Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әскери ант қабылдады

Әскери ант қабылдады
Ашық дереккөз
Жақында «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының барлық әскери бөлімдерінде әскери ант беру рәсімі өтті. Салтанатты іс-шара Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетовтің 100 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылды.

Қазақстан Қарулы Күштеріндегі бірден-бір тау қорықшысы полкінің мерзімді қызмет сарбаздары да әскери ант қабылдады. Әріптестері мен командирлерінің, сондай-ақ ата-аналарының қатысуымен өткен іс-шарада жас жауынгерлер Отанын қорғауға, әскери қызметтің ауыртпалықтарын табандылықпен көтеруге салтанатты түрде ант берді.«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлері қолбасшысының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Ораз Кучуковтың айтуынша, әскери анттағы әр сөз үлкен мағынаға ие. Әскери ант беру рәсімі – әрбір жас өреннің өміріндегі маңызды оқиға. Дәл осы кезден бастап жас жауынгерлер Отанымыздың нағыз қорғаушысына айналады.

Ант беру рәсіміне тау қорықшысы полкінің сарбаздары бір ай бойы дайындалыпты. Осы уақыт ішінде сарбаздар әскери өмір салтымен, полк тарихымен танысқан. Әскери жарғыларды, қарудың тактикалық-техникалық сипаттамаларын зерделеп, саптық, атыс және дене дайындығынан өтті.

– Енді Жуалы ауданында орналасқан әскери бөлімде Отан алдындағы борышымды өтеймін. Әскери өмір қаншалықты қиын болса да жарғымен белгіленген талаптарды орындау – парыз және қасиетті міндет, – деді Шымкентен шақырылған қатардағы жауынгер Рамазан Айдосұлы мақтанышпен.Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха қаласынан келген Алексей Кононовтың анасы Светлана Пешкова да ұлының әскерге бару туралы шешіміне бірден қолдау көрсеткен.– Әскер – әр жігіт өтетін өмір мектебі. Әскери қызмет жастарды шынықтырып қана қоймайды, мұнда шыңдалып, өз қабілеттеріне деген сенім пайда болады. Ұлым да өмір мектебінен өтіп, мол тәжірибе жинап қайтады деп сенемін, – деді Светлана.


– Әрбір жас әскерде қызмет өткеру керек деп есептеймін. Мұнда мінезі қалыптасып, ең жақсы азаматтық қасиеттері дамиды, – деп толықтырды сарбаз Төлепбек Нұрғалиұлының анасы Жанат Төреқұлова. 
Айта кету керек, тау қорықшысы полкі «Терісбұлақ» суқоймасының жағасында, тау жотасының етегінде орналасқан.– Маған бұл өлкенің табиғаты қатты ұнады. Айналаның бәрі тамаша. Әр таң сайын көңіл күйім көтеріліп оянамын. Шынымды айтсам, қазірдің өзінде келісімшарт бойынша осында қызмет етуді ойластырып жатырмын. Әрине, бірақ оны уақыт көрсетеді, – дейді Өскемен қаласынан қызмет етуге келген мерзімді қызметтегі қатардағы жауынгер Данил Еникушкин. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскери оркестрінің орындауындағы әскери марштар салтанатты іс-шараға қатысушылардың жауынгерлік рухы мен көңіл күйін көтеріп тастады. Сарбаздардың ата-аналары үшін қару-жарақ пен әскери-техникалардың көрмесі ұйымдастырылып, әскери бөлімнің аумағы бойынша экскурсия жүргізілді.

АҚТОТЫ ЖАҢАБАЙ


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар