Биыл 8 мәдениет үйі мен клуб пайдалануға беріледі
- author AR-AY
- 22 мамыр, 2024
- 142
Алпыс бес жылдық тарихы бар орталық мәдениет үйлері мен клубтардағы көркемөнерпаздардың шығармашылығын жетілдіру бойынша әдістемелік құралдар әзірлеп, сондай-ақ олардың өнерін насихаттау, орындау шеберліктерін арттыру мақсатында халықаралық, республикалық, облыстық деңгейде іс-шаралар ұйымдастырып, жас таланттардың танылуына ықпал етіп келеді.Кейінгі жылдарда елімізде мәдениет саласын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сөзіміздің дәлелі ретінде өңіріміздің түкпір-түкпірінде ауылдық мәдениет үйлері мен клубтардың құрылысы, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын айтсақ болады.
2019 жылдан бастап облыс бойынша елді мекендерді мәдениет нысандарымен қамту және олардың халыққа қызмет көрсету деңгейін арттыру картасы толық қалыптастырылғаны белгілі. 2020-2023 жылдар аралығында облысымызда 16 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Нәтижесінде типтік үлгідегі мәдениет үйлері мен клубтардың саны біршама артты. 2024-2027 жылдар аралығында мәдениет саласының даму жоспары мен өңірлік карта аясында 17 мәдениет үйінің құрылысын жүргізу жоспарланып отыр. Биыл 8 мәдениет үйі мен клубтың құрылысы аяқталады деп күтілуде.
Облыс көлемінде өткен жылдың қорытындысымен мәдениет үйі мен клубтарға қосымша 98 штат (үйірме жетекшісі) берілді. Бұл да үлкен көрсеткіштің бірі.Өңіріміздегі 200 мәдениет үйі мен клубта түрлі бағытта 894 үйірме жұмыс істейді. Оған 11 233 адам қатысады. Ал халықтық (үлгілі) атағы бар ұжымдар саны – 53. Қатысушылар саны – 1 647.Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауға сай көркемөнерпаздар ұжымдарының да жетістіктері, бағындырған биіктері аз емес. Атап өтер болсақ, биыл ақпан айында Астана қаласында өткен көпжанрлы «Silk Way Talents» халықаралық фестивалінен Қордай аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Нұрсұлтан» би ансамблі бас жүлде, халықтық «Махаббат» би ансамблі І орын, «Грация» би тобы ІІ орын иеленіп, өзгелерден оқ бойы озып шықты.
Алматы қаласында ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған «Тау деген Ана туған дара тұлға» атты республикалық өнер мен білім конкурсына Сарысу аудандық мәдениет үйінің «Қолөнер» үйірмесінің жетекшісі Аружан Қожантай қатысып, бас жүлдені иеленді. Балалар мен жасөспірімдер арасында өткен «Аялайық ананы» атты республикалық өнер байқауына «Вокал» номинациясы бойынша Мерей Түктібай қатысып, І орынмен марапатталды.Жалпы ауыл мәдениеті жандануы үшін мамандарға үнемі қолдау көрсетіп, тәжірибе алмасу алаңдарын қалыптастыру – маңызды міндеттердің бірі. Осы ретте биыл орталықтың ұйымдастыруымен «Озық тәжірибе – рухани тәрбие» тақырыбында аудандық, ауылдық клуб мамандарына арналған облыстық семинар-тренинг өтті. Семинарға аудандық әдістемелік бөлім әдіскерлері, ауылдық мәдениет үйі, клубтардың меңгерушілері, үйірме жетекшілері қатысты. Баяндамашылар семинарға қатысушыларға бірыңғай іс-қағаздардың үлгісі, үйірме жұмыстары, іс-шаралардың бағыттары, әлеуметтік желі және кадр мәселесі бойынша ақпараттандырып, әдістемелік көмек ретінде бағыт-бағдар берді. Барлық қатысушыларға орталық тарапынан әзірленген нұсқаулықтар үлестірілді.
Алдағы уақытта да жоспарға сәйкес маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында бірқатар жұмыс атқарылады. Мәселен, клуб меңгерушілері арасында алғаш рет жаңа форматта «АУЫЛ-CLUB» ART-тимбилдингін ұйымдастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар шығармашыл жастарды қолдау мақсатында «Жаңа есім-2024» жобасы дәстүрлі түрде биыл бесінші рет өткізіледі. Жоба III кезеңнен (ауылдық, аудандық, облыстық іріктеу) тұрады. Ақпан-наурыз айларында ауылдық іріктеу кезеңі өтті. Жоба жеңімпаздарымен мамыр айында гала-концерт ұйымдастырылады.
Сонымен қатар ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде өтіп келе жатқан «Рухани қазына-2024» мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалі өтеді. Облысымыздың намысын 4 номинация бойынша «Үздік аудандық мәдениет үйі» номинациясын Т.Рысқұлов ауданы, «Үздік ауылдық мәдениет үйі» номинациясын Шу ауданы, «Аудандық мәдениет үйінің үздік қызметкері» номинациясын Жуалы ауданы, «Ауылдық мәдениет үйінің немесе клубының үздік қызметкері» номинациясын Қордай аудандық мәдениет үйінің қызметкерлері қорғамақ. Жамбылдықтар өткен жылы республикалық фестивальда 2 номинацияға ие болды. Биыл да жүлделі оралатынына сеніміміз мол.Сөз соңында еліміздің, облысымыздың абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп жүрген мәдениет саласының майталмандарын 21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күнімен шын жүректен құттықтап, толағай табыстар тілеймін.
Мөлдір ҚЫЗДАРБЕКОВА,
облыстық халық шығармашылығы
орталығының бөлім басшысы