Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Алдымызда ағалар бар аймаңдай»

«Алдымызда ағалар бар аймаңдай»
Ашық дереккөз
Жуырда Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Достық» мәдениет үйінде жуалылық бір топ жазушы-журналистердің қатысуымен «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» атты әдеби-сазды кеш өтті. Кеш аясында биыл мерейлі жасқа толған Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Доқтырхан Тұрлыбек, сатирик Толымбек Әлімбекұлы, публицист-жазушы Талғат Айтбайұлы мен жазушы-журналист Талғат Сүйінбайұлы туған жеріне келіп, елдің ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді.

Алдымен Жуалы ауданының әкімі Жалғас Мұртаза мерейтой иелерін ардагерлер үйінде қарсы алып, шағын кездесу өткізді. Кездесуде қонақтар өздерінің туған жерге, елге деген игі тілектерін білдіріп, пікір алмасты. Әрі қарай іс-шара мерейтой иелерінің туып-өскен ауылдарында жалғасты.Жазушы, халықаралық «Түркі әлемі» телекомпаниясының бас директоры, Доқтырхан Тұрлыбек Қарасаз ауылындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектептің оқушыларымен кездесті. «Ғұмыры ғибратты тұлға» тақырыбындағы кездесу жазушының шығармашылығы және өнегелі өмір жолына арналды. Кездесу барысында қаламгер оқушылармен сұхбат құрып, авторлық кітаптары мен бейнефильмдерін мектеп кітапханасына тапсырды. Оқушылар да өз кезегінде жазушыға сұрақ қойып, кездесудің мәнін аша түсті. Іс-шарада аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев, ардагер журналист Ақылжан Мамыт және де жазушының достары мен замандастары сөз сөйлеп, ізгі тілектерін жеткізді. Кездесуден соң Доқтырхан Тұрлыбек ата-баба рухына тағзым етіп, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналған монументке гүлшоғын қойды. Одан кейін кездесу ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тапты. Ауыл тұрғындары мерейтой иесінің иығына шапан жауып, ат мінгізді. 

Ал сықақшы, сатирик Толымбек Әлімбекұлы өзі оқыған Шақпақата ауылындағы Қ.Сағындықов атындағы орта мектепте кездесу өткізді. Жерлестерінің қошеметі мен ықыласына бөленіп, оқушылармен емен-жарқын сырласып, сұхбаттасып қайтты. Жазушы-журналист Талғат Сүйінбайдың кеші Т.Дүйсебайұлы ауылындағы №28 Амангелді атындағы орта мектептің акт залында ұйымдастырылды. Мектеп оқушылары мен ұстаздары ауылдарының перзенті, жазушы-журналиске бар қошеметтерін көрсетті. Оқырман Талғат Сүйінбайұлының «Тұңғыш қазақ ғарышкері – Тоқтар Әубәкіров» тарихи-ғұмырнамалық эссесімен жақынырақ танысты. Мерейтой иесінің сынып жетекшісі, ауыл ақсақалы Лесбай Назарбаев шәкіртіне жүрекжарды тілегін жеткізіп, ақ батасын берді.


Талғат Айтбайұлы Қошқарата ауылындағы өзі оқып, білім алған №9 Абай атындағы орта мектеп ұжымымен және оқушыларымен кездесті. Жазушы ауыл тарихы мен ауылдан шыққан азаматтардың өнегелі өмір жолдарына арнап ашылған «Туған өлке тарихы» музейінің жабдықталып, қайта ашылуына қатысты. Музейдің ашылуына да бастамашы болған Талғат Айтбайұлының өзі болатын. Оқушылардың қойған сұрақтарына жауап беріп, кештің қызықты әрі әсерлі өтуіне үлес қосты. Жазушының мерейтойына арналған іс-шара ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тауып, әдеби-сазды кешке ұласты. Оған ауыл тұрғындары, кітапсүйер қауым мен жазушының қаламдас достары және Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері қатысты.

Тағылымды іс-шара түстен кейін аудандық «Достық» мәдениет үйінде қорытындыланды. Мәдениет үйінің фойесінде қонақтар аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі дайындаған «Қаламы жүйрік жерлестер» тақырыбындағы көрмемен танысты. Ал «Алдымызда ағалар бар аймаңдай» атты әдеби кеш нар тұлға ағалар туралы түсірілген бейнекөрсетіліммен басталды. Мерейтой иелері сахна төріне жерлестерінің құрмет-қошеметімен шақырылды. Алғашқы құттықтау сөз облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаевқа берілді.Лесбек Құралбайұлы облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің құттықтау хатын оқып, оны мерейтой иелеріне құрметпен табыстап, қазақы дәстүрмен иықтарына шапан жауып, бастарына бөрік кигізді. Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы да игі тілегін білдіріп, құттықтау хаты мен сый-сияпаттарын табыс етті.

Кештің әдеби бөлігін «Жаңабаевтар» халықтық-отбасылық ансамблінің жетекшісі Нұржан Жаңабаев жүргізіп, іс-шараны сұрақ-жауап түрінде өткізді. Қаламы қарымды қаламгерлер атақ-даңқ, заман мен уақыт, өмірлік ұстаным, ұрпақ тәрбиесі туралы сұрақтарға жауап беріп, тұшымды ойларымен бөлісті. Сөйтіп, оқырмандары мен жерлестерінің қошеметіне бөленді. Кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары ән орындап, бимен көркемдеп отырды. Өз кезегінде жазушылар өздерімен ала келген, тұсауы жаңадан кесілген туындыларын, том-том кітаптарын аудандық кітапханаға тарту етті.
Залда Талғат Айтбайұлының «Айтар ойым болған соң...» атты жаңа кітабының тұсауы кесілді. Бұл құрметке Жуалы ауданының Құрметті азаматы, ардагер ұстаз Әбілқасым Ергебеков ие болды. Сонымен бірге мұнда Талғат Сүйінбайдың да жаңа кітабының тұсауы кесілді. 

Сондай-ақ сахнада аудан мектептерінің үздік оқушылары мерейтой иелеріне арнаған арнау өлеңдерін оқыды. Бұл тағылымы мол кештен әсіресе жастар үлгі-өнеге алып, олардың еңбек жолы және шығармашылықтарымен кеңінен танысуға мүмкіндік алды. 

Марат ҚҰЛИБАЕВ,
журналист,
Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар