Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шөл даланың падишасы жойылып барады

Шөл даланың падишасы жойылып барады
ашық дереккөз
Қазақстанның жанға жайлы әсем жерлерге өте бай ел екендігі шүбәсіз. Кең- байтақ даламыздың әрбір тау-тасы, сай-саласы, өзен-көлі тылсым тарихқа толы. Сондай аңызға бергісіз жаратылыстың бірі – тораңғы ағашы.

Тораңғы – еліміздің шөлді өңірінде ерте замандардан бері өсіп келе жатқан қасиетті әрі киелі ағаштың бірі. Ол көбіне құрғақ далалы аймақтардың тақырлы, тұзды, борпылдақ сортаңды, құмдауытты, шөлейтті, шөлді алқаптарындағы өзен аңғарларында, бұйратты құм жоталарының арасындағы ойпаңдау жерлерде өседі.Қазақ халқы тораңғы ағашын ежелден «шөл даланың падишасы» деп ерекше қастерлеген. Ағашты отын ретінде жағуға тыйым салып, тіпті кесуге жол бермеген. Өйткені тораңғы ағашының сұр-қоңырқай қабығына пышақ тиетін болса, сыртына қызғылт түсті сөл бөлінеді. Сондықтан да тораңғының қанға ұқсас сөлін оның «қанды көз жасы» деп ұғынып, оны кескен адамды «киесі ұрады» деген оймен осы ағаш түрін кесуге тыйым салған. Осылайша шөл даланың көркі болып саналатын тораңғы ағашын көздің қарашығындай сақтаған. 

Ғылыми деректерге сүйенсек, тораңғы гүл ашып жатқан кезде оның көлеңкесін паналап, демалуға болмайды. Сол уақытта өсімдік бойынан көмірсутек көп бөлінеді. Жолаушы улы газдан есінен адасуы мүмкін. Ал ағаштың қызғылт түсті сөл бөлуінің де ғылыми дәйегі бар.Бұл сирек кездесетін ағаш әлемнің бірнеше елінде ғана, оның ішінде Қазақстанда өседі. Қазiр тораңғы тұқымдас ағаштың алуан түрi Қазақстанда Қызылорда облысынан басқа Балқаш пен Алакөл аумақтарында, Бетпақдала атырабында, Зайсан маңайында, Мойынқұм сауырында кездеседi. Мәліметтерге зер салсақ, тораңғының тамыр жүйесi күрделі болып келеді. Торланып жайылған. Ағаштың «тораңғы» аталуы да сондықтан болу керек. Жер бетiне жақындаған тұсында жан-жағына қарай жайыла тарап, аумағы 30 метрге дейiн барады. Мамандар тораңғы тамырында судың көп болатынын айтады. Шөл далада өсiп тұрған iрi ағаштардың түбiнде судың жиналып қалатыны жиi байқалады.Бұл киелі ағаштың тағы бір атауы – Желтораңғы. Желтораңғы атынан көрініп тұрғанындай, жел шақырушы дегенді білдіреді. Тып-тынық күннің өзінде оның бұтақтары тербеліп, сыңғыр қағып тұрады. Күн өте ыстық кездің өзінде тораңғының сап-салқын саясы адамдарға пана болады. Тораңғының ерекше киелі екенін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Тұран есімімен астасып жатқан көне ағаштың тағы бір ерекшелігі – жапырақтары пішінінің әртүрлілігінде. Бөрікбасының төменгі және жоғары бұтақтарын салыстырсаңыз, олардың әртүрлі екенін байқайсыз. Сондықтан оны түрлі жапырақты тораңғы немесе түрлі жапырақты терек деп те атайды.Көне дәуірлерден бізге жеткен шежіре бойынша, осы ағаш қаншама аңыз-әңгімелерге арқау болған. Соның бірі – жазушы Бақытжан Бектеповтің қазақтың қалмақтармен соғысын сипаттайтын «Тораңғының көз жасы» повесі. Онда Темір және Қаражал деген екі жігіттің біріне таңдау жасай алмаған Тораңғы есімді қыздың өмірі сипатталады. Жігіттердің өзара сайысында Қаражал жеңіп, Тораңғыға үйленеді, бірақ қыздың жүрегі Темірді қалаған еді.«Бұл адамдардың бір-бірімен де, бүкіл әлеммен де бейбіт өмір сүріп жатқан кездері еді. Жан баласы күншілдік пен жауыздық, зұлымдық пен қатігездік атаулыны білмейтін. Жүзі мың құбылатын Жауыздық Құдайы әлі өмірге келмеген кездер болатын.
Бақуатты әрі жомарт бір ауылда Нұрәлі деген бай тұрыпты. Оның Құралай атты әйелі, Тораңғы атты қызы болыпты. Көз жетпейтін көк аспан да, гүлденген сары дала да Тораңғының сұлулығымен теңесе алмайтын...», деп сипаттайды қыздың көркін автор.Өмірде періште ғана қателеспейді, ал адамдарға нақ осы қасиет тән екен. Қаражалдың бойындағы барлық жақсы қасиеттерін байқамаған Тораңғы өз жүрегін Темірге ұсынады. Мұның соңы қайғылы оқиғаға соқтырып, үш адамның өлімімен аяқталады.

«...Жұлдыздар мұңайған күйі қол жетпейтін көктен құшағын кере жайған түн қараңғысын жамылған жерге қарап тұр. Олардың кейбірі кей-кейде көз жасының тамшысындай болып жерге тамып жатыр, көктің өзі алыс жер бетіндегі гүлдеген жусанның хош иісіне бөленген далада күн кешкендердің қазасына ортақтасып тұрғандай. Ұшы-қиырсыз даланың әр жерінде сирек өскен тораңғы жапырақтарында осы жұлдыздардың шағылысқан бейнесіндей мөлдір тамшылардан тұратын сәулелер жылт-жылт етеді, халық арасында оларды «Тораңғының көз жасы деп атайды»,  деп автор повесін аяқтайды.
«Жабағылы-Манас» тау клубы» қоғамдық бірлестігінің үйлестірушісі Рауф Сәбитовтың айтуынша, тораңғы ағашының 3 түрі бар. Олар – ақ тораңғы, қара тораңғы және Литвинов тораңғысы.
– Тораңғы ағашы тығыз емес, бір-бірінен қашық өседі. Ағаштың таңғаларлық пішінде қисайып өсетін діңі көбіне қуыс болып келеді. Тораңғы топтанған тоғай түрінде де, жеке дарақ ретінде де шөлді-шөлейт аймақтарда, құмды қолат баурайларда, тұзды-сортаң тақырларда, өзен аңғарлары мен жағаларында өседі. Тораңғы ағашының топталып, тоғай болып өсуін тораңғыл деп атайды.
Сырт келбет-пішіні мен жапырақтары көгілдір терекке ұқсастау келеді. Тораңғы сол саялы ағаштың жабайы түрі іспеттес. Ғалымдар әлі күнге дейін ағаш атауының шығу тегі туралы дауласып келеді. Кейбір деректерге сүйенсек, тораңғы – орысша туранга ежелде Қазақстан аумағын мекендеген тұрандықтардың атымен аталған деген болжам бар. Тарихшылар әлі күнге дейін бұл ұлт өкілдерінің кім болғанын және қайдан шыққанын нақты дәлелдей алмай жүр. Тұрандықтар иран тілдес халықтардың өкілдері деп есептелгенмен түріктер мен сақтар да тұрандықтарға жатады.
Ғалымдардың зерттеуінде жазылғандай, мұз дәуірінен бізге жеткен киелі ағаш өз облысымызда да өседі. Нақтылап айтқанда, Байзақ ауданындағы Мойынқұм құмының оңтүстігінде жатқан тораңғы тоғайды нағыз табиғат байлығы деп айтуға болады, – деген Рауф Қабиұлы табиғатта өте сирек кездесетін тылсым ағаштың жойылып бара жатқанына алаңдатушылық білдірді.Себебі тораңғы ағашының азаюымен табиғатта сирек кездесетін құстардың да жойылып кету қаупі бар екен. Ал бұл экологиялық тұрғыдан алып қарағанда, дабыл қағарлықтай мәселе.– Ағаштың иілген діңдерін түрлі құстар паналап, оларға ұя салады. Соның бірі – қоңыр кептер. Қоңыр кептер – көгершіндер тұқымдасының азиялық түрі. Бұл көп зерттелмеген, елеусіз ғана жойылып бара жатқан құстың бір түрі. Жалпы қоңыр кептердің биологиясын түсіну үшін оларды тереңірек зерттеу керек деп санаймын. Елу шақты жыл бұрын ғана саны көп болған осы құс тораңғы өсетін кейбір аймақта ғана ұя салып жүр. Үндістанның солтүстік аймақтарында, оңтүстік Иран мен Ауғанстанда қыстайды. Қыс жылы болса, Түрікменстан, Өзбекстанға дейінгі аумақта қыстауы мүмкін. Ал популяцияның аздаған бөлігі Қытайдың солтүстік-батысына қоныс аударады.

Жуалы ауданындағы Шақпақ ата асуында орналасқан «Шақпақ орнитологиялық станциясы» арқылы жалпы саны 1 300-ге жуық қоңыр кептер сақиналанған. Олардың басым бөлігі 1966-1981 жылдар аралығында тіркелген. Алайда Шақпақ асуында сақиналған қоңыр кептер саны  өткен ғасырдың жетпісінші  жылдары маусым сайын шамамен 100-50 құс болса, 1980 жылдары бір маусымда 30-дан 10 құсқа дейін төмендеген. Зертхана қызметкерлері Шақпақ асуында соңғы рет 2020 жылы үш кептерге ғана сақина салған. Оған дейін 17 жыл бойы, яғни 2003 жылдан бастап бірде-бір қоңыр кептер кездеспеген.

Кейбір орнитологтардың пайымдауынша, 1973-1974 жылдары Қапшағай суқоймасы салынғаннан кейін қоңыр кептердің ұя салатын жері айтарлықтай қысқарған. Себебі дәл осы Қапшағай ауданында қоңыр кептер мекендеген тораңғы тоғайларының ең үлкен аймақтарын су басқан, яғни қоңыр кептердің азаюы, тораңғы тоғайының жойылуымен байланысты болып отыр. 
Өкінішке қарай, тораңғы соңғы жылдары заңсыз кесу, өрт, құрғақшылық сияқты себептерге байланысты азайып кетті. Сәйкесінше ағаштағы ұя салуға қолайлы қуыстар да азайып, басқа құс түрлерімен бәсекелестік күшейеді. Егер қоңыр кептер ұясын төмен салса, жердегі жыртқыштарға жем болу қаупі де бар. Одан бөлек қоңыр кептерді көкте ұшып бара жатқанда кәдімгі кептерден ажыратып, тану қиын. Ал кәдімгі кептерлер аңшылық дәстүрге сай келетін құс түріне жататындықтан қоңыр кептерлер де олармен бірге қоныс аудару кезінде аулануы ықтимал. Үндістан халқының бұршақ орнына бидай мен күрішті көбірек өсіре бастауы да құстардың қыстайтын аймақтарының сапасын нашарлатты.

 

Қоңыр кептерді сақтау үшін олардың ұя салатын және қыстайтын жерлерін қорғаудан бөлек, миграция кезінде дамылдайтын жерлерін де қорғауға алу қажет. Сондықтан қоңыр кептер мекендейтін тораңғы тоғайларын ашуды қолға алу маңызды.Жалпы қоңыр кептердің экожүйедегі орны ерекше. Олар өсімдіктер тұқымының таралуына көмектеседі. Әрі қалалық экожүйеде қоректік заттар мен минералдардың айналымына ықпал етеді. Сондай-ақ қоршаған ортаның өзгеруін немесе ластаушы заттардың әсерін көрсететін биоиндикатор рөлін атқарады. Мұнымен бірге Антарктидадан басқа барлық жерде тіршілік ете алатындығымен құстар патшалығының алуантүрлілігіне үлес қосады. Бұған қоса олар әртүрлі қоғамда мәдени және нышандық мәнге де ие. Тораңғы ағашының ұрығын алып, қолдан тоғай жасап көбейту мәселесін көтеріп жатқанымызбен қолдау таппай келеді. Бастамамызды тиісті басқармаға да, «AMANAT» партиясының отырыстарында да айтудай-ақ айтып келеміз. Егер тораңғы тоғайын қолдан дамытсақ, сиреп бара жатқан қоңыр кептерді де сақтап қалуға болар еді. Өкініштісі, әзірге қолдау жоқ, – дейді Рауф Сәбитов.

 


Әулиеата өңіріндегі көрікті тораңғы тоғайының бірі Байзақ ауданында екенін сөз еттік. Белгілі  тау гиді Юлия Веряскина осы аудандағы Мойынқұм құмының оңтүстігінде жатқан тораңғы тоғайына экскурсия ұйымдастырып тұрады. – Мойынқұмның құмындағы тораңғы тоғайының әсемдігін суреттеп жеткізу мүмкін емес. Реликті тораңғы ағашы «Евфрат терегі» деп те аталады. Ағаштың тамырының тереңдігі 50 метрге дейін жетеді. Тораңғы мұз дәуірінен сақталып қалған жер бетіндегі ең көне өсімдіктің бірі. Тораңғы ағашының ерекшелігі сол, онда үш жапырақ қатар өседі. Атап айтқанда, ұзартылған (төменгі ярус), сопақ (ортаңғы ярус) және дөңгелек (ағаштың жоғарғы жағы). Бұл ерекшелік қазақ эпосы мен халықтық наным-сенімдерінде көрініс тапқан. Аңызда жазылған деректерге зер салсақ, үш түрлі жапырақ өлілер мекені қабір, тірілер мен рухтар (аруақтар) әлемін байланыстырып тұрғандай. Сондықтан да ағаш киелі саналады.Тоғайға жылдың кез келген уақытында баруға болады. Бірақ күз айында келуге кеңес берер едім. Себебі көктемде қар еріп, жер батпақты болып жатады. Серуенге қолайсыз. Қыркүйектің соңы – қазан айының басында, алғашқы аяздан кейін әртүрлі пішіндегі жапырақтар сарғайып, алтын түстес құмдағы тораңғылардың көрінісі ерекше әсер қалдырып, есте ұзақ сақталатыны сөзсіз.Десе де тораңғы тоғайын толық туристік орын деп айту қиын. Себебі құмды аумақта орналасқандықтан оған жету қиын. Бұл дұрыс та шығар. Өйткені қазіргі кезде қолжетімді көрікті жерлердің барлығы қоқыс мекеніне айналып, құндылығын жоғалтып бара жатыр. Адам қолымен былғанбаған табиғат үшін құнды жердің болғаны қуантады. Десе де табиғат бағалаушылары үшін тораңғы тоғайына мүмкіндінше экскурсия өткізіп тұрамын, – дейді Ю.Веряскина.

 

Табиғат жанашырларының «тораңғы тоғайлары мен оны мекендейтін қоңыр кептерді сақтап қалудың амалын қарастыру керек» деген ұсынысы бойынша нендей жұмыстар қолға алынғанын білу мақсатында облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына хабарласқан едік. Алайда сұрағымызға нақты жауап ала алмадық. «Шөл даланың падишасы» атанған тораңғы көптеген өсімдік өсе бермейтін өңірлерде еркін тамыр жая береді, яғни табиғаттың кез келген қаталдығына төзімді ағаш. Тораңғыны қолдан өсіруге болады. Тіпті тораңғыны қалалар мен елді мекендерді көгалдандыру үшін пайдаланудың мүмкіндігі бар. Ол күрделі күтімді қажет етпейді. Мамандар мен ғалымдардың пікірінше, әр түп тораңғы ағашы жыл сайын орта есеппен 1 тоннадан астам шаң-тозаңды бойына сіңіріп, айналасына 1,5 мың литр оттегі бөледі. 

Құмды даланың сәніне айналған тораңғы осылайша құрып кетудің аз-ақ алдында тұр. Тораңғыны паналайтын қоңыр кептер де жыл өткен сайын жойылып барады. Өкінішке қарай, бұл бағытта ешқандай бағдарлама жасалып жатқан жоқ. «Қызыл кітаптың» төрінен орын алған табиғат байлықтарына кім қорған болар екен?

Ақтоты Жаңабай


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар