Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаздың бір күні қыстың мың күніне татиды

Жаздың бір күні қыстың мың күніне татиды
ашық дереккөз
Әне-міне дегенше жаз маусымы да келіп жетті. Жалпы есі бар ел қыс қамына ерте кірісіп, осы бастан әрекет ететіні белгілі. Қар жауып, қазан ұрмай тұрып егінді жинап алу, жылу құбырларын ауыстыру, оны сынақтан өткізу, жол жөндеу секілді басқа да толып жатқан шаруалар нәтижелі болуы үшін көктемнен бастап қара күзге дейінгі жылымық күндерді тиімді пайдалану шарт.

Алайда алғашқы жауған қармен бірге жол жөндеп жүргендерді бұрын талай көргенбіз. Осы көрініс биыл да қайталанса, таңғалуға болмайды. Өйткені облыстағы кейбір аудандарда жол жөндеу жұмысына қатысты мемлекеттік сатып алу конкурсы әлі күнге жарияланбаса, тағы бір аудан көшенің ой-шұқырын жамауды мүлде назардан тыс қалдырыпты. Жол жөндеу жұмысына қатысты осы тектес бірқатар олқылық облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте сөз болды.– Жөнделген және қолданыстағы жолдардың ұзақ уақыт қызмет етуінің сыры – жолды жыл сайын ағымдағы жөндеуден өткізумен қатар, күтіп ұстау. Бұл тұрғыда әкімдерге аудандық мәндегі жолдарды күтіп ұстау үшін жыл басынан қаражат бөлу тапсырылғанымен Мойынқұм ауданында қаржы тек бірінші нақтылауда ғана бөлінді. Бүгінде ол бойынша келісімшарт жасалуда. Қаржыны жыл басында бөлудің мақсаты – қыстан кейін пайда болған шұңқырларды дер кезінде жоюды сәуір, мамыр айларында бастап кету. Осы іс үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдерін уақытылы өткізу көзделген. Алайда бүгінгі күнге Қордай ауданында қаржы уақытылы бөлінгенімен мемлекеттік сатып алу конкурсы әлі күнге дейін жарияланбай отыр. Сондай-ақ Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі жыл басында аудандық маңызы бар жолдарды күтіп ұстауға қаржы қарағанымен негізгі жұмыс болып саналатын шұңқырларды жөндеу жұмыстарын мүлдем қамтымаған. Берілген ескертпе бойынша, аталған аудан соңғы нақтылауда аудандық маңызы бар 1 жолға ғана 5 миллион теңге бөлген. Дегенмен басқа жолдардың да шұңқырларын жөндеу қажет. Бұл жағдай өз кезегінде қыс мерзімінен кейін пайда болған ақауларды дер кезінде жойып, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкіндігін бермейді.

Тиісті жобаларды іске асыру бойынша басқарма тарапынан апталық мониторинг жүргізілуде. Осыған сәйкес бүгінде 332 жобаның 144-інде жұмыстар басталды. Оның ішінде 24 жоба 2023 жылдан өтпелі. Қалған 308 жаңа жобаға келсек, 28 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Байзақ, Жуалы, Қордай ауданында бір-бір, Меркі ауданында 3 жоба бойынша конкурс жарияланбаған. 41 жобаның жеңімпазы анықталып, іс қазір шарт жасасу сатысында тұр. Жуалы, Меркі, Шу ауданында жүзеге асатын 3 жоба бойынша шағым қаралуда. Шарт жасалған 230 жобаның 110-ы бойынша жұмыс басталмаған. 18 жоба бойынша конкурс өткізілуде. Десе де Байзақта – 3, Жуалыда – 1, Қордай мен Меркіде бес-бестен он, Талас ауданында 2 жоба бойынша техникалық қадағалау қызметін анықтауға қатысты конкурс өтпеген, – деді облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықов.

Басқарма басшысының айтуынша, жол жөндеу жұмыстары басталғалы «Жол активтері» ұлттық сапа орталығының облыстық филиалы тарапынан 25 жерге зерделеу жұмыстары жүргізіліп, 75 сынама алыныпты. Нәтижесінде тиісті тарапқа 2 ескерту беріліп, жұмыс тәртібінде жою шаралары қабылданған екен. Биыл іске асырылатын жергілікті жол жөндеу жобаларына алдын ала есеппен жол битумының қажетті қоры 30 мың тоннаны құрайтыны анықталыпты. Қазіргі уақытта облыстағы ірі жол компанияларының битум сақтау қоймаларында 12,3 мың тонна қор жинақталыпты. Мұрат Құттыбайұлы саладағы осы тектес бұдан да басқа атқарылып жатқан жұмыстарды егжей-тегжейлі айтып берді.Жиында облыс әкімі Тараз қаласындағы бұрын жөнделген көшелердің ортасы түсіп кеткенін, оның ішінде Қойгелді көшесін мысалға ала отырып, осы олқылықтар бұрын тиісті тараптан дұрыс қадағалаудың болмағанының көрінісі екенін тілге тиек етті.– Қазір жылу құбырларын ауыстыру бойынша Тараз қаласының Төле би көшесінде қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы іс аяқталғаннан кейін жолды қайта қалпына келтіру қатаң бақылауға алынсын. Сіз осы салада ұзақ жылдан бері еңбек етіп келесіз. Жол және көлік саласы бес саусағыңыздай белгілі. Былтыр 433 жол жөндеу жобасы жоспарланған. Оның ішінде аяқталғанының сапасы қандай, салыстырмалы түрде осыған баға бере аласыз ба?

Былтыр Үкімет деңгейінде жол жөндеу құрылысының сапасына қатысты жиын өткен болатын. Сонда облысымызда жөнделіп жатқан жолдардың сапасына қатысты сын айтылды. Осындай кемшіліктер алдағы уақытта туындамас үшін жол құрылысы сапасын қатаң бақылауда ұстаңыз, – деген Ербол Шырақпайұлы М.Саурықовқа бірқатар міндеттеме жүктеді.Бұдан кейін аймақ басшысы «Жол активтері» ұлттық сапа орталығы облыстық филиалының басшысы Мырзахмет Ибрагимовтан облыстағы құрылысы жүріп жатқан жолдардың сапасына жүргізілген тексерулердің нәтижесін, жол жөндеумен айналысатын мердігерлер өз ісін қаншалықты деңгейде лайықты атқарып жатқанын сұрады. Өз кезегінде Мырзахмет Қыраубекұлы өзі басқаратын мекемемен қай мекеме келісімшартқа отырады, сол бойынша ғана тексеру жүргізетіндерін айтты. Өз сөзінде филиал басшысы: «Ауыл көшелерін немесе ауыл мен ауылды жалғайтын жолдарды жөндеуде тиісті ауылдық округ әкімдерімен емес, келісімшартты аудан деңгейіндегі мекемемен жасасақ дұрыс болар еді. Себебі ауылдық жерде жолдың жайын білетін маман тапшы. Ауылдық округте жол салу мен жөндеудің талаптарын білетін маман жоқ болғаннан кейін ондай құрылыс нысаны толық бақылауда болмайды», – деді.Аппарат кеңесінде облыс әкімі: «Шу-Қайнар жобасы бойынша жүріп жатқан құрылыс жұмысының қарқыны төмен. Жол негіздеріне күтім жоқ, яғни тұрақты тегістелмеген әрі көлік доңғалағынан аспанға көтерілетін шаңды басу үшін су себілмейді. Бұл халықтың көтеріп отырған мәселесі. Өз кезегінде бұл сол автожолға жақын орналасқан ауыл тұрғындарының наразылығын тудыруда», – дей келе, осы тектес жол жөндеу ісіне баса мән бермей отырған, жөндеу жұмысында ширақтық танытпаған бірқатар аудан әкімдерінен жауап алды. «Қазавтожол» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы облыстық филиалы директорының міндетін атқарушы Ержан Телеужанды сөзге тартып, жолдың жақсы жағдайда болуы өңірдің туристік әлеуетін де арттыратынын тілге тиек етті.Аппарат кеңесінде қаралған екінші мәселе суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздікке арналды. Аталған мәселе бойынша облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Руслан Орынбеков баяндама жасады.– Облыс аумағында гидрографиялық тұрғыда 100-ден аса өзен мен 112 тоған бар. Суайдындарында профилактикалық іс-шараларға тұрақты түрде тартылатын облыс аумағындағы волонтерлік ұйымдардың басшылары мен үйлестірушілері санатында облыстық төтенше жағдайлар департаментінде 59 тыңдаушы даярлық курстарынан өтті. Суайдындарының қауіпті учаскелеріне адамдардың қаза болу фактілері, олардың себептері және оқиғаға ықпал еткен мән-жайлар көрсетілген 360 ескерту белгісіне және 8 көрнекі стендке түгендеу жұмыстары жүргізілді. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы негізгі қауіпсіздік шараларының талаптары белсенді түрде жарияланып, таратылуда. 

 

Шомылу маусымы басталғанға дейін жағажайлардың түбін тексеру, арнайы қалтқылар, ескерту белгілері, үгіт-насихат стендтерін қою жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда 3 жағажайдың түбі тексерілді. Бүгінде облысымыздың суайдындарында шомылуға рұқсат етілген 16 орын белгіленген.2023 жылғы шомылу маусымы кезеңінде 5 адам суға батып, қаза болды, оның ішінде үшеуі бала. Бұл қайғылы оқиғалардың басты себептері – өзен жағасында балық аулау кезінде суға құлап кету, суда жүзу кезінде өз күшін бағаламау және суайдын жанында баланың ересектердің қарауынсыз қалуы. Осыған ұқсас қайғылы оқиғалар биыл да қайталанбас үшін тиісті іс-шараларды алдын ала пысықтауымыз қажет, – деді Руслан Нұрланұлы.

Жиында облыс әкімі өңірде рұқсат етілген орындардың санына өзгерістер енгізу бойынша және олардың тиісті деңгейде жабдықталуына қатысты жүргізіліп жатқан жұмыстар қашан аяқталатынын жауаптылардан сұрап, оны екі күнде әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар аптап ыстық басталғанда елдің салқындау үшін өзен-көлдерді жағалайтынын, сондықтан тыйым салынған аймақты қатаң бақылауға алу қажеттігін, қала ішінде, ауыл маңындағы ағын сулардың да ойын балалары үшін қаупі жоғары екенін сөз етіп, аудан, қала әкімдіктері төтенше жағдайлар департаментімен бірлесе жұмыс істеу керектігін еске салды. Суға шомылу маусымы кезіндегі қауіпсіздік үшін тиісті мамандарға арнайы тапсырма берді.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар