Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Аналардың алғысын арқалаған дәрігер

Аналардың алғысын арқалаған дәрігер
ашық дереккөз
Акушер-гинеколог Дидар Әбдірамбайды өңірімізде танымайтын адам кемде-кем. Он жылдық еңбек өтілінде талай нәрестенің өмірге келуіне себепші болған кейіпкеріміз қалалық перинаталдық орталықта бөлім меңгерушісі болып қызмет етеді. Әрбір әйелді аман-есен босандырып, ана мен баланың амандығы үшін күресіп жүрген мықты маман.

Қазақы менталитетімізге сай дәрігерді жынысқа бөлу дұрыс емес. Көп жағдайда халық арасында ер гинекологқа, уролог-практолог әйел дәрігерге қаралмай, ұялып жататын оқиғалар аз емес. Босануға келген жас аналар еркек гинекологтан қашқақтап, уақыт өткізіп алатын жағдайлар да кездесіп тұрады. Тіпті «ауруын жасырған өледінің» керін келтіріп, ерлер жағы практолог әйел дәрігерге көрінуді де ұят санайды. Дәрігер – ол маман. Оған тек дәрігер деп қана қарау керек.

– Ер гинекологты көргенде әйел адамдар ұялып қалады. Бәрібір бізде «ұят» деген ұғым бар. Солай екен деп ер дәрігерлерден қашудың керегі жоқ. Гинеколог – әйелдің жыныс ағзалары ауруларын диагностикалаумен, емдеу мен профилактикалаумен айналысатын дәрігер. Маған маман ретінде қараңыздар. Ауруды асқындырмау керек. Салада еңбек жолымды алғаш бастаған кезімде жасы егде тартқан аналар маған үрке қарайтын. «Өзі жап-жас, өзі ер дәрігер» деп айналып қашатын. Дәрігерді жынысқа бөлмей, тек сол саланың маманы ретінде қарауларыңызды сұраймын.Күніне 30 сәби дүние есігін ашады. Бірі табиғи жолмен туса, біріне кесарь тілігі арқылы ота жасалады. Он жылда көп баланың кіндік әкесі атаныппын. Араға екі үш жыл салып босанатын аналар кейде өздері іздеп келеді. «Сіздің қолыңыз жеңіл, сіз босандырыңызшы» деп өтінеді. Бүгінде медицина дамыған. Босандырудың бірнеше түрі бар. Кереуетте босана ма, жоқ арнайы босану креслосында ма, ана оны өзі таңдайды. Халқымыз «Аяғы ауыр әйелдің бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» деп бекерге айтпаған. Әрбір босанатын ананың денсаулығына алаңдаймыз. Қасында болуға, барынша жеңіл босануына жағдай жасаймыз, – дейді Дидар Әбдірамбай.

 


Әрбір сөзі байыпты, мақалдатып шешен сөйлейтін дәрігердің әкесі Сатылған Биғабыл бағдары айқын басылым «Халық тәлімі» газетінде қызмет еткен ардагер журналист екен. Ал анасы Марияш Биғабылова саналы ғұмырын медицина саласына арнаған зейнеттегі дәрігер-терапевт. Анасының жолын қуған Дидардың жары да ақ халатты абзал жан. Жан жары Марал Молдабекова балалар невропатологі. Екеуі де С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Дидар «Хирургия» мамандығы бойынша, кейін «Акушер-гинеколог» мамандығын тәмамдапты. 
– Екі дәрігерден құралған отбасы жақсы жанұя болып кете алады екен. 2013 жылы шаңырақ құрдық. 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Бір-біріміздің кезекшілік ауысымымызды, қызметімізді түсінеміз. Бір-бірімізді бағалаймыз. Уақытымызды жоғалтып, ұрысқа жол бермейміз. Қазақша айтқанда, ыммен-ақ ұғысамыз. Біздің отбасыда айқай-шуға, артық сөзге орын жоқ. Дәрігердің жұмысы ауыр екенін айтпай-ақ түсінеміз, – дейді Дидар дәрігер.


Мамандық таңдауда да, жар таңдауда да қателеспеген Дидар Гиппократ антына адалдық танытып келе жатқанын айтады. «Дәрігер деген арыстандай айбатты, қыздай икемді, анадай мейірімді болу керек» деп Гиппократ айтып кеткен екен. Дәрігер мамандығын кез келген адам таңдай бермейді. Жүрегінде түгі бар, әрі жүзінен мейірім төгіліп тұратын адамдар ғана таңдайды» деген кейіпкеріміз жүктілікке байланысты әйелдер арасындағы анемия ауруы туралы кеңінен айтып берді.

 

– Анемияға жайбарақат қараудың керегі жоқ. Қаназдық ауруынан талай үлкен аурулар туындайды. Осы себепті аналар кесек, топырақ жемей, газды энергетикалық сусындар ішпей, өздерін күтсе екен. Кесек, яғни топырақ бүгінгі күннің кеселі болды. Жас ана болсын, бала болсын қытырлатып топырақ жейді. Топырақ адам ағзасындағы қанды одан сайын азайтып жібереді. Түк пайдасы жоқ. Ал газды сусындар екіқабат ана үшін қауіпті. Тағы бір айтарым, жаңа ғасырда үлкен салмақпен бала босанса «Алпамыс өмірге келді» деп қуанып жатамыз. Ол қуанатын нәрсе емес. Ана үшін өте қиын. Жатыры жыртылып, қан кетіп, арты асқынуларға әкеледі. Сондықтан іштегі шарананы себепсіз өсіре бермеу керек. Бәрі өз уақытымен. Әлгі айтылған газды сусындар, бала күтіп жүрген аналардың дұрыс тамақтанбауы ерте босануға немесе шарананың өздігінен өмірін тоқтатуға алып келеді, – деді. 

 

Дидар еңбек жолында естен кетпестей талай қызықты оқиғаларды бастан кешкенін айтып, бізбен де бөлісе кетті. – Әлі күнге күліп еске аламын. Бірде жас ана босанды. Босану залында баланың шаранасымен бірге туғанын көрдік. Яғни мұндай жағдай жиі бола бермейді. Әдетте бала туады, одан кейін барып сыртқа шарана шығады. Бұл жолы сәби шаранасымен бірге шықты. Мұндайды ырымдап жақсылыққа балап жатамыз ғой. «О, бала көйлекпен туды! Қорғанышы мықты болады, бір әулие бала болмақ!» деп қуанып айтып қалдық. Түстен кейін телефонымды қайдан алғаны белгісіз, әлгі жас ана қоңыраулатып тұр. «Бағана босанғанымда бала көйлекпен туды деп едіңіз. Сол көйлегін алсам бола ма?» деді. Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Жаңа босанған ананың өзі де бала екен ғой деп жанына барып түсіндірдім. Ұжым болып әлі күнге осыны еске алып күлеміз, – дейді Дидар Сатылғанұлы.

 

 

Дәрігер мен емделуші әйелдер арасында көзге көрінбейтін сенім бар. Әйелдердің жыныс ауруларына бейжай қарамайтын дәрігер бүгінгі күні босанғаннан кейінгі болатын асқынулармен күресуде. Дәрігер әйел баласының гигиенаны қатаң сақтап, алты айда бір гинекологқа көрініп тұруды ескертеді. Күнделікті күйбең тіршіліктің ырқынан шыға алмай жүре бермей, қыз балалардың өз денсаулықтарына мұқият болуын баса айтты. 

Әйел адам босағаның ұйытқысы әрі берекесі емес пе? Расында ғана оның жан - жағы, отбасы, балалары, ері, туыстары да бақытты болады. Әйел күлсе, әлем күледі. Қадірлі қыз-келіншектер, гинекологиялық тексерістерден өтіп, сынамалар тапсырып, өз денсаулықтарыңызды күтіңіздер!

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар