Іс-шараға Шанхай ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Чжан Мин, Үндістан, Иран, Қытай, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан және Беларусь делегациялары қатысты.
Жиында Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев 2024 жылы Шанхай ынтымақтастық ұйымының Экология жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспарын одан әрі ілгерілетудің маңыздылығы мен қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ 3-4 шілдеде Астанада қалдықтарды тиімді басқаруға қатысты кеңес өтетінін айтты.– Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің үкіметтері арасындағы қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісім және 3-4 шілдеде Астана қаласында өтетін Шанхай ынтымақтастық ұйымының мемлекет басшылары кеңесі барысында қалдықтарды тиімді басқару туралы Мемлекет басшылары кеңесінің өтініші мақұлданды және оған қол қою ұсынылды, – деді министр.
Сонымен қатар кеңесте Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің экологиялық проблемаларды шешу жөніндегі бірлескен тәсілдері қаралды. Сондай-ақ ШЫҰ-ның 2024-2026 жылдарға арналған «Жасыл белдеу» бағдарламасын іске асыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің қоршаған ортаны қорғау саласындағы 2025-2027 жылдарға арналған ынтымақтастық тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі жоспар, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің климаттың өзгеруі мәселелері жөніндегі арнайы жұмыс тобы туралы ереже бекітілді.
Атап айтқанда, кеңес аясында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрімен Беларусь Республикасы Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі Сергей Маслякпен өткен екіжақты кездесу өткізді. Министр кездесу барысында еліміз биыл шілде айына жоспарланған Беларусь Республикасының Шанхай ынтымастық ұйымына кіруін қолдайтынын атап өтті. Сондай-ақ Ерлан Нысанбаев Қазақстан Республикасының инвазиялық өсімдіктер мен жануарларға қарсы күрестегі тәжірибесіне, халықаралық сарапшылармен бірлесіп, 2030 жылға дейін Қазақстан Республикасында биоәртүрлілікті сақтау және орнықты пайдалану жөніндегі тұжырымдаманы әзірлеуге, Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарының ауданын ұлғайту жоспарларына, Қазақстанның жоғары амбициялар коалициясына қосылуына және тағы басқа мәселелерге толығырақ тоқталды.
Сонымен қатар Е.Нысанбаевтың Ресей Федерациясы Табиғи ресурстар және экология министрінің орынбасары Сергей Аноприенкомен екіжақты кездесуі де нәтижелі болды. Тараптар 2012 жылғы 2 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы шекара маңындағы аумақтардағы орман және дала өрттерінің алдын алу және оларды сөндіру жөніндегі Келісім шеңберіндегі ынтымақтастыққа толығырақ тоқталды. Осы Келісімді орындау үшін жыл сайын өртті сөндіру бойынша бірлескен оқу-жаттығулар өткізілетінін атап өткен жөн.
Сол сияқты ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі Өзбекстан Республикасының Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрі Азиз Абдухакимовпен де кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасындағы Қоршаған ортаны қорғау саласындағы қалыптасқан ынтымақтастықты сөз етті. Сонымен қатар 2022 жылғы желтоқсанда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Өзбекстан Республикасының Үкіметі арасындағы экология және қоршаған ортаны қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге толығырақ тоқталды. Тараптар орманшаруашылығы мен биоалуантүрлілік саласындағы қарқынды дамып келе жатқан өзара іс-қимылды атап өтті.
Ақтоты Жаңабай