Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дархан дала дарыны

Дархан дала дарыны
ашық дереккөз
Қазақта «күміс көмей, жезтаңдай» әншілер мен ақындар көп болған десек те «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп өзі жырлағандай, Кененнің орны тым бөлек. Небәрі он үш жасында «Бозторғай» деп әндеткен Кенен өзі де қазақтың бозторғайына айналарын білген жоқ.

ХІХ ғасырдың аяғында дүниеге келіп, ХХ ғасырда ұлттық рухтың ұлы өнерпазы, жырауы әрі ақыны, жыршысы, күйшісі, әншісі және композиторы, шежірешісі бола білген Кененнен қазаққа қалған мұра көп. Бір сөзбен айтқанда, кең даланың бұлбұлы атанып кеткен Кененнің аңызға айналған әңгімесі де көп тұлға екенін жасыра алмаймыз. 

Бүгінгі таңда руханият саласына мол қазына қалдырған ұлы тұлғаларымыздың өмірін, шығармашылығын зерттеу және олардың жолын жалғастырушыларды тәрбиелеу мақсатында мемлекет тарапынан көптеген жұмыс жүзеге асырылуда. Сондықтан да кешегі Кенен сынды ақындар мен әншілердің, жыршылар мен жыраулардың соңына қалдырған мұрасын зерттеу, ұлы өнерімізді ары қарай дамыту мақсатында әр облыстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының филиалдары ашылды. Жақында ғана облысымыздан бұрынғы «Жамбылтану» орталығы айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы болып қайта құрылды. 

Аталған орталықтың директоры Ахметжан Өзбеков Кенен мен Жамбылдың ізін жалғастырушылар енді осы мекемеге шоғырланатынын айтады. Әрі қазіргі сөз ұстаған жас буындар мен кешегі бабалардың мұрасын табыстыратын да осындай өнер орталығы екендігін айтқан А.Өзбеков Кененнің өмірінен сыр шертіп, оның шығармашылығының дамуы мен өмірінің белгілі бір кезеңдеріне тоқталды. 
– Биыл атақты Кенен Әзірбаев атамыздың туғанына 140 жыл толып отыр. Шындығында, Кенен қазаққа ғана емес, көршілес қырғызға да ортақ өнер иесі болды. Әрі дала дарынының жан-жақты өнер иесі болуына әсер еткен тұлғалар да аз болмады. Әсіресе атақты Балуан Шолақты ерекше атап өтуге болады. Алып күш иесі арқа жерінен 1914 жылы Жетісуға келеді. Сонда Балуан Шолақпен жақынырақ танысқан Кенен қасында еріп жүреді. Құр еріп жүрмейді. Балуан Шолақтың 12 әнін өз аузынан естіп, үйреніп, ат үстінде домбыра тартудың және ән айтудың неше түрлі тәсілін үйренеді. Бұл туралы өзі де неше мәрте айтқанын кейінгі зерттеушілер жазып та, айтып та жүр. 

Осы бір кезеңді Кененнің серілік дәуірінің басталған кезі деп айтуға да болады. Алайда Кенен тек қана ойын-күлкі, той-думанда ғана жүрген жоқ. Бойында күрескерлік рух болды. Сондықтан да 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде алдыңғы қатарда жүрген ақындардың бірі ретінде танылды. Қордай жерінде Әли Нұрғожаев бастаған халық көтерілісіне қатысты. Көптеген оқиғаны көзбен көрген Әлидің қасында жүріп, әнімен де, жырымен де көпшілікті күреске үгіттеді. Сол бір қилы кезеңдерде туындаған «Аттаныңдар!», «Қайран елім қайда?», «Бұлбұлға» деген әндері осы сөзімнің дәлелі. Кейін тіпті осы оқиғаға байланысты атақты «Әли батыр» дастанын жазған болатын. 

Кененнің өмір жолы да халықтың тағдырымен бірге өріліп отырды. Кеңес үкіметі орнаған кезде де қазақтың белді зиялыларымен қатар, жалынды революционер-большевиктермен де бірге болды. Әрі қазақ халқын білім алуға, ағартушылыққа шақырды. Әрі қай кезеңде болса да өз шығармасы арқылы сол заманды бейнелеп, үн қосып отырды. Мысалы, Кененнің «Шаңқ етпе», «Жас екпін», «Колхоз әні», «Балдай бол» сияқты туындыларынан біз кеңес заманының көрінісін көре аламыз. Сонымен қатар Кененнің бір артықшылығы – қоғамның қай саласында жүрсе де өз өнері арқылы еңбегін сіңіре білген тұлға. Мәселен, 1937 жылы Кенен Әзірбаев КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданады. Ал 1939 жылы КСРО Композиторлар одағының мүшесі атанады. Сол кезде халық ақындары ішінде екі бірдей одаққа мүше болған адам тек Кенен Әзірбаев болатын. Мұның өзі де Кенен Әзірбаевтың бет-беделінің бір көрінісі болса керек. 
Негізі Кенен тағдырлы адам болды. Бірақ соған қарамастан, тарих жасаған қазақтың күрескер өнер иесі екеніне ешкім күмән келтірмейді. Сондықтан да біздің басты мақсатымыз – ұлы тұлғаларымыздан қалған мұраны өлтірмей сақтап қалу және дәріптеп, кейінгі ұрпақтың бойына сіңіру. Алдағы уақытта Кененнен, Жамбылдан, Ұлбикеден қалған мұраларды түгендейміз деген ниеттеміз. Әрі біздің орталық арнайы қазақтың ұлттық өнері айтысты зерттейтін және оны дәріптейтін мекеме болғандықтан Кенен сынды ақсүйек өнер иелерінің мерейтойлары да атаусыз өтпейді деп ойлаймыз, – дейді Ахметжан Өзбеков. 

Кененнің шығармашылығы мен өнерінің дамуына әсер еткен тағы бір орта – Алатаудың арғы бетіндегі бауырлас қырғыз елі болатын. Өйткені қырғыз-қазақ ежелден тарихы мен тамыры, жүрегі мен бауыры бір ел. Сондықтан да «Құдай қосқан құдамыз, Тәңір қосқан көршіміз» деп, құшағымыз жазылмай сан ғасыр бойы Алатаудың екі қапталын жайлап, төскейде малы, төсекте басы қосылған екі елдің ұрпақтары мен зиялы қауым өкілдері қазірге дейін бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста. Ал екі елдің арасына алтын көпір салған өнерпаздардың ішінде тағы да сол Жамбыл мен Кененнің орны ерекше. Дейтұрғанмен де Кененнің қырғыз еліне баруының өзі бір аңыз. Бұл туралы Кененнің немересі Мұхтар Әзірбаев айтып берді.
– Кенен атамызды қырғыз еліне алғаш рет 17 жасында бауырлас елдің атақты манабы Шәбданның асына қазақтың зиялы ұлы, өнерпаз жігіті Еркебай Базарұлы ертіп барған. Кененді көп жерге ертіп барып, атақты Балуан Шолақпен, Қажымұқанмен, Шашубаймен таныстырған да Еркебай Базарұлы болатын. Ал алғаш рет қырғыз манабының асына келіп, арқаланған ақын Кенен «Көпшілік, тыңда әнімді» деген өлеңін айтып, бүкіл халықты өзінің өнеріне тәнті етеді. Сондай-ақ үлкен жиында қазақтың атақты ақыны Жамбыл Жабаевпен кездесіп, батасын алады.

Сонда алғаш рет қазақтың ұлы жырауы Жамбылды көрген Кенен:

«Кісі екен алпыс жасты алқымдаған,
Салдықтың самалымен салқындаған.
Домбыра ап төңірекке қарағанда,
От болып екі көзі жарқылдаған»,  – деп жырлаған екен. 

 

Жамбыл атамыз да Кененнің әніне, өнеріне тәнті болып, батасын беріп, өзінің беліндегі күмістен құйылған кемер белдігін тарту етіпті. Содан бастап қазақтың екі алыбы 40 жыл бойы үзеңгілес болып өткен, – дейді Кенен ата қорының директоры Мұхтар Бақытұлы. 

Жалпы ұлы адамдардың тағдыры да өзгеше болып келеді. Кенен атамыз да тағдыр тауқыметін аз тартқан жоқ. Өмірдің сан түрлі сынақтарынан өтті. Қазақтың халық ақыны қарапайым қазақтың баласы болып ержетіп, қатардағы халықтың бірі болып өмір сүрген адам. Әкесі Әзірбай Кененді үйлендірмек болып бір байдың қызына құда түседі. Сөйтіп, ел-жұртының жинаған малдарын айдап құдасының алдына барады. Алайда құдасы қалыңмалды азырқанып, қызын беруден айнып қалады. Сонымен не керек, Кенен Үлпілдекті алып қашуға бел буып, бір тойда досы Құрақпаймен бірге алып қашып кетеді. Кейін алып қашудың соңы дауға айналып барып зорға басылады. Бұл бастан кешкен оқиғасын кейін Кенен дастан етіп жырлаған да.Дегенмен Кененнің бұдан кейін де бақытты өмірі бастала қойған жоқ. Тарам-тарам тағдырын тарқата айтсақ, Үлпілдек анамыз келін болып түскеннен кейін Әзірбай әулетіне Талжібек, Зұлухия, Ұлтай есімді үш қыз дүниеге келеді. Алайда тағдырдың жазуымен үшінші қызын дүниеге алып келгеннен кейін Үлпілдек сал ауруына шалдығып, төсек тартып жатып қалады. Ал екінші қызы Зұлухия өнерімен көзге түсіп келе жатқан шағында көз тиіп, қайтыс болады. 
Осындай ауыртпалықтарды көрген Кенен жасымайды. Тағдырдың жазуымен екінші рет тағы да бас құрап, 16 жасар Нәсихаға үйленеді. Бұл туралы Нәсиха апамыз өзінің бір естелігінде:«Ел ішінде әнші, ақын атағы баяғыда тарап кеткен адамның жылы назарына іліккеніме өзімді шексіз бақытты санадым. Сонымен не керек, сөз байласып, үйлендік. Бірінші әйелі Үлпілдек ауру екен. Құдды енемдей болды. Одан туған қыз Талжібек мен келгенде 13-14 жаста екен. Талжібек қайынсіңлімдей, 2-3 жасар Ұлтай тұңғышымдай болып кетті. Үлпілдекпен 2-3 жылдай тату-тәтті өмір сүрдік. Батасын беріп, ризашылықпен қыздарын маған тапсырып жатып көз жұмды. Екі қызды да өзім өсірдім. Екеуін де өз қолымнан ұзаттым», – деп жазып қалдырған екен. 

Арада уақыт өтіп, Кенен ұлды болады. Атын Болысбек деп қояды. Бірақ ұлы әншінің қуанышы ұзаққа бармайды. Небәрі сегіз күннен кейін сәбиі шетінеп кетеді. Одан кейін бірер жыл өткен соң Нәсиха тағы да ұл табады. Есімін ырымдап Тұрсын қояды. Алайда Тұрсын да көп ұзамай екі жасқа толар шағында өмірден озады. Одан кейін бір ұлы дүниеге келіп, атын Базар қояды. Одан араға екі жыл салып Назар деген ұлы дүиеге келеді. Осы кезде Кенен өзі басшылық қызметте отырған ревком төрағалығынан арыз жазушылардың көптігінен босатылады. Бұл 1928 жылы болатын. Дәл сол жылы Базар 3 жасында, Назар бір жарым жасында, екеуі бірінен соң бірі бір-ақ күнде қайтыс болады.

Сонда қайғыдан қабырғасы қайысқан Кенен «Базарым-ай, Назарым-ай» деп егіліп жылаған.Сондағы:
«Ақ ешкі, зарланасың лағыңа,
Сүт берген емшегіңнен шырағыңа,
Қосылып, кел екеуміз бір жылалық,
Тәңірінің жетер ме екен құлағына.
Туғаның сорлы ақ ешкі егіз лақ,
Біреуі өлгенінің салпаң құлақ.
Бишара көп зарламай отыңды отта,
Бізге де болып қалар бірер тұяқ.
Жолымен Мәтібұлақ ел көшеді,
Ұрысса екі ағайын «сен» деседі.
Баласы ер жігіттің өле берсе,
Шырағы жанып тұрған демде өшеді», деген зарлы өлеңі айтылғанда әлі күнге дейін қазақ даласын күңірентіп жіберетіні сондықтан. 

Базар, Назардың қайғысы Кененнің шаңырағын ғана емес, күллі халықтың қабырғасын қайыстырған оқиға болды. 
1933 жылы Нәсиха анамыз қыз туады. Атын Қырғызбала қояды. Ең өкініштісі, Қырғызбала да небәрі 7 ай ғана өмір сүреді. 
1936 жылы Кененнің үйінде тағы бір қуаныш болады. Бұл қуаныштың иесі қыз бала болғандықтан есімін ырымдап 70, 80, 90 жасқа келген үлкен кісілердің аяқтарының арасынан өткізіп алады. Әрі атын Төрткемпірбіршал деп қояды. Онысы солардай ұзақ жасасын, көз тимесін дегені. 

Міне, осылайша талай тағдырдан кейін Кененнің шаңырағына қуаныш кіргізген Төрткемпірбіршал кейін өзінің атына сыныптастары күлетінін айтқасын Төрткен деп өзгертеді. Яғни өзінің есімінің алдыңғы «төрт» дегенін, әкесі Кененнің «кен» деген бөлшегін алып атын Төрткен деп өзгертеді.«Алла Тағала өзі беріп, өзі алады» дегендей, бір қызығы, Кенен Әзірбаев 65 жасында, әйелі 43-ке келгенде отбасында Ақтамақ деген қыз дүниеге келеді. Одан 1951 жылы Кенен 68 жаста болғанда, әйелі 46 жасында тағы бір қыз туады. Атын Ақбілек деп қояды. Осылайша Кененнің тағдыры ел ішінде қызығы мен зары көп аңызға айналып кетеді. Қазақ енді ешқашан таңдайына ұя салған Кенендей ән бұлбұлын асқақтатпаса, әрине, аласартпайтыны анық.

Шапағат ӘБДІР

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар