Ғалымжан талай жасты талантымен таңғалдырған жас әнші. «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысы. Қазіргі уақытта «Gakku» арнасындағы «Это девочка по-порядна» әнінің бейнебаяны 22 миллионға жуық қаралым жинаған.Ғалымжан Дүйсенғазин 2003 жылы Абай облысының Аягөз қаласында дүниеге келген. Отбасында үлкен әпкесі мен ағасы бар. Жас таланттың негізгі мамандығы режиссер болғанымен болашағын әншілікпен байланыстырады.
Әнге деген қызығушылық пен құмарлық Ғалымжанның бойынан бала кезінен бастап көріне бастаған. Ғалымжанның атасының да домбырамен тамылжыта ән айтатын қасиеті болыпты. Інісінің өнерге жақындығын байқаған ағасы Бақтияр туған күніне гитара сыйға тартқан екен. Мектепті 2020 жылы аяқтаған ол өзінің алғашқы әндерін жазуды бастайды. Халықтың көңілінен шығып, хитқа айналған әнін 2021 жылы жазып, тыңдармандарға 2023 жылы жол тартқан. Әуезді ән аз ғана уақыт ішінде тыңдармандары арасында кең тарап, көптеген жақсы пікір қалыптастырды. Енді таныла бастаған жас жұлдыз әскерге шақырту келгенде ойланбастан Отан алдындағы борышын өтеуге ниет білдірген.
– Өнер – таусылмас қазына. Әскерге дейін әншілікпен айналыстым. Бірі білсе, бірі біле бермейтін «Это девочка по-порядна», «Я схожу с ума» әндерінің авторы әрі орындаушысымын. Бұдан басқа қоржынымда әскерге дейін де және әскер қатарында жүріп те жазған бірнеше әнім бар. Алдағы уақытта тың туындыларымды халықтың назарына ұсынатын боламын, – деген жауынгер әскери қызметі жөнінде де баяндап берді.
– Тараз қаласында орналасқан 5513 әскери бөлімінде еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған сарбаздар әскери борышын өтеуде. Біз шаһар көшелеріндегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерін күзету мен сотталғандарды айдауылдау секілді өзімізге сеніп тапсырылған міндеттерді абыроймен атқарып келеміз.Сарбаздар жауынгерлік қызметтен бос уақытта спортпен шұғылданады, кітаптар оқиды, ән айтып, өнерлерін шыңдайды. Одан бөлек түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға қатысады. Бір сөзбен айтқанда, азаматтық өмірдегі қызығушылықтарын жетілдіруге бар жағдай қарастырылған, – дейді Ғалымжан.
Әскерде жүріп 60-қа жуық ән жазған жас сазгер қызметтік міндетін өтеп болған соң туындыларына бейнебаян түсіруді жоспарлап отыр. Бөлімдегі бауырларындай болып кеткен сарбаздар да Ғалымжанның болашағы жарқын екеніне сенімді. – Ғалымжанның туған інісіндей болып кеттім. Ол өте қарапайым, жақынынан көмегін аямайтын жан. Онымен бір ротада әскери борышымды өтеп жүргеніме қуанамын. Әсем әндерімен көңілімізді көтеріп отырады. Әскерден кейін де байланысымыз үзілмейді деп сенеміз, – дейді қатардағы жауынгер Дарын Әмірхан.
Ал 5513 әскери бөлімінің тәрбие жөніндегі қызметкері Салтанат Әзімханның айтуынша, мұнда жауынгерлердің қалауына еш шектеу қойылмаған.
– Қазіргі таңда өскелең ұрпақтың бойынан Отанға адал қызмет ету, оның қауіпсіздігін көздің қарашығындай сақтау, ең қымбат қазынамыз – тәуелсіздігімізді қорғау, ар-намысты биік ұстау, ұлтын сүю секілді патриоттыққа баулитын қасиетті ұғымдар жете танылуда. Соның арқасында бүгінде әскерге шақырылушылардың қатары өсуде.Әсіресе Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан әскерінің қатарында қызмет еткісі келетін жастар легі көп. Бірқатары әскери борыштарын өтеп те жүр.
Барлығының жүректеріндегі айқын мақсат бір, ол – Отанын қорғау, берген әскери антына адал болу.Біздің әскери бөлімде сарбаздар үшін шығармашылық шектеу жоқ. Спортпен де щұғылданады, ән де жазады. Соның бір жарқын үлгісіндей Ғалымжанды алып қарауға болады. Ол сазгер, әнші ғана емес, қызметіне мұқият, ұқыпты сарбаз. Мен оны 9 айдан бері танимын. Әскери бөлімде өтетін мерекелік іс-шаралардың барлығына белсенді қатысып жүр. Әрі біздің тәрбие бөлімінің штаттан тыс мобилографы ретінде көп көмегін тигізеді, – дейді С.Әзімхан
Қазір ҚР ұлттық ұланы 5513 әскери бөлімінде 600 сарбаз әскери борышын өтеуде. Осы айдан бастап қатардағы 300-ден астам жауынгер запасқа шығарылпады. Ұлттық ұланның әнші сарбазы да үйіне қайтып өнерін өрістетуге дайын. Ғалымжан Дүйсенғазиннің әлі талай биіктерді бағындыратыны сөзсіз.
АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ
Әскери ант қабылдады
Ұқсас жаңалықтар
Қазақстандық оқушылар робототехникадан үш дүркін әлем чемпионы атанды
- авторAR-AY
- 30 қыркүйек, 2024
Енді колледждер өз базасында шығарған тауарлар мен қызметтерден табыс таба алады
- авторAR-AY
- 5 қыркүйек, 2024