
– Өздеріңіз білетіндей, еліміздің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге бағытталған бірнеше жаңа заң қабылданып, қолданыстағы заң нормаларына қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізілген болатын. Соның бірі – мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, бюджет процесін оңтайландыруға және бюджетаралық қатынастардың ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа Бюджет кодексі. Одан бөлек, Салық кодексі, оның ережелерінде салықтық әкімшіліктендіруді ауқымды түрде жеңілдету көзделген. Жаңа Салық кодексі азаматтар мен бизнес үшін оңтайландырылып, әділетті салық төлеуге ынталандыруды көздейді және бірнеше мақсатты бағыттарды шешуге арналған. Кәсіпкерлер мен салық органдарының жұмысын жеңілдетіп, салықтың жиналуын арттырып, Қазақстан бизнесін көлеңкеден шығаруға мүмкіндік береді. Осы жиынның мақсаты – мемлекеттік органдар мен бизнес саласының арасында ашық диалог орнату, жаңа заңнаманың негізгі сипаттамасын түсіндіру және көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап беру, – деді Серік Жақсылықұлы.
Жиында сөз алған вице-министр экономикалық саясаттың негізгі мақсаты тұрақты өсуді қамтамасыз ету, қолайлы бизнес орта қалыптастыру және халықтың өмір сүру сапасын арттыру екеніне тоқталды. Бұл бағытта мемлекет кәсіпкерлікті қолдауға басымдық беріп, салық және қаржы тетіктерін жетілдіруге айрықша назар аударып отырғаны айтылды. Сонымен қатар тұтынушылар мен қызмет көрсетушілер мүдделері арасындағы теңгерімді сақтау мақсатында тарифтік саясатты жетілдіру жұмыстары жүргізіліп жатқаны сөз етілді.
– Бүгінде мемлекеттің әлеуметтік тұрақтылығын сақтай отырып, инфрақұрылымды жаңғыртуға, инвестиция тартуға және кәсіпорындардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік беретін кезең-кезеңімен тарифтік реттеу тетігі енгізілуде. Қазіргі таңда бұл тақырып қоғамда да, бұқаралық ақпарат құралдарында да кеңінен талқыланып отыр. Бензин мен дизель отынының бағасы көршілес елдермен салыстырғанда айтарлықтай төмен болуы отын ағымының артуына және көлеңкелі экспорттың күшеюіне себеп болып отыр. Қазақстан мен көршілес мемлекеттер арасындағы бағаның 40 пайызға дейінгі айырмашылығы нарықта тапшылық қаупін тудырды. Осыған байланысты дизель отыны мен бензиннің көтерме бағасын кезең-кезеңімен арттыру туралы шешім қабылданды. Қыркүйек айынан бастап жанармайдың литрі 10 теңгеге, ал жағармайдың литрі 4 теңгеге көтерілді. Бұл үдеріс бақылауда және жоспарлы түрде жүзеге асырылып жатыр. Жанар-жағармай бағасын реттеу жөніндегі шаралардың арқасында ішкі нарықтың қажеттілігі толық қамтамасыз етілуде. Нәтижесінде әлеуметтік жағдай тұрақталып, халықтың осал топтарына қосымша қолдау көрсетілуде. Мәселен жылу электр орталықтарына нарық бағасынан 45-50 пайызға төмендетілген бағада 280 мың тонна мазут жеткізілуде. Ал ауылшаруашылығы тауар өндірушілеріне 800 мың тоннаға дейін дизель отыны жанармай бекеттеріндегі бағадан 15-20 пайызға арзан бағада ұсынылып отыр. Бұл шаралар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері мен күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жанар-жағармай бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін барлық 20 өңірде әкімдіктер жанынан өңірлік штабтар жұмыс істейді. Олардың құрамына Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, экономикалық тергеу, мемлекеттік кірістер және табиғи монополияларды реттеу департаменттерінің өкілдері енгізілген. Штабтар азаматтардың және БАҚ-тың өтініштеріне жедел әрекет ету мақсатында құрылған. Баға шамадан тыс өскен жағдайда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес монополияға қарсы шараларды дер кезінде қабылдауға міндетті. Тауарлық және сұйытылған мұнай газының бағасына тоқталсақ, «Газ және газбен жабдықтау туралы» Заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес, тауарлық газдың көтерме саудадағы шекті бағалары өңірлердің экономикалық және әлеуметтік ерекшеліктерін ескере отырып, әр бес жыл сайын белгіленеді және қажет болған жағдайда жыл сайын 1 шілдеде түзетіледі. Мәселен, тауарлық газдың көтерме бағасы 2020 жылғы 1 шілдеден бастап 2028 жылдың 1 шілдесіне дейін бекітілген. 2025 жылғы 1 шілдеден бастап баға 33 пайызға ұлғайтылды. Қажет болған жағдайда жыл соңына дейін немесе келесі жылдың басында халықпен ашық талқылау негізінде қосымша түзетулер енгізілетін болады, – деген Қайырхан Серікұлы.
Сондай-ақ вице-министрдің айтуынша, бұл шаралар тауарлық және сұйытылған газ өндіру саласындағы шығынды азайтып, өнімнің өзіндік құны деңгейіне жеткізуге бағытталған. Мысалы, газ зауыттарында бір тонна газды өндіру құны шамамен 80 мың теңге болса, нарықта ол 64-65 мың теңгеден сатылады, яғни әр зауыт тоннасына 15-20 мың теңге көлемінде шығынға ұшырайды. Осыған байланысты Үкімет пен ұлттық компаниялар зауыттардың инфрақұрылымын жаңғыртуға және қызметкерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға қолдау көрсетуде.
Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің облыс бойынша департамент басшысының міндетін атқарушы Қалдыбай Мүслім баяндама жасап, табиғи монополиялар саласындағы басты мақсат тұтынушылар мен қызмет көрсетушілердің мүдделер теңгерімін сақтау екеніне тоқталды. Ол бұл бағытта жүзеге асырылып отырған тарифтік саясат пен мемлекеттік реттеудің нақты құқықтық тетіктері жайын әңгімеледі. Соңғы жылдары энергетика және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту нәтижесінде қызмет сапасы артқанын, апаттар азайғанын жеткізді. Оның айтуынша, 2020 жылдан бері «Тарифті инвестицияға айырбастау» қағидаты салаға қосымша қаржы тартуға мүмкіндік берген. Бұл ретте облыста «Жамбыл электр жүйесі», «Тараз энергия орталығы» және «Жамбыл су» сияқты табиғи монополия субъектілеріне жататын кәсіпорындардың кәріз, ауызсу, жылу секілді желілерінде тозу жағдайы болғанымен, аталған инвестициялық бағдарлама арқасында оның деңгейі біртіндеп төмендетуге бағытталғанын айтты.
Бұдан кейін Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, Сауда комитеті төрағасының орынбасары Ернұр Жәутікбаев секілді басқа да салалық министрлік өкілдері қатысушыларға еліміздің қаржы-экономикалық бағытына енгізіліп жатқан өзгерістердің бизнес пен өндіріс салаларына тигізетін ықпалы, салық мәселесі жайын түсіндірді. Өз кезегінде кәсіпкерлер тарапынан сауалдар қойылып, оларға тұшымды жауап қайтарылды.
Қайырхан Тұтқышбаев жұмыс сапары барысында «Тараз жылу энерго орталығы» акционерлік қоғамына барып, кәсіпорынның қазіргі ахуалына назар аударды. Аталған жылу тарату мекемесінің басшысы Жұмабек Бөлекбаев вице-министрге кәсіпорын жұмысын таныстырды.
Бұл кәсіпорын 2018 жылы сенімгерлік басқаруға беріліп, 2022 жылы қайтадан мемлекет меншігіне қайтарылған екен.
– Мекеме мемлекет меншігіне қайтарылған кезде кәсіпорынның едәуір қарызы бар еді. Мысалы, газға 1 миллиард 350 миллион теңге, салық бойынша да қарызымыз болды. Сондай-ақ «Тараз Трансэнерго» мекемесіне 400 миллион теңге берешек едік. Қазіргі таңда «Тараз Трансэнерго» алдындағы қарыз толық өтелді, салық қарызының жартысы жабылды, енді 600 миллион теңгесі қалды. Бұл соманы 2026 жылдың қаңтарына дейін толық өтеуді жоспарлап отырмыз. Одан кейін газ қарызын жабуға кірісеміз. Мазут мәселесіне келсек, қаржы тапшылығына байланысты бізде бір апталық мазут қоры бар. Жыл сайын бізге жеңілдетілген бағада шамамен 1,5 мың тонна мазут бөлінеді. Биыл қараша-желтоқсан айларында мың тонна көлемінде алу жоспарланып отыр. Бұл жылыту маусымын тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Газ бағасы шілде айында 33 пайызға қымбаттағандықтан, біз алты ай бойы жоғары бағамен жұмыс істейміз. Ал тарифті қаңтарда ғана жаңартамыз. Осы себепті зауыт айтарлықтай шығынға ұшырайды. Қазандықтардың барлығы толық жұмыс істеп тұр. Дегенмен екі қазандықтың біреуі істен шыққан жағдайда үшіншісі дайын тұруы қажет. Бұл бойынша жоба құжаттары дайындалып, министрлікке жолданып қойған. Егер биыл 6-7 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінсе, келесі жылы оны іске қосуға мүмкіндік туар еді. Осы мәселелердің оң шешім табуына ықпал етуіңізді сұраймын – деді Ж.Бөлекбаев.
Қайырхан Серікұлы өз сөзінде кәсіпорынға қолдан келгенінше көмек көрсетілетінін, бұл мәселе Астанада талқыланатынын жеткізді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ