– Сарысу диқандары дәнді дақыл егу жоспарын 2,9 мың гектарға асыра орындады. Қант қызылшасы жоспарланғаннан артық егілді – 9,7 мың гектар. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3,1 мың гектарға артық. Биылғы жылы қант қызылшасы Қордай (750 гектар), Меркі (700 гектар), Рысқұлов (98 гектар) және Шу (6,6 мың гектар) аудандарында көбірек егілді, – дейді облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақ.
Ал өңірімізде майлы дақылдар 30,4 мың гектарға, бақша дақылдары – 6,7 мың, пияз 15,9 мың гектарға егілген. Байзақ ауданында пияз 400 гектарға артық егіліпті.
Сонымен қатар көкөніс 20,2 мың гектарға егіліп, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 10 мың гектарға азайған. Майлы дақылдар – 20,2 гектарға кем болса, картоптың да көрсеткіші 1,9 мың гектарға төмен.
Әулиеата өңірінің ауылшаруашылық субъектілері жаздық дәнді дақылдар, майлы дақылдар, қант қызылшасы, көкөніс секілді егіс түрлерін молынан егіп, қазір жердің құнарлылығын арттыра түсу үшін минералды тыңайтқыштар енгізумен айналысуда. Жалпы биыл 332,4 мың гектар алқапқа 53,3 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланыпты.Көктемгі дала жұмыстарына 7 506 ауылшаруашылық техникасы жұмылдырылып, егіс науқанына 10,8 мың тонна дизель отыны қаралған. «Кең дала» бағдарламасы арқылы көктемгі дала жұмыстарына 2,5 миллиард теңге бөлінді.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ