Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Сұрмерген Сүлейменов

Сұрмерген Сүлейменов
Ашық дереккөз
Қазақ тарихында қан майдан ұрыстан да, қанды жүз қылыштан да қаймықпай топқа да, отқа да кіретін оғлан ұлдар көп болды. Мысалы, бір ғана екінші дүниежүзілік соғыста ерлікпен қаза тапқан қазақтың қаһарман ұлдары аз емес. Бұл қатарға әскери қолбасшы болған Сабыр Рахымовты, взвод командирі Құдайберген Сұрағановты, сонымен қатар мергендігімен көзге түскен Ыбырайым Сүлейменовті қосуға болады. Ы.Сүлейменов өзінің қыршын жанын аямай, ұрыс даласында опат болған ер. Енді бір жағынан, оның мұндай жанкешті батыр болып тумауға да хақы жоқ еді.

Өйткені біз жылқы мен жігіттің жеріне қарап емес, тегіне қарап құрметтеген халықпыз. Сондықтан Ыбырайым Сүлейменовтің шежіресіне қарай шегініс жасасақ, ол атақты Жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте атойлап алда жүрген Байғозы батырдың ұрпағы. Әкесі Сүлейменов елге белгілі жылқышы болған. Анасы Тынышбала 7 ұл, 1 қызды дүниеге әкеліп, өзі 90 жастан асқан шағында дүние салыпты. Бір өкініштісі, асыл сүйекті ананың 5 ұлы бірдей соғысқа аттанып, Ысқақ атты ұлы ғана тірі оралады. Ал қалған үшеуі ұрыс даласында із-түзсіз жоғалса, Ыбырайымнан «қара қағаз» келеді. Батырдың сүйегі қазір Ресейдің Невель қаласында қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметовамен бірге жатыр.

Ал тарихи деректерге назар аударсақ, 1911 жылы Жамбыл облысының Сарысу ауданында дүниеге келген Ыбырайым соғысқа дейінгі 30 жылын Арқа төсінде жылқы бағып өткізгені туралы айтылады. Сол жылдары Базарбике деген қызбен бас құрап, 1939 жылы қызды болады. Қызының аты – Алмакүл. Кейін Ыбырайым ағасының ықпалымен Жамбыл ауданында тракторшы болып жұмыс істеп жүрген жерінен әскерге аттанып кетеді. Бұл 1941 жылдың желтоқсан айы болатын. Осылайша ұрыс майданына аттанған көзсіз батыр 1943 жылдың қараша айына дейін жаудың 239 жауынгері мен офицерін жояды. Калинин майданының сапындағы алғашқы шайқастардың өзінде ол сексенге жуық жауды жер жастандырады. Великие Луки қаласы үшін болған ұрыста да 60 жаудың көзін жояды. Жауды көрсе қой көрген қасқырдай қаны тулайтын батыр 1943 жылдың күзінде Невель қаласы үшін болған шайқаста 102 фашисті өлтіреді. Тағдыр тайталасының ортасында қан кешкен Ы.Сүлемейнов соғыста 100-дербес атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-бөлімшесінің мергені болып, осындай ерліктер көрсеткен. Бұл туралы «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланған Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» атты мақаласында толығырақ баяндалады. Онда Мұхтар Құл-Мұхаммед: «Ы.Сүлейменов әскер қатарына шақырылған 1941 жылдың соңында Алматыда 100-атқыштар бригадасы жасақталып жатқан. Бұл бригада Орта Азия әскери округі қолбасшысының 1941 жылғы 26 қазандағы бұйрығы бойынша құрылды. Желтоқсанның басында Ыбырайым дәл осы бригада сапына келіп қосылғаннан кейін, дәлірек айтсақ, 20 желтоқсан күні оны жарақтау толығымен аяқталды. Әскерилер бригаданы бейресми түрде «Қазақтың жүзіншісі» («Сотая Казахская») деп атаған екен. Себебі ұлттық құрамы бойынша бригада жауынгерлерінің 86 пайызы қазақтар, 11 пайызы орыстар, тек үш пайызға жетер-жетпесі ғана өзге ұлт өкілдері болды.Ыбырайым осы бригада құрамында 1942 жылдың тамыз айына дейін әскери дайындықтан өтеді. Алғашқы жаттығуларда-ақ құралайды көзге атқан мергендігімен ерекшеленген жас батырды тәлімгерлер айрықша қамқорлыққа алып, оны «бақылаушы мергендікке» (снайпер наблюдатель) даярлай бастайды», – деген дерек келтіреді.Сонымен қатар М.Құл-Мұхаммед атышулы 100-бригада құрамында қазақтардың көп болғанын да тілге тиек етіп, Ыбырайымының ұрыс даласының өзінде ұстаз көріп, тәрбие алғанын, оттың ішінде жүрсе де өз қазағының ортасында болғанын айтады.

«Ыбырайымның бақытына қарай, батальонның әскери комиссары қызметін сабырлы, салмақты, жас та болса тәжірибелі капитан Райымжан Әшкеев деген азамат атқарды. Ол Ыбырайымға командир ғана емес, әскери ұстаз да болды. Мергеннің қолына 470 000 нөмірлі снайперлік винтовка табыстаған дәл осы Р.Әшкеев еді. Салтанатты жағдай үстінде капитан: «Винтовкаңның нөмірі 47 және төрт нөл екен. Осының алғашқы екеуінде көрсетілген немістің көзін жоюыңды тілеймін», – депті. Сонда Ыбырайым: «Ол аз, алғашқы үшеуіндей немісті жер жастандырамын», – деп жігерлене жауап қайтарыпты. Берген сертке берік азамат сөзінде тұрып, көп ұзамай сол қандыауыз винтовкасымен қаптаған қалың жауды баудай түсіре бастайды», деген дерекпен толықтырады М.Құл-Мұхаммед өз мақаласында.
Бір қызығы, осыншама жанкештілікпен соғысқан Ыбырайым бірнеше рет «Кеңес Одағының Батыры» атағына ұсынылса да бұл жоғары марапат берілмеген. Бұл туралы классик жазушы Әзілхан Нұршайықов та кезінде өз пікірін білдіріп: «Қазақ солдаты Ыбырайым Сүлейменов 239 фашистің көзін жойған кездің өзінде-ақ сөзсіз Кеңес Одағының Батыры болуға лайық еді», – деген болатын. Ал облыстық тарихи-өлкетану музейіне қарасты «Даңқ» залының қызметкері Жанат Тоқпанбетова шынайы батырлықтың бағасы медальмен өлшенбейтінін айтады. Әрі Ыбырайым батыр ғана болып қойған жоқ, ол өзінің берген сертіне де адал болған жан екенін жеткізді.

– Әрине, ұрыс даласында 300-ден аса жауды жайпап, соғыста ерен ерлік көрсеткен сұрмергеннің батыр атағын алмағаны өкінішті. Алайда ол халықтың жүрегінде әлдеқашан орын алған аяулы тұлға. Тарихқа үңілсек, 1943 жылдың жазында әскери слетте сөз алған мерген Ы.Сүлейменов: «Мені неге снайпер болды деп ойлайсыздар? Өйткені мен ұрыс алаңында жазықсыздан-жазықсыз қаза тапқан көптеген адам мен бейкүнә баланы көрдім. Ал тірі қалған тұрғындар маған жаудың оларды қалай азаптап, қорлағанын айтып беретін. Әрбір қазалы үйден, жаралы жанның көзінен қайғы мен мұң көрген сайын бір орнымда байыз таппай кететінмін. Сол кезде мен Отанымды оқ күшімен қорғаймын деп шештім. Мен қазақпын. Менің Қазақстаным Мәскеуден алыста. Бірақ мен фашистердің көзін қазір жоймасам, олар Қазақстаныма да жетеді. Ал мен олардың туған жерімді аяғымен таптағанын қаламаймын. Оған жол да бермеймін!» – деген болатын.

 

«Жігіт сөзінен, жолбарыс ізінен қайтпайды» дегендей, біз бұдан оның сөзінде тұрып, майдан алаңында өз міндетін межеден асыра орындап бергенін біле аламыз. Осы сөздер-ақ оның патриоттық сезімі асқақтап тұратын рухты батыр екендігін айғақтайды. Ел қорғаған азаматтарымызды жадымызда мәңгі сақтау және де өскелең ұрпаққа есімін ұмыттырмауды біздің борышымыз деп есептейміз. Яғни қазіргі таңда бейбіт өмір сүріп жатқанымыз Ыбырайым секілді батырларымыздың ерліктері мен елеулі еңбектерінің арқасы екені даусыз, – дейді Жанат Тоқпанбетова. 

 


Әлбетте, соғыс біткеннен кейін де ердің аты елеусіз қалған жоқ. Ол туралы әртүрлі тақырыпта кітаптар, мақалалар жазылды. Мысалы, Қасым Шәріпов өзінің «Қатардағы қаһарман» және «Қаруластар» кітабында Ыбырайымның ерлігіне арнайы тоқталады. Ал Балтабай Адамбаевтың «Ыбырайым батыр» атты поэмасы да батырдың құрметіне жазылған. Тіпті жыр алыбы Жамбылдың өзі Ыбырайымды өлеңіне қосып жырлаған. Әзілхан Нұршайықовтың «Автопортрет», «Невель түбінде» деген шығармалары да сұрмерген Сүлейменовтің құрметіне арналған.Сонымен қатар Сарысу ауданының Ұйым ауылындағы орта мектеп батыр есімімен аталады. Тараз қаласындағы №37 мектепке де жауынгердің есімі берілген. Сондай-ақ өзі ерлікпен қаза тапқан Невель қаласында да Сүлейменов атындағы көше бар. Ал Тараз қаласының да бір көшесі батыр ұлының атымен аталады. Мұның бәрі де Ыбырайымның батырлығына деген құрмет пен тағзым.

Шапағат ӘБДІР

 


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар