тарапты, халықты алдамауы керек. Тауар сапасын бақылап, баға тұрақтылығы мен оны тежеу жұмыстарын тоқтатпауы қажет.
Снежана АЛЬЖЕВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз өңірлік
университетінің
2-курс студенті
Оқитын ұрпақ - ұлт болашағы
Ұқсас жаңалықтар
208 мың теңгеден асады: 11,1 мыңнан астам қазақстандыққа әлеуметтік төлем тағайындалды
- авторAR-AY
- 19 қыркүйек, 2024