
Бүгінде Қазақстанда жемқорлықпен күреске ерекше назар аударылып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Жемқорлық – қоғамның дамуын тежейтін басты кедергілердің бірі. Онымен күрес – стратегиялық маңызы бар міндет» деп атап өткен болатын. Бұл барлық салада әділдік орнатып, халықтың әл-ауқатын арттыру үшін атқарылуы тиіс жұмыстың бір бөлігі. Жемқорлықпен күрес тек қана заң қабылдап, жаза күшейтумен шектелмеуі керек. Ең алдымен, адамдардың санасында пара берудің де, алудың да қылмыс екенін сіңіру маңызды. Бұл үшін отбасында, мектеп қабырғасында, жоғарғы оқу орындарында тәрбие мен білім беру арқылы адалдық қағидаттарын қалыптастыру қажет. Жас ұрпақ әділдікті, жауапкершілікті, адамгершілікті бойына сіңіргенде ғана жемқорлықсыз қоғам құруға болады.
Сондай-ақ, қоғамда ашықтық пен жариялылық болуы тиіс. Мемлекеттік қызметтің барлық сатыларында халыққа есеп беру, ашық ақпарат тарату – сенім мен әділеттіліктің кепілі. Егер азаматтар әрбір шешімнің не үшін қабылданғанын көріп отырса, жемқорлыққа жол азаяды. Жемқорлықпен күресте азаматтық қоғамның, бұқаралық ақпарат құралдарының, үкіметтік емес ұйымдардың рөлі де аса маңызды. Олар билік пен халық арасындағы көпір іспеттес. Жасырын қалған әділетсіздікті әшкерелеп, нақты фактілерге сүйеніп, қоғамда белсенді көзқарас қалыптастыра алады.
Жемқорлықпен күресте тек жаза қолдану жеткіліксіз. Бұл күрес – тәрбиеден басталуы тиіс ұзақ процесс. Адалдық пен әділдікті насихаттау отбасынан, балабақшадан, мектептен басталуы тиіс. Баланың бойында кішкентайынан «пара беру – ұят, ал пара алу – қылмыс» деген түсінік қалыптасса, болашақта ол қандай қызметте болмасын адал жолды таңдайды. Бүгінде көптеген елдер жемқорлықпен күресте білім беру мен мәдениет арқылы тиімді нәтижеге қол жеткізіп жатыр. Мысалы, Сингапур мен Финляндия мемлекеттері мектептен бастап таза қоғам құру жолында оқушыларға адал болудың маңызын үйретеді. Бұл елдерде мұғалімдер мен мемлекеттік қызметкерлер ең беделді әрі сенімді мамандар ретінде бағаланады. Өйткені олар елдің мүддесін өз мүддесінен жоғары қояды.
Біздің елде де осындай көзқарасты қалыптастыру қажет. Әрбір азамат қоғам алдындағы жауапкершілігін сезініп, «менің әрекетім өзгеге үлгі бола ма?» деген сұрақты өзіне қоюы тиіс. Егер қоғамда осындай өзара бақылау мен әділеттілікке ұмтылыс пайда болса, жемқорлықтың тамырына балта шабуға болады.
Сонымен қатар, ақпарат құралдарының рөлі ерекше. БАҚ арқылы ашықтық, жариялылық орнап, азаматтар кез келген заңсыздыққа үн қосатын болса, қоғам өзгеретіні анық. Жемқорлықты жасыру емес, әшкерелеу маңызды. Бұл үшін қорықпай, үнсіз қалмай, өз құқығын талап ететін азаматтық сана қажет. Сонымен қатар жемқорлықпен күрес бір күнде шешілетін мәселе емес. Ол – үздіксіз, жүйелі түрде атқарылатын үлкен жұмыс. Егер барлығымыз өз ісімізге жауапкершілікпен қарап, әділет пен адалдықты ту етсек, жемқорлықсыз қоғам құру арман емес, ақиқатқа айналады.
Гүлден АСУБАЕВА,
Шоқан Уалиханов атындағы облыстық
әмбебап-ғылыми кітапхананың мерзімді
басылымдар секторының меңгерушісі