«Диплом алсам болды» деген оймен немесе ата-анасының, басқа да адамдардың ықпалымен атын естімеген мамандыққа түсе салатын мектеп бітірушілер аз емес. Сол себепті де кей жастарымыз студент атанған шақта осы мамандыққа біреудің айтуымен, амал жоқтықтан түсіп едім деп қынжылып отырады.
Есте жоқ ерте заманда адам қабілетінің сыншысы ретінде қызмет атқаратын мамандар болған екен. Қарапайым халық әлгі мамандарға өздерінің жасөспірім немесе кішкентай балаларын апаратын болған. Сыншылар адамның дене бітіміне, көзі мен құлағы қалай орналасқанына, қол мен аяқтың қалай біткеніне қарап, ептілігі мен қозғалысын бағамдап, қандай кәсіп түріне икемді болатынын, болашақта қандай маман боларын болжап береді екен.
Сонымен қатар баласының бір емес, бірнеше өнер түріне қабілеті барын байқаған ата-ана «әхли фәриси» деп аталатын мамандарға көрсетіп, қай саланы таңдау бойынша кеңес алады екен. Сол секілді баласының қай мамандыққа қыры барын білмей, болашақ мамандығын таңдай алмай басы қатып жүргендерге профориентолог мамандар көмектеседі. Бірақ мұндай мамандар елімізде көп емес, саусақпен санарлықтай ғана. Профориентологтар оқушымен жеке консультация жүргізіп, сұрақ қойып, қажет болса, тест те алады. Қызметі – ақылы.
Ал кез келген оқушы өзінің қарым-қабілетін, қырын біле бермейді. Осы ретте оқушыға мұғалім мен мектеп психологінің көмегі, ата-анасының қолдауы керек.– Мамандық таңдау – әрбір мектеп түлегі үшін маңызды. Өйткені мамандық әр жанның өмірлік жолындағы талабын оятатын, өзін танитын, қабілетін шыңдайтын, өмірге келгендегі басты миссиясын алып жүруге жетелейтін қажеттіліктерінің бірі. Сондықтан түлектер мамандыққа байланысты нақты шешім шығару үшін асығыстыққа салынбай, қандай істі жақсы атқара алатынын анықтау керек. Әрбір жан өмірге 10 шақты қабілетпен дүниеге келеді. Көп қабілетінің ішіндегі нақты біреуін оятып, тек өзіне ғана емес, қоғамға қандай да бір пайдасын тигізудің жолын іздегені дұрыс.Жалпы барлық адамға шексіз мүмкіндіктер беріледі. Мүмкіндіктерді мүлт жібермей, уақытында қолдана білу керек. Сондай-ақ әр бала өзінің қиындықтарымен, мүмкіндіктерімен өмірге келетіндіктен барлығын бақылауда ұстау, өзгертіп жіберу ата-ананың қолында емес. Сол себепті ата-ана мамандық таңдауда баланың қабілеттерінің ашылуы үшін қолдау көрсетіп, жол көрсетіп отыру қажет. Мүмкіндіктерін қолдана алатынына, қиындықтардан өте алатынына сенім білдіру маңызды, – дейді тәжірибелі психолог Мөлдір Сабербекова.
Психолог айтқандай, мамандықты дұрыс таңдап, өмірде лайықты орныңды табу атүсті қарайтын мәселе емес. Алдымен таңдау жасамас бұрын өзіңізге «Мен болашақ мамандығымнан не күтемін? Ол маған не береді?» деген сұрақты қойып, шынайы жауап беріп көруіңіз керек. Көп нәрсе осыған тікелей байланысты.Воллонгонг университеті мен Аустралияның жұмыспен қамту департаменті зерттеу жүргізіп, 2023 жылы ең сұранысқа ие және өзекті мамандықтарды анықтаған. Сұраныстағы мамандықтарды зерттеу бойынша үздік төрттікке келесі педагогикалық мамандықтар енді: 3 – бастауыш сынып мұғалімі, 9 – орта мектеп мұғалімі, 10 – мектеп мұғалімі, 12 – мектепке дейінгі білім беру мұғалімі.Расымен солай. Мәселен, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің қабылдау комиссиясына хабарласып, өткен жылы қай мамандықтар сұранысқа ие болғаны туралы мәлімет алдық. Өткен жылы түлектер педагогика саласына көп түскен екен. «Денешынықтыру мұғалімі» (202 студент), «Шет тілі» (232 студент), «Бастауыш оқыту педагогикасы» (116 студент), «Математика» (102 студент), «Қазақ тілі мен әдебиеті» (101) мамандықтарына таңдау көп болған. Келесі кезекте ІT-технология бойынша мамандықтарға (202 студент) сұраныс көп болыпты.Осы орайда біз де мектеп бітіруші талапкерлер арасында сауалнама жүргізіп көрген едік.– Бала кезімнен журналист болғым келеді. Жазған мақала, өлеңдерім газеттерде жарияланып тұрады. Бірінші сыныпқа қабылданған кезімнен бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнін сүйіп оқимын. Енді тест көрсетеді. Бағым шапса грантқа түссем деген арманым бар. Грантқа ілінбесем, әрине, ақылы түрде оқимын ғой. Негізі журналистика мамандығына түскім келгенімен ата-анам қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанымды қалайды. «Қазір журналист көп, алдағы уақытта қалай боларын білмейсің. Бұл мамандықпен журналист болып та жұмыс істей аласың. Егер ол салада бағың жанбаса, жұмыс табылмаған жағдайда кітапханашы, мектеп мұғалімі болуыңа мүмкіндік болады» дейді ата-анам.Қазір ең маңыздысы сол, тесттен абыроймен өту болып тұр. Қалғанын уақыт көрсетер, – дейді Айман Бақытжанқызы.
Ал Алуа есімді тағы бір оқушының таңдауы медицина саласына түсіпті. – Атам бала кезімізден бір әулетке бір дәрігер, бір полиция, бір мұғалім керек деп айтып отыратын. Мен қызбаласы болған соң шығар, медицина саласын таңдап отырмын. Болашақта өзімді осы саладан көремін. Ақ халатты абзал жан болып, адамдарға пайдам тисе деген ниетім бар, – дейді Алуа Асқарова.
Биыл мектеп бітіргелі отырған Асылзат Берікқызы есімді жас түлек мамандық таңдауда әлі ойы екіұшты екенін айтады. Ол физика-математика бағытын таңдаған, бірақ таңдау пәндері сәйкес келетін қандай мамандық түрлері барын толық білмейді.– Дәл қазір Ұлттық бірыңғай тестке дайындалудамын. Алғашқы ҰБТ-ның сынамасында жақсы көрсеткішке ие болдым. Бірақ мамандықты әлі таңдамадым. Ата-анам мұғалім болғанымды қалайды. Өзім басқа саланы ұнатып отырмын. Қай мамандыққа грант көп бөлінеді, соған қарай құжаттарымды тапсырамын, – дейді Асылжан.
Сарапшылардың айтуынша, 2030 жылға қарай елімізде 57 мамандық түбегейлі жойылып, оның орнын 180 мамандық басады. Қазіргі уақытта өзгеретін мамандықтардың басым бөлігі сұранысқа ие. Дегенмен олардың өзектілігін сақтау үшін мамандарға жаңа техника мен дағдыларды игеру қажет. Мамандықтардың атауы өзгермегенімен мамандық ішіндегі біліктілік талаптарының деңгейінде біршама жаңартулар болады. Алайда бұл цифрландырудың дамуы қол және ақыл-ой еңбегі мамандарының азаюына әкеліп соғуы мүмкін. Және бухгалтер, аудармашы, кітапханашы, турагент, даяшы сынды кей мамандықтардың біртіндеп жойылуына әкеліп соғуы ықтимал.
Қорыта айтқанда, бүгінгі күні елімізде өнеркәсіп, құрылыс, көлік салаларында мамандар жетіспейді. Бірақ сарапшылар маман жетіспеушілігі жоғарыда аталған салаларда ғана емес, өзге де салаларда бар екенін айтады. Сондықтан мамандық таңдауда, ең бастысы – сіздің бейімділіктеріңізді, қабілеттеріңізді және қызығушылықтарыңызды, сондай-ақ таңдаған мамандыққа еңбек нарығындағы сұранысты ескеру маңызды.