Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ерлік есеппен жасалмайды

Ерлік есеппен жасалмайды
ашық дереккөз
Ерлік есеппен емес, күтпеген жерде, ойда-жоқта жасалатынына жуырда тағы да көзіміз жетті.

16 мамыр күні Қуаныш Ұлтарақ Айша бибі көшесінің бойымен жұмысына кетіп бара жатып кішкентай балалардың жылап жүргенін көреді. Бастапқыда мән бермейді. Кенеттен көшенің қарама-қарсы жағынан айқай естілді. Нақтырақ айтқанда, металл қоршаумен қоршалған дренаждық каналдың бүйірінен бір қыздың шырқыраған дауысын естіген. Қуаныш еш ойланбастан жол бойындағы қоршаулардан секіріп өтіп, көмек сұраған қыздың жанына барады. Кішкентай баланың абайсызда су арнасына құлап, шыға алмай қалғандығын түсініп, жедел түрде тіпті киімін де шешпестен жалма-жан суға секіріп, баланы судан алып шыққан. 

Қуаныш одан әрі жедел жәрдем шақырып, ал әлгі баланы шұғыл келіп жеткен полицейлерге тапсырған. Қуаныш Еркінбекұлы осылайша өзінің жанқиярлық батырлық әрекетінің арқасында кішкентай Бекжанды құтқарып, оған екінші өмір сыйлады.

– Айша бибі көшесімен күнде жүремін. Себебі осы маңға жақын жерде құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатырмын. Шынымды айтсам, мұндай оқыс оқиға болады деп күтпедім. Балалар шулап, әйелдер жүгіріп кеткен соң ойланбастан каналға қарай жүгірдім. Қамыстың арасынан бастапқыда көрінбеді. Қарасам, бүк түсіп бала жатыр екен. Тұншығып, көгеріп кетіпті. Судан шығарған соң не істерімді білмей Назарбаев Зияткерлік мектебіне қарай жүгірдім. Ондағы ойым мектептің медбикелерін алып келу еді. Кішкентай бүлдіршінді аман алып қалғаныма қуаныштымын. Ең бастысы сол, – дейді Қуаныш.


Ержүректігі мен батылдығы, төтенше жағдай кезінде уақытылы көмек көрсеткені үшін Қуаныш Еркінбекұлына құтқарушылар облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының атынан алғыс хат және қол сағатын сыйға тартты.

Эльмира Байназарова
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар