Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Орны бөлек оңалту орталығы

Орны бөлек оңалту орталығы
ашық дереккөз
Бүгінде мемлекет тарапынан ерекше күтімді қажет ететін адамдарға айрықша назар аударылып, барлық жағдай жасалуда. Облысымызда да атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Облыс орталығында, аудандарда оңалту орталықтары көптеп ашылып, дертіне шипа іздеген жандардың аяққа тұрып, өмірден лайықты орнын табуына септесуде. Осы орайда жуырда Тараз қаласындағы Қарлығаш Бибазарова басқаратын облыстық әлеуметтік оңалту орталығына арнайы барып, мекеменің тыныс-тіршілігімен танысып қайттық.

Оңалту орталығында ерекше күтімді қажет ететін адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту үшін барынша жағдай жасалыпты. Орталықтың жалпы аумағы – 4,932 гектар. Мекеменің табалдырығын аттағаннан-ақ темірдей тәртіп пен жанға жайлы атмосфера сезіледі. Жалпы орталық сауықтыру-жүзу бассейні, акт залы, спортзал, үш қабатты емдеу корпусы, ас блогы, екі қабатты стационар, демалу, қолөнер мен үйірмелер, ем-шара сынды бірнеше блогқа бөлінген. 

Мұнда I және II топ мүгедектері 43 күннен бастап 6 айға дейін оңалтудан өтеді екен. Емделушілерге тәулігіне төрт мезгіл ыстық тамақ беріледі. Түрлі үйірмелерге қатысып, қабілеттерін шыңдауға да көңіл бөлінген. Күнделікті информатика сабағында пернетақтаны еркін қолдану, электронды поштаны ашу сынды ұсақ-түйекке дейін үйретіледі екен. Қай бөлмеге кірсең де емделушілердің бірі ұсақ моншақтарды жинап, енді бірі тоғызқұмалақ ойнап, бірі бассейнде бой сергітіп, келесісі тігін тігіп, инемен ем қабылдап жатыр. Әйтеуір қол қусырып қарап отырған адам жоқ. Тағы бірі арнайы ағашты күйдіру техникасы арқылы графикалық картиналар жасауда. Ерекше жандардың сауығып кетуі үшін орталықта қолөнершілер де, мүсіншілер де, суретшілер де қызмет етуде. Мәселен, белгілі суретші Қазым Аманқосов мұнда қызмет алушыларды қолөнерге баулып, сурет, кескіндеме өнерінің де қыр-сырын үйретуде.

Арнайы 8 бағыт бойынша қызмет көрсететін орталық 2008 жылы А.Асқаров көшесінің бойынан ашылған екен. Алайда ерекше күтімді қажет ететін адамдардың жыл санап көбеюіне байланысты орын тапшылығы сезілген. Осылайша мемлекет қолдауының нәтижесінде жаңа орталықтың құрылысы басталады. Сөйтіп, өткен жылдың күзінде орталық жаңа ғимаратқа көшеді. Жаңа нысанға көшіп келгелі қызмет көрсету аясы да кеңіп, жаңа құрал-жабдықтармен, медициналық аппараттармен толығып, орын саны да көбейген. 150 орындық бірінші және екінші топ мүгедектеріне арналған әлеуметтік орталықта 14 емдік бөлме, 5 жаттығу бөлмесі жұмыс істейді. Оңалтудан жыл сайын 1 000 мүгедектігі бар адам өтеді екен. 

 

– Оңалту орталығында қызмет алушыларға барынша жағдай жасалған. Емдік бөлмелер бағасы 10 миллионнан асатын гидрованналармен, ең қымбат аппараттармен жабдықталған. Тұзды шахта да жұмыс істеп тұр. Емдік жаттығу бөлмелеріне BTL аппараты қойылған. Аппарат 11 функция атқарады. Сонымен қатар экзоскелет аппараты да алынған. Арбаға таңылған адамды тұрғызып, отырғызып, аяқ-қолын созып жаттығу жасатады, – дейді оңалту орталығының аға медбикесі Роза Сабырқұлова. 

Аға медбикенің жол бастауымен орталықты аралап, тыныс-тіршілігімен танысып жүргенімізде жанымызға бір оңалушы келе қалды. Өзін Жұлдыз Елемесова деп таныстырған емделушінің орталықтан ем алып жүргеніне жеті жылдай болыпты. – 19 жасымда жазатайым оқиға болып, арбаға таңылдым. Оңалту орталығы екінші үйіме айналды. Мұндағы әрбір қызметкер ата-анамдай, аға-әпкемдей болып кетті. Шыны керек, орталықтан тамақ жасап, тігін тігуді, тоқыма тоқып, ән айтуға дейін үйрендім. Бастапқыда арбада отыруымның өзі мұң болатын. Оңалту орталығына келгелі талпынып жатырмын. 
Сау адамдардың өзі сәл ғана қиындықтан сынып кетіп жатады. Біздер денсаулықпен сыналған соң денсаулықтың қадірін жете түсінеміз. Аяқ-қолы сау болса да өмірге шағымы көп адамдарды көп кездестіремін. Сондай азаматтарға «Құладың ба, қайта тұр!» дегім келеді. Тау қопаруға, жетістіктерге қиналмай жетуге мүмкіндіктеріңіз мол. Сондықтан тек қана алға. Қиындық өтеді, кетеді. Тек сынып кетпеңіздер, – деген Жұлдыз жақында тұрмысқа шыққалы жатқанын қуанышпен жеткізді.

 

Өмірге құштар жанға бақыт тілеп, орталықтың басқа да емделушілерімен, дәрігерлермен, медбикелермен сөйлесуге асықтық. Келесі бір бөлмеге бас сұққанымызда медбике Сәуле Мұратова аппаратпен массаж жасап жатыр екен. Сәуле жұмысқа жаңадан орналасса да ептілігімен көзге түсіп жүрген маман. Емделушілерге түрлі құрылғылармен емдік уқалау жүргізеді. Ал Серғазы Аманқұл – бірінші жаттығу бөлмесінің тренері. Ол  BTL аппаратының мүмкіндіктерімен таныстырды. Аппарат бірнеше тәсілмен адам емдейді екен. Ел мақтаған экзоскелет аппаратын да көрдік. Нұсқаушы Асылқан Орынбековтің айтуынша, ерекше жандарға, әсіресе жұлын омыртқасы зақымданғандарға экзоскелеттің көмегі көп. Аппараттың экранында бәрі көрсетіліп тұрады. Қызмет алушының қанайналымы, жүрек қағысы, қанша текше метр жүргені, бұлшықеттердің қозғалысы, бәрі-бәрі... Мұнан кейін компьютер бөлмесіне бас сұқтық. Амирхан Ержан есімді қызмет алушы интернет арқылы тест тапсырып отыр екен. – Жасым 25-те. Байзақ ауданы, Сарыкемер ауылының тұрғынымын. Төрт жыл бұрын суға шомылып жүріп бел омыртқамды сындырып алдым. Бастапқыда мүлдем отыра алмайтын едім едім. Оңалтудан өткелі жақсарып қалдым. Отыра аламын. Өздігімнен шаруамды жасаймын. Дәрігерлер емделеді деп жатыр, – дейді А.Ержан. 

 

 

 

Тігін бөлмесіне кіргеніміз сол еді, көзімізге бірден қолөнер бұйымдары түсті. Құрақ көрпелер, жастықтар, қолдан тігілген ойыншықтар, қазақша киім үлгілері, тойбастарға тігілген бұйымдар көздің жауын алады. Бұл игі істің басы-қасында жүрген Салтанат Берікбаева екен. Салтанаттан үйреніп алып, өз кәсібін ашқан қызмет алушылар жетіп артылады.Ал дәрігер Амангелді Болатбекұлы 2019 жылдан бері медицина саласында невропатолог дәрігер болып жұмыс істейді. – Пациенттің көбі инсульттан кейін келеді. Көбінде неврологиялық зақымдану бар. Қарағанды қаласындағы медициналық университетті тәмамдап, оңалту орталығында жұмыс істеп жатырмын. Әу баста мамандық таңдағанда-ақ мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс істейтінімді білдім. Бәріне дайын болдым. Қолдан келгенше көмектессем деп талпындым. Бүгінде сау адамдардың көбінде неврологиялық ауытқушылықтар бар. Былай қарасаңыз, ешкім жетісіп жүрген жоқ. Қаншалықты заман дамыған сайын у-шу, жағымсыз ақпараттар, жаман аурулар көп. Күйзеліс барша адамды шарпып өтеді. Невропатолог маман осындай жағдайда керек, – дейді дәрігер Амангелді Болатбек. 

 


Қытайдың дәстүрлі медицинасын, оның ішінде инемен емдеуді игеріп келген дәрігер Анастасия Попивухинаның да еңбегін ерекше атап өтуге болады. Анастасия Олеговна Қытайда 7 жыл білім алған. Инемен емдеуші терапевт дәрігер бастапқыда Қытайда бір жыл, Біріккен Араб Әмірлігінде екі жыл жұмыс істепті. Оңалту орталығында 8 айдан бері еңбек етіп келеді.

Әлеуметтік жағынан әлсіз топқа қолдау көрсету - парызымыз. Өмірдің сынағына қайыспас қайсарлық танытып жүргендерге құрметпен қарайық!

 

 

 

 

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар