Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жемқорлықпен күрес – ортақ міндет

Жемқорлықпен күрес –  ортақ міндет
ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 22-бабы бойынша, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды өз құзыреті шегінде барлық мемлекеттік органдар, ұйымдар, квазимемлекеттік сектор субъектілері мен лауазымды адамдар жүргізуге міндетті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде жемқорлықтың түп-тамыры жойылғанша күрес жүргізілетінін жеткізді. Осылайша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі ретінде айқындалды.Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық қозғалысқа барлық мүдделі топтар: мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер, инвесторлар, тәуелсіз сарапшылар, еріктілер және басқалар тартылуда. Құзырлы органдар тарапынан барлық мүдделі тараптармен бірлескен жұмыстар жүйелі түрде атқарылып келеді.Бүгінгі күнге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша заңнамалық өзгерістердің бірқатар топтамасы әзірленіп, іске асырылды. Заңнамалық өзгерістердің бірінші топтамасы 2019 жылдың 19 желтоқсанында қабылданды. ҚР Президентінің 2022 жылғы 2 ақпандағы №802 Жарлығына сәйкес «Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бекітілді.
Тұжырымдаманың бірінші бағытында құндылықтарды өзгерту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, мемлекеттік аппараттың парасаттылығын арттыру және  бизнестің парасаттылығына жәрдемдесу міндеттері  айқындалған.

Азаматтардың билік органдарына деген сенімін арттыру үшін мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру маңызды. Бұл тұрғыда мемлекеттік қызметшілерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті оқытуды оның үздіксіздігін, дәйектілігі мен өзектілігін қамтамасыз ете отырып дамыту қажет. Мемлекеттік аппараттың «тазалығын» қамтамасыз ету үшін лауазымдық міндеттері сыбайлас жемқорлықтың жоғары тәуекелдерімен ұштасатын қызметшілермен жұмыс жөніндегі шаралар әзірленетін болады. Сатылмаушылықтың тағы бір маңызды элементі – мүдделер қақтығысын реттеу. Бұл тұрғыда да заңға өзгерістер енгізілетін болады.«Сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндіктерін жою» деп аталатын екінші бағытта  бюджет қаражатын тиімсіз жұмсау тәуекелдерін және сатып алуда сыбайлас жемқорлықты азайтуға баса назар аударылған.  Бюджет процесінде қаржылық мерзімдерден жобалық мерзімдерге көшу де қажет. Бұл күнтізбелік жылдың соңында орындалған жұмыстардың актілеріне асығыс қол қоюды және осыған байланысты заң бұзуды болдырмайды.

Жобаларды қаржыландыру нысаналы көрсеткіштер мен мемлекеттік инвестициялаудың өлшенетін нәтижелері болған кезде ғана жүзеге асырылатын болады. Бұл индикаторлар тұтас елдің немесе нақты өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етпек.Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізудің жариялылығы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің сыбайлас жемқорлық алғышарттарын өз бетінше жою белсенділігін арттыруға ықпал ететін болады.Тұжырымдаманың үшінші бағытында жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды жетілдіру көзделген. Жауапкершіліктің бұлтартпастығы қағидаты жазалау практикасында ғана емес, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде, келтірілген залалды өтеуде және әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруде де болуға тиіс.Төртінші міндет  сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда азаматтық қоғамның рөлін күшейтуге негізделген.
Азаматтық қоғам өкілдерінің бюджет процесіне, мемлекеттік сатып алу мониторингіне, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасын бағалауға, қандай да бір саладағы, өңірдегі неғұрлым өткір мәселелерді айқындауға қатысуы арқылы олардың мемлекетпен өзара іс-қимыл процестерін жетілдіру қажет.Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға журналистер мен өзге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін кеңінен тарту қазақстандықтардың белсенді азаматтық ұстанымын нығайтуға ықпал ететін болады.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды іске асырудың тиімді мониторингін қамтамасыз ету бесінші міндет ретінде атап көрсетілген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда үздік нәтижелерге қол жеткізу және қабылданатын шаралардың тиімділігін объективті бағалау мониторингтің тұтас жүйесі арқылы қамтамасыз етілетін болады.Тұжырымдаманың алтыншы бағытында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкілетті органның қызметін одан әрі жетілдіруге басымдық берілген. ҚР «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңының 16-бабының 1-тармағы 4- тармақшасына сәйкес  Қоғамдық кеңестің қоғамдық бақылау саласындағы мақсаттары мен міндеттерінің  бірі    халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл процесіне тарту болып табылады. Осы мақсатта ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің  Превенция басқармасымен бірлесе облыстық қоғамдық кеңестің мүшелері мемлекеттік органдар, облыс әкімдігі басқармалары басшыларының сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізу нәтижелері туралы есептерін тыңдап келеді. Сонымен қатар денсаулық сақтау, денешынықтыру және спорт, білім салаларына жауапты мемлекеттік мекемелерде өткізілген қоғамдық мониторинг аясында азаматтарға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы, қызметтер көрсету барысында жемқорлық тәуекелдерінің орын алуы зерделеніп, мониторинг қорытындысы БАҚ беттерінде, әлеуметтік желілерде жарияланды.ҚР Премьер-Министрінің 2024 жылғы 4 қаңтардағы тапсырмасына сәйкес ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі барлық деңгейдегі қоғамдық кеңестерге нормативтік құқықтық актілер жобаларына сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама жүргізуді ұсынған болатын. Осы орайда кеңес мүшелері басқармалар әзірлейтін қаулы, шешімдер жобаларына қоғамдық сараптама өткізуді жоспарлап отыр.    

Назима ЖҰБАНДЫҚОВА,
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің

облыс бойынша филиалының жетекшісі,

облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар