Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Өңірлік тұрақты егіншілік орталығы құрылады

Өңірлік тұрақты егіншілік орталығы құрылады
ашық дереккөз
Жақында Ауылшаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров герман экономикасы Шығыс комитетінің басқарма төрағасы Катрина Клаас-Мюльхойзермен кездесті.

Германия экономикасы Шығыс комитетінің төрағасы ретінде Клаас-Мюльхойзер ханым қауымдастық мүшелерінің Қазақстанмен әріптестік қатынастарды дамытуға қызығушылығы жоғары екенін атап өтті.
Айдарбек Сапаров Шығыс комитетінің Қазақстан мен Германия арасындағы екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтынын айтты.

– Германия біздің бұрыннан келе жатқан стратегиялық серіктесіміз және Қазақстан ауылшаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге және тауар айналымын ұлғайтуға мүдделі. 2023 жылы екі ел арасындағы аграрлық өнеркәсіптік кешен өнімдерінің тауар айналымы 18 пайызға өсіп, 123 миллион АҚШ долларын құрады. Мен қос ел арасындағы сауданы дамыту әлеуетін одан әрі арттырудың үлкен перспективалары бар деп санаймын, – деп атап өтті А.Сапаров.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы негізінде Германиядағы әріптестерімен бірлесіп Өңірлік тұрақты егіншілік орталығын құру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өткен жөн. Қазіргі уақытта орталық тұжырымдамасының жобасы Қазақстан-Неміс аграрлық-саяси диалогының ескертулері мен ұсыныстарын ескере отырып пысықталып, қарауға жіберілген.

Аталған орталық еліміздің ауылшаруашылығы әлеуетін неғұрлым толық пайдалануға, инновациялық технологияларды енгізуге және оларды коммерцияландыруға ықпал етеді.
Мұнан бөлек Айдарбек Сапаров кездесу барысында Қазақстан аграрлық секторға инвестиция салуға кең мүмкіндіктер беріп отырғанын, аграрлық өнеркәсіптік кешенде инвестициялық жобаларды іске асыру үшін мемлекет тарапынан қолдау шаралары қарастырылғанын айтты.

Солтүстік Қазақстан облысында КЛААС зауытын іске қосу жемісті ынтымақтастықтың жарқын мысалы. Оның өнімдері қазақстандық фермерлер арасында өте сұранысқа ие және олардың жұмысының тиімділігін арттыруға ықпал етеді.

Нұрым Сырғабаев

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар