Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өмірге құштарлық өрге бастайды

Өмірге құштарлық өрге бастайды
Ашық дереккөз
Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік жағынан қорғау – мемлекеттің жүзеге асырып отырған әлеуметтік саясатының басым бағыттарының бірі. Сол үшін де мүгедектігі бар адамдардың құқығының қорғалуы, білім алып, медициналық қызметке жүгінуі, оңалтудан өтуі, еңбекке жарамдыларының жұмыспен қамтылуы, кәсіпкерлікпен айналысуы басты назарда.

Қазіргі таңда облыста мүгедектігі бар адамдарға және өзіне-өзі қызмет ете алмайтын, өзге адамның көмегіне мұқтаж қарттарға қызмет көрсететін 7 стационар жағдайындағы, 9 жартылай стационар жағдайындағы орталық жұмыс істейді. Мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарының барлығы да облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарайды. 7 стационар жағдайындағы орталықтың төртеуі қарттар мен I, II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға арналған орталық болса, екеуі 18 жастан асқан жүйке ауруына шалдыққандарға арналған орталық. Одан бөлек 3 жастан 18 жасқа дейінгі ақыл-есі кем балаларға арналған оңалту мекемесі бар. Аталған медициналық-әлеуметтік мекемелерде 1 202 төсек-орын болса, орталықтарда 1 167 адам толық мемлекет қамқорлығына алынған. Ал 9 жартылай стационар жағдайындағы мүгедектігі бар адамдарды оңалту және бейімдеу орталықтарында қазіргі уақытта 623 адамға қызмет көрсетілуде. 

Бүгінде мүгедектігі бар жандарға қатысты қоғамда туындап жатқан мәселе жоқ. Өйткені мұндай санаттағы азаматтарға жағдай жасауда, саладағы мәселелердің оң шешімін табуына жаңа Әлеуметтік кодекс өз ықпалын тигізуде. Әртүрлі күрмеулі мәселелер дер кезінде заң аясында шешімін табуда. Осы тұста ерекше айта кететін жайт, өткен жылдың соңында қабылданған Әлеуметтік кодекс саладағы күрмеулі мәселелерді шешуді айтарлықтай жеңілдете түсті. Өйткені Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамдарға көп көңіл бөлініп, арнаулы әлеуметтік қызметтер жүйесін жаңғырту көзделген. 
Сонымен қатар былтыр өңірімізде аутизм орталығы ашылды. «Қазақстан халқына» қорының демеушілігімен ел игілігіне берілген орталықтағы мамандар қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі 120-ға жуық ерекше балаға АВА-терапия, музыкалық терапия, бейімделген және емдік денешынықтыру, еңбек терапиясы, тағы басқа бағдарлау бойынша білім беріп, тегін қызмет көрсетуде. Бүгінде аутизм орталығына келіп, тиісті көмек алып жүрген балалардың саны 110-ға жетті. Орталықтың әлі 10 балаға қызмет көрсету мүмкіндігі бар. Жасыратыны жоқ, орталықтың қызметіне жүгіну қалалықтар үшін қолжетімді. Шалғай ауылдағы аутист балалар үшін жолдың қашықтығы, жергілікті мамандардың қызметіне жүгінуде кезек күту мәселесі әлі де бар. Десек те, сөз басында атап өткенімдей, арнайы оқыту курстарына негізделген әлеуметтік жобалар жалғасуда. Ауылдық жерлерде мүгедектігі бар жандарды қоғамға бейімдеп, оңалтуға көмек қолын созуға ниетті жандар болса, біз оқыту курстарын ұйымдастырып, жолға қойылған әлеуметтік жобаларға жан бітіруге дайынбыз. Өйткені біз үшін мүгедектігі бар азаматтардың, көмекке мұқтаж қарттардың мәселесі әрдайым бірінші орында тұрады. Осы мақсатта тек қаламыздағы аутизм орталығы ғана қызмет көрсетіп жатыр деп түсіну – қате. Тараз қаласы мен аудан әкімдіктерінде мүгедектігі бар азаматтар қатарынан штаттан тыс кеңесшілер тағайындалып, жұмыс атқаруда. Бұл мәселені түбегейлі шешудің жолы болмаса да жеңілдетуге жол ашары сөзсіз.

Бұрнағы жылы ел игілігіне берілген аутизм орталығының іргетасы қаланған сәттен ашылу салтанатына дейінгі ұзақ процесте үлкен еңбек пен күш жатыр. Ол көпшілік көре бермейтін, алайда өзімізге мәлім жағдай. Ал қазір сол орталыққа келген балалар мен олардың ата-аналарының алғысын есту – біз үшін үлкен қуаныш әрі мәртебе десем болады. Сонымен бірге ардагерлерге арналған «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы да басқарма жұмысының ірі жетістіктерінің бірі. Қазір аталған орталық қарттардың бос уақытын тиімді пайдаланып, өмір сүру сапасын жақсарту бағытында жұмыс істеуде. Орталыққа келушілердің де, қызметіне ризашылығын білдірушілердің де қарасы қалың.Мүгедектігі бар ерекше жандарды қоғамға бейімдеп, оңалтудағы ең негізгі әрі басты кезеңге психологиялық тұрғыдан қолдау көрсету ісі жатады. Басқарма тарапынан іске асып жатқан кез келген әлеуметтік жоба барысында ерекше жандардың психологиялық жай-күйі бірінші кезекте ескеріледі. Ал мұндай санаттағы адамның өмірге деген құштарлығын оятып, белгілі бір іспен шұғылдануына мүмкіндік жасау үшін арнайы әлеуметтік жобалар жүзеге асуда. Ол бойынша ерекше жандарға арналған қолөнер бұйымдары бойынша шеберлік сағаттары, жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылады. Тіпті сол жәрмеңкелердің бірінде ерекше жандардың қолынан шыққан бұйымдарды сатып алып, қолдау көрсетуге тамшыдай болсын үлес қосқандардың қатарынан табылдым. Сол сәтте олардың жанарынан өмір сүруге деген құштарлығын байқамау мүмкін емес. Тіпті ондай жәрмеңкелерге ерекше жандар арнайы шақырылып, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналыспайтын мүгедектігі бар жандардың қызығушылығын арттыруға ықпал еткен сәттер де болды.

Жалпы мүгедектігі бар азаматтар үшін қолжетімді орта қалыптастыру мемлекеттің үнемі бақылауында. Осы ретте біз «Өңірдегі мүгедектігі бар азаматтарға қандай жағдай жасалуы керек?» деген сұрақ төңірегінде мәселені саралап, түйткілдің түйінін тарқату мақсатында арнайы интерактивті карта әзірледік. Мониторинг жұмыстарын тек біздің басқарма ғана емес, Аслан Оразбеков басшылық ететін Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің облыс бойынша департаменті де тұрақты түрде жүргізіп отырады.Мүгедектігі бар адамдардың жүріп-тұруына бейімделген объектілердің үлесін арттыру жыл сайын жоспарға сәйкес жүзеге асырылады. Нақтырақ айтсам, «AMANAT» партиясының «Өзгеру жолы: әр азаматқа лайықты өмір» атты сайлауалды бағдарламасын орындау бойынша 2023 жылы Тараз қаласы мен аудандарда 259 нысанды бейімдеу жоспарланған еді. Нәтижесінде өңірдегі 259 нысан бейімделуден өтіп, 60 пайыздық меже толық орындалды. Менің ойымша, бұл жаман көрсеткіш емес. Ал осы жылы бейімделген объектілердің үлесі шамамен 80 пайызды құрайды деп жоспарланып отыр.

Жақында мүгедектігі бар азаматтардың қатысуымен облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің жеке қабылдауында болдым. Сол кезде мүгедектігі бар азаматтарды тұрғын үймен қамту мәселесі сөз болды. Бұл жалғыз біздің облыстағы мәселе емес, дегенмен алдағы уақытта аймақ басшысы Ербол Шырақпайұлының қолдауымен мәселе өз шешімін табатынына сенімім мол.
Біздің салада кездескен түйткілдердің оң шешім табуына арнайы әлеуметтік жобалар ықпал етуде. Мәселен, мүгедектігі бар, ерекше азаматтардың қоғаммен тығыз байланыста болуы, бейімделуі маңызды. Сондықтан да оларды жұмысқа тартып, қоғаммен тең өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында әртүрлі бағыттағы жобалар жүзеге асырылып, ол өз жемісін беруде. Мысалы, облыс әкімінің қолдауымен өңірімізде «Тең қоғам» жобасы бастау алды. Жоба аясында мүгедектігі бар жандарды жұмыспен қамтып, табыс табуда тең мүмкіндік жасаудың ауқымы артты. 2023 жылғы статистикалық мәліметтерге сүйенсек, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 3 348 адам тартылған. Олардың 1 022-сі тұрақты жұмыспен қамтылса, 517 адам ақылы қоғамдық жұмысқа, 18 азамат әлеуметтік жұмыс орындарына, 51-і «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша жолданды. «Алғашқы жұмыс орны» жобасына – 15, «Күміс жас» жобасына – 43 адам, онлайн оқыту курстарына 77 адам жолданды. 

Мүгедектігі бар азаматтардың арасында жеке кәсіппен айналысып, өзгелерге үлгі болып жүргендер де баршылық. Олардың ішінде «Жылжымалы хоспис» жобасын жүзеге асырып жүрген Анжелика Сарьянның еңбегін көпке үлгі дер едім. Бүгінде «Амазонка» қатерлі ісік науқастарын қолдау қорына жетекшілік етіп жүрген Анжеликаның өзі де онкологиялық ауруға шалдыққандардың қатарында. Соған қарамастан үлкен бастамаларға мұрындық болып, республика бойынша онкологиялық науқастарға көмек көрсетуге бағытталған акциялар ұйымдастырып, науқастардың өмір сүру сапасын жақсартуға көмек қолын созып жүр. «Жылжымалы хоспис» жобасы соңғы сатыдағы онкологиялық ауруы бар мүмкіндігі шектеулі адамдарға әлеуметтік қызметтер және психологиялық қолдау көрсету арқылы-ақ талай жанға демеу болғаны анық. Өңірімізде дәл осындай ісімен төбе көрсетіп жүргендердің қатарында «Асар» заңды тұлғалар бірлестігінің басшысы Руслан Төлегенов те бар. Екінші топ санатындағы мүгедектігі бар Русланның мемлекеттен талап етпей, керісінше «қоғамға қызмет етсем» деген ниетінің арқасында ол жиырма жылдан астам уақыт бойы мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесімен айналысып келеді. Әрине, өңірімізде мүгедектігі бола тұра, өзі арбаға таңылса да, көру, есту қабілетінен айырылса да кәсіппен айналысып жүргендер қатары бір-екі есіммен шектелмейді. Осы тектес кәсіппен де, қоғамдық жұмыспен де айналысып, қоғамның алға жылжуына үлес қосып жүрген азаматтар ортамызда көп.

Еркін КЕЛЕСОВ,
облыс әкімдігі 
жұмыспен қамтуды
 үйлестіру және 
әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар