Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Кәсіподақ ұйымдары қалпына келтіру жұмыстарына үлес қосуда

Кәсіподақ ұйымдары қалпына келтіру жұмыстарына үлес қосуда
Аймақ
Су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге көмек беру әлі де жалғасып жатыр. Жалпы су тасқынынан зардап шеккен еліміздің 10 аймағында төтенше жағдай жарияланғаны белгілі.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің халқын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сабырға шақырып, барлығы қалпына келтірілетінін айтқан болатын. Бүгінгі таңда Президенттің тапсырмасы бойынша қалпына келтіру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Халқымызда «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген жақсы сөз бар. Ел басына түскен қиын сәтте Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясының бастамасымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің тұрғындарына облысымыздың кәсіподақ ұйымдары бірлесе отырып 3 миллион 216 мың теңге аударды. Облыстық кәсіподақтар орталығының қызметкерлері бір күндік еңбекақыларын аударып, азаматтықтарын танытты.

Ерекше атап өткім келетіні, бүгінгі күні мүше санымен басым түсетін аймақтағы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы 1 миллион теңге аударды. Сондай-ақ бір күндік айлық жалақы есебінен 766 200 теңгеге ең қажетті деген заттарды алып, облыс орталығында құрылған арнайы қоғамдық қор арқылы зардап шеккен аймақтарға жолдады.

Сол сияқты салалық мәдениет, спорт және ақпарат және мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің кәсіптік одақтары да өз көмектерін көрсетті. Ал ауылшаруашылығы саласы мен қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлерінің кәсіподағынан бөлек ірі кәсіпорындар да игі істен шет қалмады. Соның ішінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарасты зауыттар, «Алтын Алмас» акционерлік қоғамының Ақбақай филиалы қызметкерлерінің «Бәйтерек» кәсіптік одағы мен «Жамбыл электр желілері» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар. 

 

Қолдауымыз мұнымен де шектеліп қалған жоқ. Ақылдаса келе, аймақтағы кәсіподақтар федерациясына қарасты шипажайларға зардап шеккен отандастарымызды орналастыру туралы шешім қабылдадық. Сөйтіп, бүгінге дейін бұл қолдау аталған аймақтағы 45 адамға көрсетіліп, олар шипажайлар мен демалыс орындарына сауықтыру шараларына жіберілді. «Ұйымдасқан ұтады» дегендей, қиын-қыстау кезеңде ширақ қимылдап, білек сыбана кіріссек, бұл сынаққа да бірлесе төтеп беріп, тығырықтан шығарымыз анық.

 

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ,
облыстық кәсіподақтар
орталығының төрағасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар