Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Белботаев бағындырған белестер

Белботаев бағындырған белестер
ашық дереккөз
Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтында филология ғылымдарының кандидаты, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің академиялық профессоры, доцент Алмасбек Белботаевтың 75 жас мерейтойына орай «Қазақ филологиясының өзекті мәселелері және цифрландыру кезеңіндегі IT-лингвистиканың зерттелуі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Конференция шымылдығын Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының вице-президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Махметғали Сарыбеков ашып, аталған институттың ректоры Марат Баяндин құттықтау сөз сөйледі.Сонымен қатар түрлі өңірлерден келген ғалымдар мен профессорлар баяндама жасады. 

– Құрметті Алмасбек Батанұлы! Сіз ғылыми ізденіс бағытында жалпы тіл білімі және қазақ тіл білімі мәселелері, фонетика, лексикология мен фразеология, грамматика, тіл теориясы, қолданбалы тіл білімі, лигвостатистика, қазақ тіліндегі лингвистикалық статистика, оның терминологиясы салаларын тұрақты зерттеумен қатар, лингвистикалық статистика саласына және жастарға білім беру мен мемлекеттік тілді оқытып үйретуге, оны қорғау мен насихаттауға бар өміріңізді арнап келесіз. Бұған қоса біз сізді уәдесіне берік, достықты қадір тұтатын, жауапкершілігі мол, парасатты жан ретінде мақтан тұтып, қадірлейміз. Азаматтық болмысыңыз бен еңбекқорлығыңыз сізді бұдан да үлкен биіктерге жетелейді деп сенеміз. Қазіргі кезде де жоғары білім беру ісіне және ұлттық ғылымды дамытуға қосып жатқан сүбелі үлесіңіз отандық ғылым мен институтымыздың ересен дамуына өз үлесін қосатыны сөзсіз, – деген Марат Баяндин мерейтой иесінің иығына оқалы шапан жапты. 

Сондай-ақ конференцияда сөз сөйлеген ғалымдар еңбек жолын мектеп мұғалімі болудан бастап, 1971-1993 жылдар аралығында үзіліссіз 22 жыл бойы Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл білімі институтында аға лаборант, кіші ғылыми қызметкер, ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер секілді аса жауапты қызметтер атқарып, бәсекеге қабілетті кәсіби мамандар даярлауда бар күш-жігерін аямаған ғалым Алмасбек Белботаевтың ұрпаққа қалдырған мол мұрасына кеңірек тоқталды. 

Ал «Профессор Алмасбек Белботаев және қазақ лингвостатистикасы» деген тақырыпта баяндама жасаған А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының қолданбалы лингвистика бөлімінің меңгерушісі Айман Жаңабекова: «Қазақ тілінде статистикалық талдаулар жетпісінші жылдары басталғаннан бастап сөз таптары, оның ішінде кейбір сөз таптары статистикалық тұрғыдан зерттеле бастады. Ә.Ахабаев пен Қ.Бектаев зат есімдердің, Ә.Ахабаев есімдіктердің морфологиялық құрылымына талдау жасаса, С.Мырзабеков туынды етістіктердің, Қ.Бектаев пен С.Мырзабеков етістіктің форма өзгерткіш аффикстеріне, А.Белботаев ғылыми-техникалық стильдегі сын есім аффикстеріне, А.Жұбанов пен Е.Жұбанов «Абай жолы» романындағы сын есімдердің лексика-морфологиялық формаларына статистикалық талдаулар жасады», – деп ғалымның еңбегін аса жоғары бағалады. 

Сондай-ақ іс-шара барысында Шерхан Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институты  ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар басқармасының бастығы Ләтипа Қожамжарова, А.Байтұрсынұлы атындағы тіл білімі институтының директоры Анар Фазылжанова сияқты ғалымдар А.Белботаевты мерейтойымен құттықтап, оның еңбегін аса жоғары бағалайтындықтарын жеткізді. Ал Қазақстанның Құрметті журналисі, жазушы Захардин Қыстаубайұлы мен «Ордабасы оттары» газетінің бас редакторы, жазушы, журналист Нүридін Шәмшіұлы да өздерінің ақ тілектерін айтты.

Шапағат Әбдір

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар