Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Таза қазақстан таза ауладан басталды

Таза қазақстан таза ауладан басталды
ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен 8 сәуір күні елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғаны белгілі. Акцияның мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, отансүйгіштік сезімге баулу, табиғатты қорғауға, қоршаған ортаға жанашырлықты дәріптеу.

Қең ауқымда әрі жаңа форматта өткен акция 5 аптаға созылды. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты болды. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» және «Мөлдір бұлақ» деген тақырыптармен аталған 5 аптада әрбір елді мекенде аулалар мен көшелерді тазалау, тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстары, ағаш көшеттерін отырғызу, ардагерлердің аулалары мен қарттар үйінің аумақтарын тазалау және абаттандыру, өзен-көлдердің жағалауларын қоқыстан тазарту жұмыстары жүргізілді.Ауқымды акцияға барша қазақстандықтар атсалысты. Тағылымы мен тәлімі мол акция әр өңірде әлі де жалғасып жатыр.Кеше «Таза Қазақстан» акциясының облысымыздағы күні жоғары деңгейде аталып өтті. Осыған сәйкес өңірде облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен бірқатар тазалық іс-шарасы ұйымдастырылды.

 

Экологиялық акцияға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысты. Республикалық науқанның облыстағы күніне жоспарланған іс-шаралар «Қарасу-2» каналын механикалық тазалау жұмыстарынан бастау алды. Қайрат Әбілханұлының айтуынша, тазалық жұмыстарына облыстық жастар ресурстық орталығының, «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің, «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының, қала әкімдігі бөлімдерінің мамандары, жалпы саны 16 мекеменің қызметкері, ерікті жастар мен тұрғындар атсалысты.– Қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға арналған «Таза Қазақстан» акциясының бергені көп. Игілікті іс-шараға облыс тұрғындары бір кісідей атсалысуда. Тазалау барысында бұрыннан қалып қалған тұрмыстық қалдықтар, полиэтилен пакет, пластик бөтелкелер сияқты күл-қоқыстар шығарылып, полигонға жөнелтілді. Бұған дейін аймақ басшысы да облыс орталығындағы су жүйелері және арық-атыздардың жай-күйімен танысып, оларды кешенді тазалаудан өткізу бойынша қала басшылығына нақты міндеттер жүктеген болатын.Тағы бір айта кетерлігі, Тараз қаласы бойынша 8 канал және 4 дренаж каналдың жетеуі тазартуды қажет етіп тұрған. 7 каналды тазалауға 250 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар басталып кетті. Бүгінде Тараз қаласындағы «Қапал», «Үшбұлақ», «Қарасу-1», «Қарасу-2», «Төрегелді» каналдарына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілуде. 2024 жылдың соңына дейін 300 шақырымға жуық канал мен арық тазаланады, – дейді Қайрат Әбілханұлы.


Тараз қаласы әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкері Гүлмира Тәттібаева тазалыққа тұрғындар да жауапты екенін айтады.
– Жалпыұлттық «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы көптеген игі іс-шара атқарылып жатыр. Каналдар мен арық-атыздар, елеусіз қалған көне тарихи орындар да абаттандырылуда. Ең бастысы, акцияға тұрғындар да үлес қосуда. Таза Қазақстан таза ауладан басталады. Сондықтан тұрғындар өзі тұрған жерді қоқысқа толтырмай, таза ұстап жүрсе, құба-құп болар еді, – дейді Г.Тәттібаева.
Жалпы акция басталғалы бері облысымызда 1 600-ден аса сенбілік өткізіліп, оған 214 мың адам тартылған. Осы жылғы абаттандыру, көгалдандыру және санитарлық тазалау жұмыстарына 9,4 миллиард теңге қарастырылған. Осы уақытқа дейін 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер, 816,6 шақырым канал мен арық, 3,1 мың шақырым көше мен 99 мың аула қоқыстан тазартылып, 9,7 мың тонна қоқыс шығарылды. 60 мыңға жуық көшет отырғызылып, 49 субұрқақ іске қосылған. 

 

«Таза Қазақстан» акциясы облысымызда жыл соңына дейін жалғасып, тұрғын үйлер, жолдар жөнделіп, халыққа арналып салынған демалыс саябақтары ретке келтіріледі.
Акция Тараздағы тарихи нысанның бірі – «Тектұрмас» этнотарихи кешенінде жалғасты. Этнотарихи кешенге 4 500 қылқанжапырақты ағаш егу жоспарланса, оның 3 500-і отырғызылыпты. Бүгінгі күні отырғызылған ағаштарды және егілетін көгалды автоматты түрде тамшылатып суару жүйесі қосылып жатыр. «Жасыл ел-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Азамат Әбішовтің айтуынша, қазір өскіндерді суару жүйесіне арналған 16 мың метр су құбыры орнатуға дайын тұр.– Кешенде құрылыс жұмыстары 2019 жылы басталған болатын. Жан-жағы таулы аймақ болғандықтан жері тастақ. Осы жерге «Жасыл желек» бағдарламасы бойынша 3 500 тал егілді. Сол үшін біз қазір тамшылатып суару жүйесін енгізіп жатырмыз. Қазіргі уақытта бұл суару жүйесі 80-85 пайызға бітіп тұр. Он күн ішінде жұмыстар толық аяқталады. Суды резервуарға Талас өзенінен тартып отырмыз. Ескере кетерлігі, тамшылатып суару технологиясы жердің құнарлылығына ешқандай әсер етпейді. Себебі ағаштарды суармас бұрын өсімдікке қажет дәрумендерді бірден резервуарға қосатын боламыз, – деді А.Әбішов.

 

 


Сонымен қатар «Тектұрмас» этнотарихи кешені аумағындағы «Көне қамал» нысанының құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Нысан құрылысы 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған.– Бұл қамал өте көне дәуірден келе жатқан нысан. Тұрғындар осы жерге келіп, сол кездің тіршілігін сезінетіндей қамал салынады. Құны – 650 миллион теңге. Биыл күзде құрылысы толық аяқталып, тапсырылады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар кешенде келушілерге жағдай жасау мақсатында ұлттық тағамдарды ұсынатын ұлттық асхана ашылады, – деді Қайрат Исмаил.

 


Сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараздағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстарымен таныстық. Жаңғыртуды қажет ететін жылу магистралінің жалпы ұзындығы – 6,1 шақырым. Бұл жобаның жалпы құны 10 миллиард 756 миллион теңгені құрайды. Бүгінгі таңда М-1 жылу магистралінің құрылыс жұмыстары  Төле би көшесінің бойында жүргізілуде. Ол бес бөліктен тұрады. Құрылыс алаңында 120 жұмысшы, 40 техника жұмыс істеуде. Жаңғырту жұмыстарының бірінші бағыты «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы мекемесінен «Көне Тараз» этномәдени кешеніне дейінгі аумақты қамтиды. Ал екінші бағыт шеңберінде жұмыстар «Көне Тараз» кешені мен Байзақ батыр көшесі аралығында жүргізілуде. Үшінші бағыт Байзақ батыр мен Әйтиев, төртінші бағыт Әйтиев пен Жамбыл даңғылы аралығын қамтып отыр. Соңғы бағыт «Таразэнергоорталық» акционерлік қоғамы ғимаратының қазандығы мен мекеме ауласында жүргізіліп жатыр екен.


Акция соңында Төле би даңғылы бойында орналасқан №48, 50, 52, 54 көпқабатты тұрғын үйлердің жаңарту жұмыстарының жай-жапсарына қанықтық. Аталған үйлердің архитектуралық бейнесі жаңартылып, сыртқы бейнесімен қатар қылтималар да (балкон) пластиктермен қайта қапталуда. Бұл абаттандыру жұмыстарына жалпы 100-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. Айта кетейік, «Таза Қазақстан» акциясы аясында Тараз қаласындағы коммуналдық меншіктегі 6 үйге 99,6 миллион теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылса, «Қаратау құрылыс – 2030» серіктестігі 685 миллион теңгеге 11 көппәтерлі тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту жұмыстарын жүргізуде.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар